Аймақтар • 22 Сәуір, 2022

Агротехнология үмітті ақтайды

452 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Арқа төсі қара жерге дән сіңіру науқанына тыңғылықты дайындықты бастап кетті. Мұның бір дәлелі ретінде Қарағанды облысындағы Осакаров ауданында жуырда ғана өткен аграрлық кеңесті айтуға болады.

Агротехнология үмітті ақтайды

Өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, қаржы инс­титуттарының өкілдері, С.Сей­­­­фуллин атындағы Қазақ агро- ­т­ех­­­­никалық университетінің ға­лымдары бас қосқан бұл жиын­да алдағы жауапты жұмыс­тардың барысы жан-жақты талқы­лан­ды. Атап айтқанда, қаржы­гер­лер мемлекеттік қолдау бағ­дар­­­ламалары туралы ег­жей-тег­жейлі айтып берсе, ғалым­дар – өсімдіктерді қорғау, егінші­лік, тұқым шаруашылығы мамандары өздерінің тәжірибелік ұсыныстарымен бөлісті.

Қарағанды облысында жаппай егін егу мамыр айының ортасында басталады деп жоспарланған. Айта кететін бір жайт, өңірдегі егіс алқаптарының аумағы жыл сайын ұлғайып келеді. Мысалы, биыл оның көлемі млн гектардан асып кетті. Егіс алқаптары ұлғайғанымен, ондағы шығымның қандай болмағын да естен шығар­маған жөн. Сол себепті де фермерлер ауылшаруашылық технологияларын сақтауға жеткілікті деңгейде мән бермесе, егіннің ертеңгі өнімділігі туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Осы орайда жерді ұтымды пайдалану мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Бұл салада мемлекет тарапынан болып жатқан ынталандыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде. Мы­салы, биыл бюджеттен жоғары сұрыпты тұқымдарды, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді субсидиялауға 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Біле білген адамға бұл – үлкен қолдау.

Сонымен бірге биыл егістікті минералды тыңайтқыштармен қамту 40%-ға дейін артып, суармалы жерлердің ауданын ұлғай­ту да жоспарға алынған. Бұл тура­сындағы ақпаратты об­лыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қар­­масының басшысы Асқар Санау­баров мәлім етті.

Облыс әкімі Жеңіс Қасым­бек биыл көктемгі дала жұмыс­тарына 20 мыңға жуық ауыл ша­руашылығы техникасы тарты­латынын айтады. Сондай-ақ ша­руаның қамы үшін 23,6 мың тон­на жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.

– Біз аграршылардың қарқын­ды технологияларды белсенді енгізіп жатқанын көріп отырмыз. Минералды тыңайтқыштарды, элиталық тұқымдарды көбірек қолдануға көшті. Заманауи, өнім­ділігі жоғары техникаға және цифр­ландыру жобаларына инвес­тициялар сала бастады. Мұндай жұмыстың нәтижесі өнім шығару мен оның сапасын арттыруға тікелей сеп болады, – деді облыс басшысы.

Ж.Қасымбек егіс науқанына дайындық барысында туындайтын барлық мәселені жедел шешу үшін облыстық штаб құрылғанын, оны өзінің орынбасары Серік Шайдаров басқаратынын хабарлады. Мұның да оң шешім екенін айта кету керек. Жұмысты белгілі бір жүйеге келтіріп, үйлестіре білудің маңызы өте зор. Бұл мұң-мұқтажы көп шаруаларға да тиім­ді болар еді.

 Агрокеңесте өңірдегі озық шаруашылықтардың басшылары жай ғана тыңдаушы болмай, сөз алып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті, ой-пікірлерін айтты. Со­лардың бірі Қазақстан фермерлер одағы облыстық филиалының төрағасы Игорь Жабяк болды.

– Бүгінде ресурстарды тиімді пайдалану, заманауи технологияларды қолдану басты назарда. Онсыз тұрақты өнім алу мүмкін емес. Біз өңірді өз азық-түлігімізбен қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігін арттыру үшін мүмкіндіктерімізді бір жерге шоғырландыра білуіміз керек, – деп атап өтті ол.

Өңірде биыл 1 099,6 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын жаздық егу жұ­мыстары жүргізіледі. Мұның өзі өткен жылға қарағанда, 45 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың тұқымын 977,5 мың га алқапқа сіңіру жоспарланған. Майлы дақылдар – 28 мың га, жемшөп дақылдары 81,5 мың га жерге егіледі. Картоптың еншісіне 11,4 мың га алқап, ал көкөністерге 1,8 мың гектар аумақ бұйырды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров тұқымға қатысты проблемалардың жоқ екенін, қазір­гі уақытта олардың сапасын тек­серу жүргізіліп жатқанын мәлім­деді.

Көктемгі дала жұмыстарын техникасыз көз алдына елестету мүмкін емес. Осы орайда биыл өңірдегі алқаптарға 11 мың­нан астам трактор, 6 078 тұқым сепкіш, 253 егіс кешені шығады. Атап өтерлік бір жайт, облыс фермерлері уақыт озған сайын машина паркін жаңартуға тырысуда. Мысалы, биыл жыл басынан бері 58 трактор, 30 топырақ өңдеу агрегаты және 3 егіс кешені сатып алынды. Мұның өзі биылғы ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығымы жеткілікті деңгейде болатынына деген сенімді күшейте түседі.