Бұл фильмнің сценарийін танымал актер Нұрлан Санжар жазған. Туынды кейіпкерлері шекарадан еш қиындықсыз өтіп, оларды Байқоңырдың маңындағы бір ауылға жіберіледі. Үйдің иесі Сапарқұл күзетші болып жұмысқа орналасса, әйелі мен қызы жергілікті асханада ыдыс жуады. Базарбай қария туған жерінің топырағына табаны тигесін, көп ұзамай дүние салады.
Жалпы, мұндағы айтар ой, мазмұн астармен берілген. Фильм оқиғасы да көрерменді жылы ағысты толқын секілді шым-шымдап тарап, жіпсіз байлап тастайды. Аласапыран уақытта туған жерінен ажыраған ақсақалдың «ұрпағымды атажұртыма апарам» деп, жолында түрлі кедергілер кездессе де, алған бетінен қайтпаған қайсарлығына таңғаласыз. Осы қартты сомдаған актер, марқұм Есім Сегізбаевтың шеберлігі тәнті етеді. Нағыз қазақ қариясының болмысын дәл берген. Қазақстанға келгеннен кейін де Сапарқұлдың көрген қиындығы аз емес. Жергілікті әкімқаралардың жалған уәделері оны сан шаршатса да мойымайды.
Ер мінезінен өзгермей, барлығын сабырмен көтереді.
Кино режиссері Сәбит Құрманбеков фильм оқиғасына Ауғанстаннан келген ағайынды әдейі таңдап алғанын айтады.
«Қытай, Моңғолия және тағы басқа көрші елдерден қоныс аударған ағайынның бәрі бізге жақын қоғамдық жүйеде өмір сүрді. Оларға біздің ортаға бейімделу жеңілірек тиді. Ал Ауғанстан мен Ираннан келген бауырлардың көзқарасы да, өмірлік ұстанымы да, тәрбиесі де басқа. Өзге әлемнен келгендей әсер қалдырады. Сондықтан бас кейіпкерге Ауғанстаннан келген бауырларды таңдадым. Бұған түрткі болған бір оқиға болды. Бір жылдары «Азаттық» радиосының жігіттерімен жақын араластым. Сонда Уәли командир деген азаматпен таныстым. Өзі қазақ. Ауғанстаннан келген. Сол жақта тұрғанда 15 жасынан қолына қару ұстап, Кеңес жауынгерлерімен, талибтермен соғысқан. Сол кісімен жолығып, ұзақ әңгімелестім. Фильмде бас кейіпкердің: «Мен он жасымнан соғысып келемін. Қанды қырғынның не екенін жақсы білемін» дейтін сөзі бар. Сапарқұл атажұртқа келгенде, қоныс тепкен кішкене ауылдың әкімі де кезінде Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген. Сол Сапарқұлға: «Біз бір-бірімізбен соғысып жүріппіз ғой» деп айтатыны бар», − дейді ол кісі.
Режиссердің айтуынша, фильм Тәжікстан мен Алматы облысында түсірілген. «Алғашында бас кейіпкерге батыр тұлғалы жігітті ойнатамын ба деп ойладым. Содан ол ойдан айнып, талантты актер Дулыға Ақмолдаға тоқтадым. Ал оның зайыбын Баян Қажнабиева ойнады. Баянның түрі қазақ қыздарына ұқсамайды. Парсы әйелдеріне келеді. Сапарқұл – азаншы, бірақ ол молда емес. Бұрын дауысы әуезді, жағымды адамдар азан айтатын болған. Азаншы жамағатты құлшылыққа ояту үшін намазға шақырады. Бірақ фильмде, негізге дінді алған жоқпын. Өзім дінді өте сыйлаймын. Дін арқылы ұмыт қалған ғұрыптармен қайта қауыштық. Біз де жетпіс жылдан аса кеңес идеологиясының құрсауында болдық. Біздің де осы аралықта ұлттық құндылықтарымызда жоғалтып алған тұстарымызды толтыруға алыстан келген ағайындар үлес қосты» дейді С.Құрманбек.
Киноның жүгін көтеріп тұрған бас кейіпкер – Сапарқұл. Оның мұңды жүзінен жан дүниесінің тазалығын, ар-ұятын, рухани қуаты молдығын көресіз. Бұл рөлді белгілі актер Дулыға Ақмолда сомдады.Тіпті осы бейнесі үшін оған Татарстанда өткен XIII халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесі берілді. Актер бір сұхбатында: «Фильмде әкеміздің арманы елге жету болды. Түбінде соған жетеді. Отбасын атамекеніне әкеледі де, келе салып қайтыс болады. Сонда Сапарқұлдың әйелінің айтатын жері бар: «Қайтайықшы елімізге, жұмақ дегенің осы ма?»» десе, оған күйеуі: «Жоқ, мен әкеме сөз бердім, бұл туған жеріміз, кіндігіміз осы жерге байлануы керек» дейді. Осы бір ауыз сөздің күші адамды толқытып жібереді», −дейді ол.
Ал Сапарқұлдың әйелі Зейнепті ойнаған талантты актриса Баян Қажнабиева осы рөл өзіне ерекше ұнағанын айтты.
«Шынында да, бұл рөл маған қатты ұнады. Ол қайын атасы мен күйеуінің соңынан еріп, басқа елге келеді. Оның бірнеше баласы болған, бірақ Ауғанстанда үйіне снаряд оғы түсіп, жалғыз қызы ғана аман қалған. Оның өзі мылқау. Осындай қиындықты көрсе де сабырлығын жоғалтпайды. Өте ақылды. Бәріне төзеді. Фильмде сөзі аз болғанымен, кадрда көп жүреді. Сондықтан оның өзі сөйлемесе де көзі сөйлеп тұрады. Мен үшін осы рөлдің салмағы ауыр болды. Жалпы, актерге кейіпкерінің бейнесі күрделі болған сайын қызықты болады. Сол үшін де осы рөлді жаныма жақын көремін», дейді ол. Сондай-ақ фильмдегі Ержан Түсіпов, Шынар Асқарова ойнаған рөлдер де шынайылығымен баурады.
Аталған туынды жарыққа шыққаннан бері елімізде және шет мемлекеттерде өткен бірқатар кинофестивальде топ жарды. Мәселен, 2017 жылы XIII халықаралық Еуразия кинофестивалінің Гран-приін иеленсе, дәл сол жылы Италияда өткен ХХ Халықаралық Religion Today («Бүгінгі дін») кинофестивалінде «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталды. Қысқасы, «Оралман» фильмін – қазақ киносының олжасы дейміз.