10 Сәуір, 2014

Марғасқа Мұстафа

415 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Мұстафа ӨзтүрікМұстафа Өзтүрік! Бұл есімді газет оқырмандарына таныстырып жатудың өзі артық. Себебі, оның аты еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдардан қазақ жұртымен бірге атала бастады. Сол аты аңызға айналған атпал азаматтың қапияда бақилыққа айна­лып кеткеніне де жиырма жылға жуықтап қалып­ты. Ал Мұстафа тірі тұрғанында, биылғы күзде алпыс деген асқаралы жастың асуынан аттаған болар еді. Сонау 1995 жылдың көктемінде, Наурыз мерекесіне тура бір апта уақыт қалған кезде күллі қазақ жұртының жүрегін қатты шымылдатып жіберген қайғылы хабар жер-әлемді шарлап кете барды. Наурыздың 15-і күні жалпақ жаһанға теңдесі жоқ тарлан қазақ ретінде танылған, баба халқымыздың бағы мен намысының нары атанған тұлға – Мұстафа Өзтүрік түсініксіз жағдайда өмірден көшіп жүре берді. Алаш жұрты таэквондодан әлемнің алты дүркін чемпионынан, спорттың осы түрінің ең жоғары жетінші данының иегерінен, аталмыш жекпе-жектің түрік және қазақ жерлеріне дәнін егушіден осылайша күтпеген сәтте айырылып қалды. Мұстафа Қазақстан тәуелсіздік алғанда сырт жақтағы ерекше қуанған қандастарымыздың бірі болды. Жәй қуанып қана қоя салған жоқ,  алғашқы елең-алаң кезден елімізге келіп, оның әлем алдындағы беделі мен бағасы өсуіне бір кісідей атсалысты. Осында өзінің атында мектеп ашып, таэквондодан кейін халықаралық жарыс­тарда атой салатын талай шәкіртті тәрбиелеуге бел шеше кірісіп кетті. Айбынды азаматтың осылай «қазақ» дегенде өзегін суырып беруге бар екенін айғақтайтын деректер жеткілікті. Соның бірін Мұстафа өзі Түркияда жүргенде түскен көркем фильмнің кезінде күлтілсіз көрсетеді. Картинада мынадай бір эпизод бар. Өзімен прототип іспеттес Мұстафа деген таэквондошы жігіттің образын сомдаған ол бір топ қарақшымен шайқас кезінде жалғыз өзінің көпке төтеп бере алмасын сезгесін, құр босқа шейіт болып кетпеуді ойлап, қараңғы бір қуысқа тығылып қалады. Оны әрі-бері іздеп таппаған жендеттер басшысы сосын: «Шын Мұстафа болсаң, шық!», – дейді. Мұстафа селт етпейді. Жендеттер тағы: «Жігіт болсаң, шық бері!», – деп айқайлайды. Мұстафада үн жоқ. Бір кезде төзімі түгесілген бандит: «Ей, Мұстафа, қазақ болсаң, шық бермен!», – деп қайыра дауыс қосады. Сол кезде «қазақ» деген нәсілді бәрінен жоғары қоятын Мұстафа бір өзі жасанған жауға қарсы атып шығады. Лентаның сценарий нұсқасына тап осы көріністерді өз қолымен кіргіздірген Мұстафа осылай өзінің қазақ үшін нендей ерлік пен қорлыққа да баруға сақадай сай екенін айғақтап береді. Ал Алаштың айтулы ұлы, арыстай азаматы атанған Мұстафа Өзтүрік жәйдан-жай, тектен-тек бұлай бола салған жоқ-тын. Оның ата-бабасы бір замандарда Тарбағатай тауларының бойын жайлаған қалың елдің өкілдері еді. Осында сүйегі найман ішіндегі қаракерей тайпасынан шыққан оның әкесі Қабен (Қабыл) Төлеубайұлы ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, жауырыны жер иіскемеген атақты палуан болыпты. Анасы Рәзияның айтуынша, оның бала кезінде ел ішінде байларды кәмпескелеу науқаны басталып кетеді де, бір әулет бір түннің ішінде тұтасымен үдере көшіп, таудан асып, Ұласты өзенін бойлай отырып, Шың еліне өтіп кетіпті. Бірақ арада жиырма шақты жыл өткенде, Қытай елінде де қызылдар қырғын салған сүрең басталып, байжігіттің бір тармағы 50-жылдардың басында Түркияға барып, тұрақтауға тоқтам жасайды. Осы жолда бұрын адам табаны баспаған атақты Такламакан шөлін көктей өтіп, Үндістан шекарасына жетеді. Жолдағы қырғын соғыстар мен аурудан аман қалған азын-аулақ топ күндердің күнінде Пәкістан арқылы жүре келіп, Түркия жеріне барып табан тірейді. Қалың топтан қалған жұрнақ жұрт осылай Кайсери қаласының түбінен пана табады. Жергілікті түріктердің бірден ықыласына бөленген олар көп ұзамай жағдайларын түзей бас­тайды. Осында топқа түсіп, палуандығын танытқан Қабенді қардаштар бірден бауырларына тартып, өзіміздің адам екен деген ишарамен «Өзтүрік» атандырады. Сөйтіп, бұл отбасы мүшелері осы атауды өздеріне тек етіп алады. Сондықтан да, 1954 жылдың күзінде осында өмірге келген Мұстафа бірден Өзтүрік атанады. Жасынан зерек те ширақ болып өскен ол 16 жасында Ыстамбұл қаласында мектеп бітіріп шығады. Содан кейін арнайы жолдама алған 20 қазақ баласының қатарында Тайваньға оқуға аттанады. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінен талантты балаларды жинап, оқытқалы жатқан эксперименталды оқу орны екен. Оған ақысыз және емтихансыз қабылданған Мұстафа бес жылда халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін бітіріп шығады. Тайпейдегі оқу ордасы түрік жерінен келген қазақ оғланына білім нәрін егумен бірге, оның келешектегі өмір жолын да бірден жаңа арнаға тү­­­­сіріп жібереді. Бұл білім мекенінің бір ерекшелігі, онда оқитын әрбір жас оқумен қатар, міндетті түрде тағы бір кәсіпті меңгеріп шығуы керек екен. Біздің Мұстафа соның ішінде корей жұртының әлі әлемге кеңінен танылып үлгермеген жекпе-жек күрес өнері – таэквондоға бас бұрады. Оған ден қойғанына көп болмай жатып-ақ талантты жас әлем чемпионы да атанып үлгереді. Осында жүріп ол алтыншы данға дейін көтерілді. Тағы бірнеше рет жаһанның жұлдызы тұғырын жайлады. Кейінірек жетінші данға да қол жеткізді. Қазіргі әлемде шығыс жекпе-жек күресі бойынша бірнеше фильмнің бас кейіпкері ретінде көрінген атақты Брюс Лиді білмейтін көрермен кемде-кем. Оның да бұл ілімді Тайваньда алғаны мәлім. Содан хабардар әр оқырман Мұстафаның осы даңқты спортшы-актермен таныстық танымы мен қарым-қатынастары туралы білмекке құмартып тұратыны да анық. Біздің бұған бірден айтарымыз: олар бір-бірлерімен өте жақсы таныс болған. Тіпті, екеуі бір спорт залында, бір мезгілде, бір ұстаздың қол астында жаттыққан. Алайда, Мұстафа кезінде өзіне осындай сұрақтар қойылған кезде, бір ауық уақыт үндемей қалады екен. Оған сол шамада Брюстің өмірде жоқ екені әсер етсе керек. «Иә, көрдім, – дейді екен сонда Мұстафа көзін аздап мұң шалып. – Көрмек түгілі, екеуміз бір сансейден тәрбие алып, бір мектепке баратынбыз. Оқуыммен қатар, кунг-фу жаттығуына қатыстым. Брюспен сонда таныс­тым. Мектепте, әрине, оны он орап алатын шеберлер бар еді. Бірақ актерлікке келгенде бәрі де Брюстен аса алмады». Енді бұған қосатынымыз: сол атақты Брюс Ли өле-өлгенінше төртінші данмен кеткен еді. Ал Мұстафада, жоғарыда айтқанымыздай, жетінші – ең соңғы дан болды. Жалпы, талант дегеннің өзі сан қырлы болады ғой. Сондай дарынның даңғылы іспеттес Мұстафа өте сауатты, өресі биік, талғамы жоғары азамат болған. Соның арқасында, ана тілін қоспағанда, әлемнің алты бірдей тілінде еркін сөйлеген. Сонымен қатар, туған халқының дәстүрі мен салтын, мәдениеті мен дінін аса қатты құрметтеген. Мұстафа Тайваньнан кейін алдымен Түр­кияда, сосын Германияда тұрақтап, өзінің атында мектептер ашты. Кейін осы үрдісті қасиетті Қазақ жеріне де әкелді. Ата-баба жерін қатты қастерлеген абзал азамат 1992 жылы түп тамыры жатқан Тарбағатай аумағына анасын, енесін, әйелі мен ұлын алып, ұшып келді. Бұл сол заман үшін үлкен жаңалық еді. Марғасқа Мұстафа сол арқылы өзінің бабалар жұртымен бірге жаратылғанын паш етіп қайтты. Осындай атадан асып туған арда ұлын туған елі деп әрдайым мақтан етіп отырады. Соның айғағы, республикадағы спорт сүйер қауым Мұстафаның жасы алпысқа толатын шақты атап өтуді бастап кетті. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».