Елорда • 22 Сәуір, 2022

Автокөліктерге BUS Lane емес, басқа жол дұрыс

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары көліктің көптігіне байланысты бас қалада кептеліс мәселесі ушыға түсті. Осыған байланысты автобусқа арналған BUS Lane жолағымен автокөліктердің жүруіне де рұқсат беру керек деген пікірлер қоғамда жиі айтыла бастады. Халықтың пікіріне құлақ асқан қала билігі бұл ұсынысты онлайн дауысқа салған еді.

Автокөліктерге BUS Lane емес, басқа жол дұрыс

Көлік құралдарына автобус жолақтарымен жүруге рұқ­сат беру жөніндегі мәселе ел ара­сында көптен бері айтылып жүр. Тіпті бұл Президент дең­гейіне дейін көтерілді. Былтыр Мем­лекет басшысы да көлік жүргізу­ші­леріне автобусқа арналған жолақпен жүруге рұқсат беру мәселесін пысықтап, бір шешімге келу қажеттігін тапсырған болатын. Президенттің айтуынша, автобустарға арналған жо­лақ­тарды қарбалас болмаған ке­зде және демалыс күндері пай­далануға болады. Мұндай тәжірибе Мәскеу, Ыстанбұл мен Парижде кеңінен қолданылады. Осыдан кейін Үкімет қаулы­сы­ның жобасы дайындалып, ол құжат Ашық үкімет порталында қоғамның талқылауына ұсы­ныл­ды.

Ал елорда әкімдігі жеке авто­кө­ліктердің Bus Lane жолақ­та­­рын пайдалану жөніндегі ұсынысты онлайн дауысқа салды. Әкімдіктің ресми сайтындағы хабарламаға сүйенсек, дауыс беруге 706 адам қатысқан, оның 58%-ы бұл бастама қала көшелеріндегі ахуалды нашарлатады деп санаса, 41%-ы қолдап шыққан. Бірақ қалалық әкімдік «көпшіліктің дауысын» қолдауды жөн көрген секілді. Олай дейтініміз, елордалық ішкі саясат басқармасының бізге жі­берген ақпаратында тек бір сарап­шының біржақты пікірі ғана беріліпті.

CTS компаниясының жол қозға­лысын ұйымдастыру бағытының жетекшісі Думан Ысқақов өз пікірін былай біл­діріпті: «Автобусқа бөлінген жо­­лақ­ты пайдаланбас бұрын алдымен «қарбалас уақыт» деген қан­дай уақыт екенін анықтап алуы­­­мыз қажет. Бұл өзі – нақты­лан­баған кезең, оның соңы белгісіз уақытқа дейін созылуы мүмкін. Мысалы, таңғы қарбалас кезең елордада таңғы сағат 7.30-дан басталып, сағат 10.00-ге дейін созылуы мүмкін. Түскі мезгілде көшелердегі кептеліс сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін болады дейміз. Бірақ кейбір жолдарда бұл уақыт 3-4 сағатқа дейін жетуі мүмкін. Ал негізгі кептеліс болатын кешкі уақыттарды «қарбалас кезең» сағат 18.00-ден басталып, кейбір кезде кешкі 21.00 сағатқа дейін созылып жатады. Сонда автобус жолағымен қай уақытта жеке көліктер жүреді деп болжай аламыз?», дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Республика, Бөгенбай батыр даң­ғылы секілді көшелерде демалыс күндері де үнемі кептеліс болады. Өйткені бұл көшелерде көп­теген сауда орталықтары, әр­түрлі базарлар орналасқан. Тек түнгі мезгілде ғана көлік ағыны азаяды. Бірақ күндізгі уақытта көше көліктерден босамайды. Сондықтан Д.Ысқақов көлік құ­ралдарына Bus Lane жола­ғы­мен жүруге рұқсат етілсе, бұл жол-көлік оқиғасын тіптен қиын­да­тып, жағдайды ушық­ты­рып жіберетінін жеткізді. Әрі жолау­шыларды тасымалдау мүм­кін­дігі де азая түседі. Өйткені жеке көліктен гөрі автобуспен жүретін адам қарасы көп.

«Біз автобус жолағымен қо­ғам­дық көліктер ғана емес, жедел жәрдем секілді арнайы техникалар, таксилер де жүретінін ұмытпауымыз керек. Егер жай көліктерге де осы жолмен жүруге рұқсат етсек, онда автобустар мен арнайы көліктердің кідірісі көбейеді. Онсыз да қалаға 400 автобус, 700 жүргізуші жетпейді. Енді жеңіл көліктер де Bus Lane жолағына шығып кетсе, жағдай не болады? Нағыз кептеліс сонда болмай ма? Автобустар діттеген жеріне уақтылы жете алмайды. Олардың жүру интервалы көбейеді. Қазірдің өзінде қат болып тұрған автобустар мен жүргізушілерге сұраныс тіптен артады. Оның сыртында автобус жолағын пайдалану уақытының аяқталуы немесе бас­талуы сияқты күрделі мәсе­ле­лер бар, «жолақты пайдалану уақыттарыңыз аяқталды» деп жо­лақ­та тұрған көліктерді бір мезетте жолдан шығара ал­май­­мыз ғой? Міне, осы секіл­ді мәселелерді ескергенде автобус­қа бөлінген жолақты жеке көлік­тер­дің пайдалануы тиімсіз деп санай­мын», дейді сарапшы.

Жалпы елорда көшелеріне Bus Lane жолағы 2015 жылдан бастап енгізілген еді. Қазір оның жалпы ұзындығы 74 шақырымға жуықтап, 26 учаскеге қойылды. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, Bus Lane жобасы енгізілгелі қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігі 25%-ға жетіп, оның жол жүру уақыты орта есеппен 10 минутқа қысқарған. Мысалы, жолаушылар автобусы 15 шақырым жолға орта есеппен 50 минутта жетсе, Bus Lane жолағымен 40 минутта жетеді. Былтыр арнайы жолақтар Тұран, Қабанбай батыр, Ұлы дала, А.Байтұрсынұлы, Ж.Нәжіме­денов, Түркістан, Қ.Мұха­мед­ханов және Абылай­хан көшелері мен даңғыл­да­рының 8 учаскесіне енгізілген.