Қазақстан • 22 Сәуір, 2022

Ұлттық құрылтай – қоғамдық үнқатысудың жаңа моделі

1019 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында Ұлттық құрылтайдың рөлі мен маңызына арналған Sarap эксперттік клубының отырысы өтті.

Ұлттық құрылтай – қоғамдық үнқатысудың жаңа моделі

Отырысқа қатысқан Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары, саясаттанушылар мен сарап­шылар Ұлттық құрылтайдың ерек­шелігі мен маңызына тоқта­лып, өз пікірлерін ортаға салды.

Мемлекет басшысы халыққа Жол­дауында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табыс­ты атқарғанын айтып, оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсын­ғаны белгілі.

Жиын модераторы – Қазақ­стандық қоғамдық даму инсти­тутының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов жаңа инсти­туттың рөлі мен міндеттері ерек­ше екенін және Жаңа Қазақ­стан­ды құруда тарихи маңызға ие деп атап өтті.

Жаңадан жасақталып жат­қан ұйым­ның маңызы мен қажеттілігі, бағыты туралы Мә­жіліс депутаты, Ұлттық қо­ғам­­дық сенім кеңесінің мүшесі Еділ Жаң­быршин айтып берді.

«Қоғамда үлкен трансформация жүріп жатыр. Қаңтар оқиғасынан кейін халық еліміздің дамуын сұрап отыр. Қаңтар оқиғасында алаңға шыққан жан­дар қоғамда қордаланған саяси, әлеу­ме­ттік-экономикалық мәсе­лелердің ба­рын айтты. Ха­лықтың үні билікке жете бер­мейді, билік халықтың бар­лық мәсе­лесін шеше бермейді. Сондықтан тығы­рық­қа тірелдік. Құрылтайды құрмас бұрын оның мақсаты, өзге құры­лым­дар­дан айырмашылығы, міндеттері, саны мен са­пасы қандай деген сұрақтарға жауап беріп, күн тәртібіне шығатын мәсе­ле­лер мен қай уақытта өтетінін анық­тап алуы­мыз керек. Мақсаты – Қазақ­стан хал­қын алаңдататын мәселе­лерді тал­қылап, соларды шешуі керек деп ой­лаймын. Мәселен, партия арнайы бір топ­тың мүддесін қорғайды, мақсаты – би­­лікке келу. Ал құрылтай ел ішінде қор­да­ланып, сіңірі шыққан мәселелерді көтеруге итермелейді», деді Мәжіліс депутаты.

Ұлттық құрылтай құрамы туралы Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров та сөз алды. «Ең негізгі мәселе – геосаяси ахуалдың мем­лекеттердің ішкі мәселесіне әсер етіп жатқанын көріп отырмыз. Дүние жүзінде құндылықтар қақ­тығысы болып жатыр. Ұлттық құрыл­тай сыртқы оқиғалардың еліміз­дегі ахуалға әсерін азайтып, әртүрлі саяси көзқарастағы жан­дардың басын қосу­ды көздеуі керек. Біздің ұстаны­мы­мыз, кейбір мәсе­леге қатысты пікірі­міз бас­қа­ша болғанымен, ортақ құн­ды­лы­ғымыз – Қазақстанның тәуел­сіздігін сақтап қалуда бірі­гуіміз керек. Ең алды­мен, әлеу­меттік әділетсіздік, эконо­ми­ка­дағы монополия секілді өзекті мәсе­лелерді шешіп алмай, қоғамды тұтастай біріктіру мүмкін емес», деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Е.Саиров.

Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек Ұлттық құрылтайдың елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптастыруда маңызды рөл ойнайтынын атап өтті. «Жаңа Қазақстанды жаңа қағидаттар мен жаңа жұмыс форматтарынан бастау керек. Ұлттық құрыл­тай институтын құру барлық ұлт­тық жоба мен стратегия­лық құжаттарды ашық талқылау­ды қамтамасыз етуге мүмкін­дік береді. Бұл – мемлекет пен жұртшылықтың ел дамуының неғұрлым тиімді моделін әзірлеу бойынша ортақ жұмысы», деп атап өтті С.Нұрбек.

Ұлттық сенім кеңесінің мүше­сі, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы хатшы­лығы меңгерушісінің орынбасары Индира Рыстина халық пен биліктің арасында диалог орнататын институттар туралы мәселе көтерді. «Қоғам мен халық арасында өздерін мемлекеттің азаматы ретінде емес, мемлекеттік қызметті тұтынушы ретінде қарап отырғандар бар. Бұл екі ұғым­ның айырмашылығы бар. Азамат мемлекеттің дамуы үшін өз үлесін қосуға тырысса, тұтынушы мемлекет маған не береді деген оймен өмір сүреді. Осы өтпелі кезеңде ашық диалог орнатуға тырысатын демократиялық институттардың маңызы зор. Ұлттық сенім кеңесі, Ұлттық құрылтай секілді қоғамдық кеңестер осы рөлді атқарады», деді ол.

Сарапшылар Ұлттық құ­рыл­тай қоғамдық диа­логтың бірың­ғай моделін қалып­тасты­рып, билік пен халық арасын байланыстырушы көпірге айналуға тиіс, сондай-ақ ол жалпыұлттық диалогтың шекарасын кеңейтеді деген пікір білдірді.