Оқиға • 21 Сәуір, 2022

Қостанай облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

168 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай-Әулиекөл-Сұрған тас жолындағы қайғылы оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

Жол апаты туралы ақпаратты Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков Facebook желісіндегі парақшасына жариялады.

20 сәуір күні сағат 22:25-те Әулиекөл ауданының полиция бөліміне Қостанай-Әулиекөл-Сұрған автожолының 72-шақырымында көлік апаты болғаны туралы хабарлама түскен.

Ресейлік тіркеудегі «Тойота Эстима» көлігін тізгіндеген жітіқаралық 26 жастағы жүргізуші елордаға бағыт алған. Кенет ол рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетінде келе жатқан «КамАЗ»-дың тіркемесіне соғылған. Жүк көлігінің рөлінде Қостанай қаласының 28 жастағы тұрғыны болған. Апат салдарынан «Тойота Эстима» жүргізушісі және екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Жеңіл көліктің тағы бір жолаушысы ауыр жараланып, Әулиекөл ауданы ауруханасына жеткізілді. Қазір жан сақтау бөлімінде жатыр.

«Жол апаты болған жерге бардым. Қазіргі уақытта «Абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ЖҚЕ бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында апаттың себептерін анықтап жатырмыз. Апат себептерін анықтау үшін барлық қажетті сараптама тағайындалды»,  деп жазды Ерлан Омарбеков.