Парламент • 21 Сәуір, 2022

Сенат түркітілдес елдермен ынтымақтастыққа қатысты құжатты қабылдады

280 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенаттың жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен Түркі академиясы арасындағы Түркі академиясын орналастырудың шарттары мен тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенат түркітілдес елдермен ынтымақтастыққа қатысты құжатты қабылдады

Академияның басты мақсаты – түркі тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін сақтауға, дамытуға және танымал етуге бағытталған түркология саласындағы зерттеулерді үйлестіру. Қазіргі таңда академияға мүшелікке Қазақстаннан басқа Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдері еніп отыр.

«Академияның штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқанына байланысты келісімнің мақсаты - елімізге жұмыс істеу кезеңіндегі Түркі академиясының мәртебесін, оның артықшылықтары мен иммунитеттерін айқындау», деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, академияда 17 адам жұмыс істейді. Оның ішінде екеуі шетел азаматы. «Келісім күшіне енгеннен кейін академияның жергілікті және шетелдік қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінде аккредиттеуден өтуі тиіс болады. Шетел қызметкерлері үшін бұл олардың ел аумағында болуына негіз болып саналады.

Академия ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, кітаптар мен журналдар шығарумен айналысады, түркі елдерінің атақты ғалымдарына халықаралық форумдар мен конференциялар өткізуде, түркология бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуде, академия үлкен белсенділік танытып келеді. Түркітілдес мемлекеттер ұйымына қатысушы елдермен ынтымақтастықты нығайтудың және Қазақстанның түркі әлеміндегі рөлін арттырудың маңыздылығын назарға ала отырып, аталған заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын», деді А. Аймағамбетов.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар құжатты қабылдау туралы шешім қабылдады.