Руханият • 22 Сәуір, 2022

Рая апа

11372 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тың игеру жылдары біздің ауылға бір топ өзге ұлт өкілдері көшіп келіпті. Айтпақшы, сол жылдары орта мектеп те екі тілді білім ордасына айналған. Үлкендердің айтуынша, сол кезде ауылда неше түрлі хикая болыпты. Оның шет жағасын соның бел ортасында жүрген ағаларымыздан өзіміз де естідік. Олар алғашқыда өзге ұлт өкілдерімен талай жаға жыртысыпты. Кейін бір-бірімен түсінісіп, жақын араласып кеткен.

Рая апа

Тыңның «жыры» таусылғасын өзге ұлт өкілдері ауылдан қайта қоныс аударады. Солардан 5-6 орыс отбасы қалып қойды. Соның ішінде Рая апаның да отбасы бар. Ауылдағылардың бәрі оны «Рая» дейді, тек біз секілді ши борбайлар ғана «Рая апа» деп әсірелейміз. Өзі орта бойлы, жұқалтаң, көп сөзі жоқ, біртоға жан. Зейнеткерлікке шыққанға дейін совхозда бухгалтер болды. Ел адамдары оның жолдасын «лейтенант» деуші еді. Шын есімі, кім екенін білмедім. Нәтінде, соғысқа қатысып, содан лейтенант шенімен оралса керек. Бала күнімде мен оны көрдім. Үнемі мотоциклмен жүретін. Бірде әжем екеумізді мотоцикл­ге отырғызып, қонаққа апарып тастады. Әжемнің оған «спа-си-бо» деп созып айтқаны есімде. Бірақ ол кісінің қалай қайтыс болғанын білмеймін, әйтеуір артында ұлы мен қыз қалды. Сол екі шырағы Рая апаға үміт сыйлап, қайғыдан құлап кетпеуге күш берді. Ұлының есімі – Витя. Енді оны ауылдың бар адамы жақсы көрді. Өзі де еңбекқор, әкесі секілді ақкөңіл, адал азамат болып ержетті. Қазақшаға судай. Үнемі әкесінің мотоциклін мініп жүреді. Ақыры ажалы осы көліктен болып, өмірден тым жас кетті. Ал қызы ауылдан қалаға ерте кетіп, сонда тұрмысқа шыққан.

Рая апа отағасы мен баласынан айырылып, жалғыз қалды. Бірақ жалғыз қалдым деп мо­йымады. Өзі тың игеру жылдары салынған ауылдағы екі қабатты үйде тұрды. Оның үйі анадайдан жұмыртқадай ағарып көрінеді. Ауласы, сарайының маңайы тап-таза, кесе-көлденең шөп кездеспейді. Ауылдан бау-бақшаны ондай егетін адамды емге таппайсыз. Екі қабатты үйінің терезесіне дейін гүл өсіреді. Одан бөлек, таңертең өзенге ырғалып басып бара жататын қаз-үйрегін айтсаңшы! Қорасы да малға толы. Қысқасы, Рая апа ауылдағы бақуатты тұрғындардың бірі болды. Шын мәнінде, оны еңбекпен көгерген жан деп айтуға болады.

Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық елге оңай тиген жоқ. Ұжымдық шаруашылық тарап, жұмыссыздық белең алды. Ауыл адамдары тіршілік қамымен қалаға қоныс аударды. Бірақ ол кісі жылы орнын суытпады. Қайта көшіп жатқандарға: «Осындай жұмақ жерді қиып, қайда барасыздар?» деп тоқтам айтып, сабырға шақырып жүрді.

Кейін біз де арман қуып, қалаға келдік. Елге жолымыз сирек түсетін болды.

Ауылға барғанда апайға арнайы сәлемдесемін. Анамды сұрап, жаны қалмайды. Уақыт деген бір орында тұра ма, бала күніміз де біз өкше туфли киіп, тіп-тік жүретін Рая апа да еңкіш тартып, қартайған. Алайда үй шаруасынан қалған емес. Әйтеуір, сарайының маңайында түртініп жүреді.

Осыдан үш жыл бұрын, сексенге таяған шағында Рая апа өмірден өтті. Оны соңғы сапарға ауыл адамдары бар жоралғысымен шығарып салды. Өзі аманат етіп айтқан күйеуі мен баласының жанына жерледі.

Қазір ауылдағы Рая апаның екі қабатты үйі бос тұр...