30-тур ойындарынан кейін 65 ұпай жинаған «Қайрат» турнир кестесінде екінші орында келе жатқан «Аяттан» (Рудный) 8 ұпайға ұзап кетті. Өткен екі турда «Аят» біріншілікте үзіліс алып, «Қайрат» маңызды екі ойында алты ұпайға қол жеткізген соң, қалған төрт турда қостанайлықтардың «Қайратты» қуып жете алмайтыны белгілі болды.
Атырауда өткен алғашқы ойында қонақтар 4:1 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті. 2-минутта кездесудің есебін ашқан Альберт Ақбалықов 22 және 25-минуттарда хет-триктің авторы атанып, таблодағы көрсеткішті 3:0-ге жеткізді. 34-минутта «Атырау сапынан Нұрсұлтан Мәдиев пенальтиді сәтті орындап, есеп айырмасын қысқартты. Матчтың аяқталуына екі минут қалғанда Шыңғыс Есенаманов мергендігімен көзге түсіп, ойынның нүктесін қойды – 4:1.
Екінші күнгі кездесуде алматылықтар матч пен чемпиондықтың тағдырын бірінші таймның өзінде-ақ шешіп тастады. 9-минутта «Қайраттың» ресейлік легионері Андрей Графский гол соқса, артынша 2021 жылғы Қазақстанның үздік ойыншысы Дәурен Тұрсағұлов есепті еселеді. Ал 32-минутта алыстан тамаша соққы жасаған А.Графский дубльдің авторы атанды. Матч соңында атыраулық Бауыржан Өмірбаев кезекті айып соққысынан кейін әлемнің бес дүркін үздік қақпашысы Игитаны қапы қалдырып, әдемі гол соқты – 3:1. Осылайша екі ойында маңызды алты ұпайға қол жеткізген «Қайрат» 71 ұпаймен «Аятпен» арадағы ұпай санының айырмашылығын 14-ке жеткізді.
Ал екі ойында бір-бірден гол соққан «Атырау» кезекті рет жеңіліп, күміс жүлдеден күдерін үзе бастады. Әзірге атыраулықтар екінші орындағы «Аяттан» үш ұпайға қалып тұр. Алайда Рудный командасы «мұнайшыларға» қарағанда екі ойын кем өткізген. Егер «Аят» алдағы демалыс күндері өтетін кезекті турда елорданың «Нұр-Сұлтан» командасынан екі матчта да ұпай алатын болса, онда «Атырау» екінші орыннан үмітін үзеді деген сөз. Сөйтіп чемпионатта «Атырау» мен «Каспий» арасында үшінші орынға талас қыза түспек. Өйткені «Атыраудан» жеті ұпайға қалып тұрған «Каспий» төртінші орында келеді. Сондай-ақ ақтаулық команданың еншісінде қосымша тағы екі ойыны бар.
«Каспий» келесі турда ескі де жаңа ел чемпиондары – «Қайратпен» кездеседі. Биылғы тапсырманы мерзімінен бұрын орындаған алматылық команда бұл ойында алаңға жас әрі қажетті деңгейде ойын тәжірибесіне ие бола алмай жүрген футзалшыларын шығаратыны анық. Сондықтан «Каспийге» үшінші орынға көтерілуге тамаша мүмкіндік туып тұр. Ақтаулықтар өткен турда турнир кестесінде бесінші орында тұрған «Ақтөбемен» кездесіп, алғашқы ойында 9:4 есебімен басым түссе, екінші ойында тең есеп тіркелді – 4:4.
Алтыншы орындағы Оралдың «Бәйтерек» клубы мен сегізінші сатыдағы Ақтөбенің «Рахметі» бір-бірден жеңіске жетсе, «Нұр-Сұлтан» (№7) мен «Оқжетпес» (№9) клубы арасындағы екі ойында да елордалықтардың мерейі үстем болды (6:4, 6:0). Турнир кестесінде соңғы орында қалып қойған Көкшетау командасы биылғы чемпионаттың плей-офф кезеңінен тыс қалды. Енді алдағы төрт турда екінші және үшінші орын иегерлері мен ширек финалдың жұптары белгілі болмақ.