Аймақтар • 22 Сәуір, 2022

Атырау-Астрахань автожолын реконструкциялау жалғасуда

1105 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «Атырау-Астрахань» автожолын реконструкциялау жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ-ге сілтеме жасап.



Атырау-Астрахань автожолын реконструкциялау жалғасуда

Қайырбек Өскенбаев бірнеше учаскелердегі, оның ішінде Құрманғазы кентінің жанындағы (682-845 км) жұмыстарды тексеріп, Исатай және Құрманғазы аудандарының тұрғындарымен кездесті. Министр Мемлекет басшысы аталған жобаның іске асырылуын ерекше бақылауында ұстайтынын атап өтті. Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен нақты шешімдер қабылданды.

«Біз міндетті түрде бір, бір жарым айда Атырау облысына атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен іске асырылу мерзімін тексеру үшін келіп тұратын боламыз. Бұдан басқа Автомобиль жолдары комитеті, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы және Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы басшыларының орынбасарлары жолды реконструкциялау аяқталғанға дейін тұрақты түрде осында болады деген шешім қабылданды. Оларға басқа жұмыстарын әріптестеріне тапсырып, тек «Атырау-Астрахань» жобасымен айналысу қажеттілігі айтылды», деді Қ. Өскенбаев.

«Атырау-Астрахань» жобасы 6 бөлікке бөлінген. 833-853 шақырымдық учаске 2020 жылы пайдалануға берілді. Жылдың соңына қарай жолдың барлық ұзындығы бойынша қозғалысты ашу жоспарлануда. «Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысын аяқтап, халық игілігіне беру – күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Енді менің бір орынбасарым құрылыс жұмыстарының уақытында аяқталуын күнделікті қадағалап отырады және маған күнделікті есеп береді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру жолында қоғамдық бақылауды да күшейткен жөн», деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда мердігер ұйымдар жол-құрылыс материалдарын дайындап, құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісіп жатыр. «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астраханьға)» дәлізі бойынша барлық жұмысты 2023 жылы аяқтау жоспарлануда.