Қазақстан теннис федерациясының мәліметі бойынша Е.Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 224-орында тұрған, жарысқа арнайы шақыртумен қатысып жатқан германиялық Настасья-Мариана Шункпен шеберлік байқасты. Қарсыластар бұған дейін кездеспеген. Өткен аптада елордада Қазақстан-Германия матчында Лаура Зигемунд пен Анжелика Керберді ұтқан Елена бұл жолы да неміс қызын қапы қалдырды. Бірінші партияда 19 жастағы теннисші 4:2 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді. Тай-брейкте Е.Рыбакина басымдық танытты – 7:6 (7:3). Екінші сетті Елена брейкпен бастады – 2:0. Алайда матчқа доп бергенде, Шунк брейк жасап кетті – 5:5. Дегенмен Рыбакина сол бойда қайтадан брейкке қол жеткізді – 6:5. Соңғы геймде отандасымыз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 7:5.
Е.Рыбакина жүлде қоры 703 580 АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына өту үшін әлемнің 3-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосаға қарсы кортқа шығады.