Отырысқа қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаттары, саясаттанушылар мен сарапшылар Ұлттық құрылтайдың ерекшелігі мен маңызына тоқталып, өз пікірлерін ортаға салды.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарғанын айтып, оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынғаны белгілі.
Жиын модераторы – Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов жаңа институттың рөлі мен міндеттері ерекше екенін және Жаңа Қазақстанды құруда тарихи маңызға ие деп атап өтті.
Жаңадан жасақталып жатқан ұйымның маңызы мен қажеттілігі, бағыты туралы Мәжіліс депутаты, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Еділ Жаңбыршин айтып берді.
«Қоғамда үлкен трансформация жүріп жатыр. Қаңтар оқиғасынан кейін халық еліміздің дамуын сұрап отыр. Қаңтар оқиғасында алаңға шыққан жандар қоғамда қордаланған саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің барын айтты. Халықтың үні билікке жете бермейді, билік халықтың барлық мәселесін шеше бермейді. Сондықтан тығырыққа тірелдік. Құрылтайды құрмас бұрын оның мақсаты, өзге құрылымдардан айырмашылығы, міндеттері, саны мен сапасы қандай деген сұрақтарға жауап беріп, күн тәртібіне шығатын мәселелер мен қай уақытта өтетінін анықтап алуымыз керек. Мақсаты – Қазақстан халқын алаңдататын мәселелерді талқылап, соларды шешуі керек деп ойлаймын. Мәселен, партия арнайы бір топтың мүддесін қорғайды, мақсаты – билікке келу. Ал құрылтай ел ішінде қордаланып, сіңірі шыққан мәселелерді көтеруге итермелейді», деді Мәжіліс депутаты.
Ұлттық құрылтай құрамы туралы Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров та сөз алды. «Ең негізгі мәселе – геосаяси ахуалдың мемлекеттердің ішкі мәселесіне әсер етіп жатқанын көріп отырмыз. Дүние жүзінде құндылықтар қақтығысы болып жатыр. Ұлттық құрылтай сыртқы оқиғалардың еліміздегі ахуалға әсерін азайтып, әртүрлі саяси көзқарастағы жандардың басын қосуды көздеуі керек. Біздің ұстанымымыз, кейбір мәселеге қатысты пікіріміз басқаша болғанымен, ортақ құндылығымыз – Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалуда бірігуіміз керек. Ең алдымен, әлеуметтік әділетсіздік, экономикадағы монополия секілді өзекті мәселелерді шешіп алмай, қоғамды тұтастай біріктіру мүмкін емес», деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Е.Саиров.
Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек Ұлттық құрылтайдың елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптастыруда маңызды рөл ойнайтынын атап өтті. «Жаңа Қазақстанды жаңа қағидаттар мен жаңа жұмыс форматтарынан бастау керек. Ұлттық құрылтай институтын құру барлық ұлттық жоба мен стратегиялық құжаттарды ашық талқылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – мемлекет пен жұртшылықтың ел дамуының неғұрлым тиімді моделін әзірлеу бойынша ортақ жұмысы», деп атап өтті С.Нұрбек.
Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Индира Рыстина халық пен биліктің арасында диалог орнататын институттар туралы мәселе көтерді. «Қоғам мен халық арасында өздерін мемлекеттің азаматы ретінде емес, мемлекеттік қызметті тұтынушы ретінде қарап отырғандар бар. Бұл екі ұғымның айырмашылығы бар. Азамат мемлекеттің дамуы үшін өз үлесін қосуға тырысса, тұтынушы мемлекет маған не береді деген оймен өмір сүреді. Осы өтпелі кезеңде ашық диалог орнатуға тырысатын демократиялық институттардың маңызы зор. Ұлттық сенім кеңесі, Ұлттық құрылтай секілді қоғамдық кеңестер осы рөлді атқарады», деді ол.
Сарапшылар Ұлттық құрылтай қоғамдық диалогтың бірыңғай моделін қалыптастырып, билік пен халық арасын байланыстырушы көпірге айналуға тиіс, сондай-ақ ол жалпыұлттық диалогтың шекарасын кеңейтеді деген пікір білдірді.