Әлем • 22 Сәуір, 2022

Қақтығыс қайта күшейді

181 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Украинаның оңтүстігі мен шығысында соғыс жалғасып жатыр. Соңғы бірнеше күнде Ресей тарапы ракеталық атқылауды күшейте түсті. Батыс елдері Украинаға ауыр техника беруге кірісті. Сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта Донбаста шешуші қақтығыс өтуі мүмкін.

Қақтығыс қайта күшейді

Өткен бейсенбіде Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаның шығы­сын­да­ғы «әскери операция» жаңа кезеңге өткенін хабарлаған еді. «Басында жариялағанымыздай, бұл Донецк пен Луганск респуб­ликаларын толық азат етуге ба­ғыт­талған. Операция жалға­са­ды. Оның келесі кезеңі басталып жатыр», деді С.Лавров.

Күні кеше Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей президенті Владимир Путинге Мариуполь қаласын басып алғаны туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда «Азовсталь» өнеркәсіптік аймағында ғана Украина әскері қалған. С.Шойгу өз сөзінде зауытты басып алу туралы жоспарымен бөліскен-ді. Алайда Кремль басшысы «Азовстальға» шабуыл жасау опе­ра­циясынан бас тартуды тапсыр­ды. Бұл ұйғарымын В.Путин «Ресей сарбаздарының өмірін сақтау қажет» деп түсіндірді.

Дегенмен бұған дейін Украина президенті Володимир Зеленский Мариупольды қорғап жатқан жауынгерлерге қатысты пікірін білдірген еді. Киев билігі алда-жалда Ресей әскері «Азовстальға» шабуыл жасап, ондағы сарбаздар мен бейбіт тұрғындарды қырса, екі ел арасындағы келіссөздер мүлдем тоқтайтынын жеткізді.

Естеріңізде болса, Ресей әскері Мариуполь қаласын наурыздың басында қоршауға алған болатын. Содан бері қаланы толықтай бақылауына ала алмай келеді. Қалаға шабуыл басталғалы мың­да­ған адам үдере көшіп, босып кетті. Қазіргі таңда шаһарда шамамен 120 мыңға жуық бейбіт тұрғын бар.

Соғысты зерттеу жөніндегі амери­калық аналитикалық инс­титут 20 сәуірдегі ұрыс қимыл­да­рының барысына сараптама жасап, кескілескен қақтығыс ал­да­ғы уақыттың еншісінде екенін мәлімдеді. Институттың мә­лі­мет­­теріне сүйенсек, ресей­лік әс­керлер сәрсенбі күні Украи­на­ның шығысында сәл ғана ілгері­леп, бір­неше ауылды басып алған. Бірақ әлі де шепті бұзып өтуі бай­қал­майды.

«Ресей әскері ірі шабуылға қажетті логистикалық және ко­ман­далық инфрақұрылым салып жатыр. Олар ешқандай үлкен жетістікке қол жеткізген жоқ. Көптеген бағытта алға жылжуы байқалмайды. Сәтті шабуыл жасау мүмкіндігі де көрінбейді», дейді институт сарапшылары.

Ұлыбритания премьер-
ми­нистрі­ Борис Джонсон жур­налис­терге берген сұхбатында Владимир Путинмен келіссөз жүргізудің мәні жоқ екенін мә­лім­деді. Оның ай­туынша, Путинмен со­ғысты тоқ­тату туралы пікір ал­ма­су қол­ты­­рауынмен саудаласумен бір­дей.

АҚШ президенті Джо Байден жоғары әскери басшыларымен кездесуінде украиндардың қабілеті мен соғысқа дайындығы күт­кенінен де асып түскенін жет­кізді.

«Мен олардың күшті және жаужүрек екенін білетінмін. Бірақ Украин халқы күткенімнен де асып түсті. Олардың қайсарлығына таң­ғалдым... Күн сайын қару-жарақ пен оқ-дәрілер жіберіліп жатыр. Дүние жүзіндегі елдермен одақтастарымыз бен серіктес­тік­те­ріміздің қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз», деді Д.Байден.

Кейінгі бірнеше күнде Ресей сарбаздары Украинаның қала­ла­рын зымырандар мен артиллерия арқылы атқылауын күшейтті. Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, бір түнде 1001 әскери нысанға, оның ішінде 162 атыс позициясына соққы берілген. Дегенмен снарядтар мен зымырандар әскери нысанға емес, тұрғын үйлер мен азық-түлік қоймаларына түскені әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардан анық көрінеді.

Украинаның екінші үлкен қаласы Харьковтің мэрі шаһарды үсті-үстіне бомбалап жатқанын жеткізген. Харьков облыстық мемлекеттік әкімшілігінің басшысы Олег Сынагубовтың айтуын­ша, ресейлік күштер Харьков аудан­дарын бірнеше қару түрімен атқылаған. Соның салдарынан бес бейбіт тұрғын қаза тапты.

Ұлыбритания, АҚШ, Канада және Францияның қаржы ми­нистр­­­лері сәрсенбі күнгі G20 отыры­сын­­да Ресей өкілдері онлайн сөз сөйлеуге кіріскенде орындарынан тұрып кетіп, байланысын өшіріп тастады. Ал G7 елдерінің қаржы министрлері Украинаға 24 млрд доллардан асатын қаржылық қолдау көрсетуге келісім берді.