10 Сәуір, 2014

Сиырды робот сауады

570 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Шығыс – елімізде сүт өндіруден көш бас­тап отырған өңір. Кейінгі жылдары сүт өндірудің инновациялық технология­сы аймақта кеңінен енгізіле бастады. Осыдан екі жыл бұрын Глубокое ауданының Бобровка ауылында іске қосылған ро­боттандырылған сүт сауу аппараты енді өзге шаруашылықтарға да шет емес. Жуырда Бородулиха ауданындағы «Е.Зәйтенов» шаруа қожалығының базасында толық ав­томаттандырылған мал шаруашылығы ке­шенінің ашылуына куә болдық.

DSC_2630 DSC_2639

Бұл шаруа қожалығы сиырды робот ар­қы­лы сауатын осы өңірдегі екінші шаруа­шылық. Елімізде жаңа тех­нологияны бірінші рет енгізген Шығыс Қа­зақстан облысы ин­но­вациялық сауу ап­паратының саны жағынан да көш бастауда. Автоматтандырылған кешен мал шаруашылығындағы кірісті арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Сәйкесінше, ондағы шығын көлемі айтарлықтай азаяды. Мәселен, ро­боттардың көмегімен әр сиырдан жылына 4,5 мыңнан 6,5 мың литрге дейін сүт алынбақ. Шаруашылық жетекшісі Ер­лан Зәйте­новтің айтуынша, авто­мат­­­тандырылған фер­мада 30 сиыр сауылады. Алдағы уақытта же­лі­ні жер сызған ірі қара санын арт­тыру көзделіп отыр. Өйткені, ав­то­маттандырылған кешенде іске қо­сылған төрт аппараттың қуаты 240 сиырды саууға еркін жетеді. «Deleval» атты шведтік нави­га­циялы-жылжымалы техно­ло­гияның жұмыс істеу барысымен таныса келе, ферма қызметінің за­манауи бағытта құрылғанын байқадық. Біріншіден, жабық ке­шеннің іші өте кең әрі жарық. Екін­шіден, сүтті сиырларға жем-шөп сүрлемі мөлшерімен уақы­тында беріледі. Үшіншіден, мал­дың астындағы қалдықтар жыл­жымалы технология бойынша сыртқа шығарылып тұрады. Төр­тіншіден, малдың қиы арнайы сүзгіден өткен соң тыңайтқыш ретінде егістік алқаптарына жө­нел­тіледі. Бесіншіден, әр ірі қараға чип тағылған. Сауу уақыты келгенде чип арқылы компьютерлік ор­та­лыққа дабыл беріліп, желі­­ні сыздаған сиыр аппарат жанын­дағы қоршауға кіргізіледі. Ал­тын­шыдан, желінге сауу аппараты лазерлі автомат арқылы кигізіледі де, сауу жұмысы басталады. – Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан На­зар­баев ауыл шаруа­шы­лығы нысандарының заманауи жаңа технологиялармен жаб­дық­талуы жөнінде нақты тапсырма­лар жүктеген болатын. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін арт­тыруға мүмкіндік береді. Елі­міз­ді азық-түлікпен отандық кәсіп­керлердің өздері қамтамасыз етуі­не жол ашылуы тиіс. 300 мил­­лион теңгеге жуық қаржы жұм­­салған автоматтандырылған кешен алдағы уақытта бюджет қазынасын толтыруға да үлес қо­сады, – деді өңір басшысы Бер­дібек Сапарбаев. Шаруа қожалығының аудан орталығында «Темірлан» атты өз дүкені бар. Дүкенде тұр­ғындар ауыл шаруашылығы өнімдерін көңілге қонымды бағамен сатып алады. Мысалы, 30 пайыз май­лылықтағы қай­мақ­тың жарты килосы – 270, 2,5 пайыз­дық пастер­ленген сүттің литрі – 120, 82 пайыз­дық сары майдың килосы – 1000, сиыр етінің килосы – 1000, балдың килосы – 800, бірінші сұрыптағы нан 45 теңгеден то­лып тұр. Сондай-ақ, «Е.Зәйтенов» шаруа қожа­лығы 100 миллион теңге көлеміндегі же­ке қар­жысы есебінен Семей қаласында әлеу­мет­тік жағынан аз қамтылған от­ба­сыларға арнал­ған азық-түлік дүкені құрылысын жүргізбек. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Бородулиха ауданы.