Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, Pisa зерттеуі 15 жастағы оқушылардың оқу, математика және жаратылыстану ғылымын білу деңгейі бойынша сауатын бағалайды. Осылардың біреуі әр 3 жыл сайын негізгі бағыт саналады. Яғни берілетін сұрақтардың жартысына жуығы белгілі бір бағытқа арналады. PISA-2018-де оқу сауаттылығы басым бағыт ретінде есептелді. PISA тесті оқушылардың академиялық білімдерін анықтауға емес, функционалдық сауаттылықтарын анықтауға, яғни алған білімдерін қолдана білуге, талдауға, сыни ойлауға бағытталған.
Эстонияның жастары кейінгі жылдары толағай табыстарға қол жеткізіп жүр. Мысалы, 2006 жылы аталған елдің өрендері 13-ші орынға тұрақтаған еді. Pisa-2018 нәтижесі бойынша оқу және жаратылыстану бағыты бойынша үшінші, математикадан алтыншы сатыға жайғасты. Осылайша, қарт құрлықтағы білім саласы ең мықты мемлекет саналып отыр.
Балтық жағалауындағы алақандай мемлекет бүгінде төрткүл дүниедегі дамыған елдердің біріне айналған. Мәселен, Эстонияның ішкі жалпы өнім көлемі 35,2 миллиард долларға тең. Жан басына шаққандағы көрсеткіші – 27 мың доллар. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, азаттығын қайта қалпына келтірген тұста жоғарыда аталған көрсеткіш небәрі 100 долларға әрең жететін.
Небәрі 1,4 миллион халық мекендеген, аумағы ат шаптырым ғана елдің білім саласы 30 жыл ішінде қарқынды дамыды. Эстонияда бүкіл оқушыға ортақ жалпы білім беру жүйесі қалыптасқан. Балалардың тұрмыстық жағдайына қарамастан бәрі бірдей деңгейде қамтылады. Мысалы, ауылдық жердегі мектептердің жабдықталуы қаладағы мектептерден бір мысқал кем емес.
Білім саласын жандандыру тәуелсіздігін алғаннан кейін көп ұзамай-ақ басталған. Ел билігі 1996 жылы Эстониядағы әрбір мектепке компьютер орнатуға кіріседі. Әрине, ол кезең Балтық теңізі жағалауы елдері үшін оңай болған жоқ. Кеңес Одағы ыдырап, халық ішерге тамақ, киерге киім таппай жүрген кезі болатын. Ел тізгінін қолына ұстағандар білім саласының маңызын түсінгендіктен, осындай қиын жағдайға қарамастан бұған ерекше мән берді. Нәтижесінде, 1999 жылы бүкіл мектеп интернетке қол жеткізді. Жоба эстониялықтарды технологияға баулыды. Мектептердегі компьютер кабинеттері сабақ уақытынан тыс кезде жұртшылыққа есігін айқара ашты.
Сондай-ақ мектептер айтарлықтай дербестікке ие. Ұлттық оқу бағдарламасында әр оқу орны оқу бағдарламасын жасауына мүмкіндік береді. Мектеп директорлары мұғалімдерді жұмысқа өз бетінше алып, жұмыстан босату құқығына ие. Бюджетті бөлу мәселесімен де тікелей айналысады. Мұғалімдерді қажет деп тапса қосымша тренингтерге жіберіп отырады. Өз кезегінде ұстаздар пайдалануға тиімді деп тапқан оқулықтар мен әдістерді қолдануына рұқсат етілген.
Эстонияда заң бойынша орташа білім алу тегін. Түскі ас, оқулықтар, мектепке тасымалдау секілді қызметтер түгел тегін. Бұдан бөлек, қажет жағдайда қосымша көмек те ала алады. Оқу кезеңінің ұзақтығы 4 тоқсаннан, 175 оқу күнге (35 апта) созылады.
Ең бастысы, ұстаздар да, мектеп директорлары да жауапкершілікті сезініп, жүктелген міндетті абыроймен атқаруға апаратын жол ретінде қарастырады. Сондықтан әр білім ордасында қабылданған шешім, атқарылған жұмыс оқушылардың ілімін жетілдіруге бағытталады.
Білім сапасының жоғары болуына оқу орындарында заманауи технологияны жаппай қолдану да үлес қосып отыр. Бүкіл мектеп жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылған. Сабақ барысына қажет түрлі құрал-жабдықтар бәрінде бар. Оқушылар кей сыныпта тек планшетпен жұмыс істейді. Тағы бір пән ойын түрінде өткізілуі мүмкін.
Оқушылардың көпшілігі электронды сабақ кестесін пайдаланады. Емтихан тапсыру да бірте-бірте онлайн режіміне көшіп жатыр. Үй тапсырмалары электронды түрде беріледі. Осылайша, мұғалімдердің бағалауы жеңілдетілген. Эстон мектептерінде қағазбастылық деген мүлдем жоқ. Сондай-ақ 20 мыңнан астам білім беру материалы жинақталған e-Schoolbag деп аталатын ұлттық онлайн кітапхана жұмыс істейді.
Осындай жағдай жасалғандықтан мұғалімдер жауапкершілікті сезінеді. Оның үстіне, елде ұстаздар да өте көп. Салыстырмалы түрде қарасақ, әр оқушыға шаққандағы Эстониядағы мұғалімдер саны Англиядан екі есеге көп. Сондай-ақ ЭЫДҰ елдері ішінде сыныпта аз уақыт өткізеді. Яғни олардың сабаққа дайындалуына, кәсіби шыңдалуына уақыты жетіп артылады. Орта мектептердегі мұғалімдердің бәрі магистр дәрежесін алуға міндетті. Ал балабақша тәрбиешілері университет бітіруі шарт.
Жалпы, балалар жеті жасқа дейін мектепке бармайды. Бірақ 3 жастан бастап заңды түрде балабақшаға баруға құқылы. Мемлекет балабақшаларға ауқымды субсидия береді. Сондықтан оның құны ең төменгі жалақының 20 пайызынан аспайды. Балабақшаны аяқтаған соң балаларға дағдылары мен дамуын сипаттайтын арнайы дайындық картасы беріледі. Қолдау қажет ететіндері мектеп табалдырығын аттамас бұрын логопед секілді маманға жіберіледі.
Эстонияда цифрлы сауаттылық балабақшадан басталады. Тіпті балалар жастайынан робот құрастыру секілді күрделі тапсырмаларды орындайды. Education Estonia бастамасының жоба менеджері Ева Тумның айтуынша, мұндай қадам сәби кезінен жылдам үйренуге көмектеседі. Басты мақсат – балаларды белгілі бір мамандыққа бағыттамай, жас кезінен технологияға қызығушылықты ояту. Қазіргі таңда Эстония IT саласында көшбасшы мемлекеттің бірі саналады. Эва Тумның пайымдауынша, IT кәсіпкерлердің көптігі кездейсоқ емес, білім беру жүйесі жүргізген жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Эстонияның цифрлы дамуы мұнымен бітпейді. Жаңа технология күнделікті өмірге дендеп енген. Мысалы, елдегі бүкіл әлеуметтік қызметтер мен үкімет агенттіктері өзара байланысқан. Бүкіл мемлекеттік қызмет цифрлы қолтаңба арқылы алынады. Салық төлеу жүйесі де толық автоматтандырылған. Яғни бірнеше минуттың ішінде атқарылады.
Сондай-ақ Эстонияда электронды азаматтық енгізілген. Бұл жаңашылдық шетелдіктерге цифрлы азаматтық алып, Еуропалық одақта кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік береді. Бизнес бастауға рұқсат алу да қиын емес. Телефон арқылы айналдырған 5 минуттың ішінде қажетті құжат қолыңызда болады. Осындай жаңашылдықтың арқасында қыруар қаржы – ішкі жалпы өнімнің 2 пайызына тең қаражат үнемделеді.
Орта мектепке жеті жастан бастап барып, он алты жасқа дейін білім алады. Мұнда оқушылардың жағдайына үлкен мән беріледі. Мектептегі түскі ас, көлік, оқулықтар мен саяхаттау тегін. Тәртібі қиын балалар мен үлгерімі төмен оқушыларға қосымша көмек ретінде жеке оқытылып, басқаларға ілесіп кетуіне мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар мектептерде жеке психологтер жұмыс істейді. Бұдан бөлек, оқушылар мен мұғалімдердің психологиялық жағдайын бағалайтын ұлттық сауалдама жүргізіледі.
Жастардың көпшілігі 19 жасқа дейін білімнен қол үзбейді. Шамамен 25 пайызға жуығы кәсіптік оқу орындарына барса, қалғаны академиялық гимназияларға түседі. Сабақ барысында оқушылар мәселені шешуге, сыни ойлауға, құндылықтарға, азаматтыққа, кәсіпкерлікке және цифрлы сауатқа баса назар аударады. Мектепті бітірген соң оқушылар үш пәннен – эстон тілі, математика және шет тілінен емтихан тапсырады. Жастардың көпшілігі үшінші пән ретінде ағылшын тілін таңдайды екен.
Эстониядағы білім саласының дамуы шетелдік студенттерді де қызықтырып отыр. ЭЫДҰ мәліметтеріне сүйенсек, он жыл бұрын аталған елде 400-ден астам шетелдік студент оқыса, бүгінде бұл көрсеткіш 4 мыңнан асқан. Оның үстіне, мұғалімдердің жалақысы да жедел өсіп келеді. Орташа жалақы бес жылдың ішінде 50 пайызға – 810 евродан 1210 евроға дейін көтерілді.
Әрине, мұның бәрін қысқа уақытта жүзеге асыру қиын екені түсінікті. Бұған қол жеткізуге басты кедергі – жемқорлық. Мұны түсінген эстон жұрты сыбайлас жемқорлықпен күресуге барын салды. Соның нәтижесінде, елдегі «бармақ басты, көз қысты» іс-әрекеттер тыйылған. Transparency International ұйымының рейтингіне сүйенсек, жемқорлықты қабылдау индексінде Эстония қазіргі таңда 13-орында тұр. Қорыта айтқанда, Эстония әлеуметінің әлеуетін ғана түзеп қойған жоқ, өрендерінің өресін арттыра білді.