Медицина • 25 Сәуір, 2022

Жұлын ісігіне жасалған операция

587 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жұлын ісігі өте қиын жерде орналасқан 35 жастағы алматылық Владимирге елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының тәжірибелі нейрохирург-мамандары МӘМС есебінен ерекше ота жасады. Бұл жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бо­йынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Жұлын ісігіне жасалған операция

Пациенттің айтуынша, биыл наурыз айында оң жақ қолы мен оң жақ аяғы әлсізденіп, ұйып қалып, мазалай бастайды. Ол тұрғылықты жері бойынша неврологтен ем қабылдайды, бірақ денсаулығы жақсармайды. Көп ұзамай пациент мойын омыртқасының МРТ диагностикасына жіберіледі. МРТ түсірімдерінің нәтижелері бойынша пациентке С1-С4 омыртқалары (кавернома) деңгейінде интрамедулярлы тамырлы ісігі анықталады. Ісік бассүйегі негізінде миға өтетін жұлынның ішінде орналасқан. Ісіктің орналасуы өте қиын жерде болғандықтан, нейрохирургтердің асқан шеберлігі, заманауи жабдықтар мен техника қажет еді. Айта кетейік, мұндай күрделі операцияны Нейрохирургия орталығында ғана жасауға болады.

Пациенттің айтуынша, Нейрохирургия орталығына келгенге дейін ол Корея мен Германияның шетелдік клиникаларына емделу туралы бірнеше сұраныс жіберген.

«Таныстарымның көпшілігі шетелде емделуге кеңес берді. Кореяда Нейрохирургия орталығында жасалған дәл осындай ота үшін 29 мың еуро сұрады. Сонымен қатар Корея дәрігерлері ота сәтті жасалатынына немесе операциядан кейін мүгедек болмайтыныма кепілдік бермеді. Германияға сұрау салғаннан кейін Германия дәрігерлерімен сөйлестім. Олар менен неліктен Қазақстандағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жүгінбегенімді сұрады. Нұр-Сұлтандағы Нейрохирургия орталығы туралы неміс дәрігерлері шетелдіктерден еш кем емес, емдеуде заманауи әдістер мен технологияларды қолданатын, барлық қажетті жабдық пен құрал-сайманға, білікті мамандарға ие және сәтті операциялар жүргізетін заманауи клиника деген пікір білдірді», дейді пациент.

Бұған дейін елімізде мұндай клиниканың бар екенін білмеген ол, қажетті ақпараттар мен құжаттарды жинап, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ-ға медициналық көмекке жүгінеді. Мұнда бөлімше меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Талғат Керімбаевтан кеңес алады.

Жұлын нейрохирургиясы, шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің дәрігерлері жұлын мен ми бағанының қысылуымен краниовертебральды өту ісігін алып тастау бойынша операцияны 4 сағатта жасады. Операция алдында трактографиямен 3-Тесла МРТ зерттеуі жүргізілді. Оның көмегімен дәрігерлер ісіктің орналасқан жерін анық көруге мүмкіндік алды. Бұл хирургиялық емдеу тактикасын таңдау да ней­ро­хи­рург­тер­дің жұмысын жеңілдетті. Сондай-ақ операция кезінде жұлын құрылымдарындағы хирургиялық манипуляцияларды бақылауға мүмкіндік беретін интра­опе­рациялық нейромониторинг қолданылды. Бұл нев­ро­ло­гиялық асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Операцияны Жұлын нейрохирургиясы, шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, 30 жылға жуық практикалық жұмыс өтілі бар Талғат Керімбаев пен нейрохирург-дәрігер Жандос Тұйғынов жасады.

Талғат Тынышбайұлының айтуынша, операция кезінде анатомиялық ойықтардың бойымен ісікке дейін жету және жұлынның өткізгіш жолдары мен орталықтарына зақым келтірмей, оны алып тастау бірінші кезектегі міндет болған.

«Краниовертебральды өту аймағы ісіктерде өте қауіпті локализация болып саналады. Онда ми жүйесі өтеді, омыртқа артериясы, тыныс алу тамырлары, қимыл-қозғалыс орталықтары бар. Осы өмірлік маңызды орталықтар зақымданған жағдайда пациент сал болып қалуы, тіпті соңы өлімге әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда техникалық тұрғыдан қол жеткізу қиын, бірақ пациент үшін қауіпсіз, дененің өмірлік маңызды құрылымдарының қызметін сақтай отырып, ісікті толығымен алып тастауға мүмкіндік беретін жол таңдалды. Осындай күрделі операциялармен жиі кездесеміз», деді Т.Керімбаев.

Операция сәтті өтті, ісік толығымен алынып тас­талды. 2 тәуліктен соң науқас аяққа тұрды. Осындай жоғары технологиялық негізде жасалған күрделі операция пациентке МӘМС аясында квота бойынша жүргізілді. Емделуге жатқызу кезінде пациентте оң жақтың гемипарезі, әлсіздік, дененің оң жартысында ұю байқалды. Пациентке күнделікті өмірдегі өз қажеттіліктерін жасау қиындық тудырды, заттарды оң қолымен көтере алмады, қолдың ұсақ моторикасы бұзылды, бұлшық ет күші төмендеді. Қазір пациент өзін жақсы сезінеді, дененің оң бөлігінің ұюы жойылды, бұлшық ет күші және қолдың ұсақ моторикасы динамикада қалыпты жағдайға дейін жақсарды. Қайта жасалған МРТ-да ісік толығымен алынып тасталғаны көрінді. Пациент операциядан кейінгі 7 тәулікте үйге шығуға дайындалуда.

«Маған күрделі операция жасалды, ісік қол жетпейтін қиын жерде орналасқан. Бүгін операциядан кейін бір апта уақыт өтті. Өзім жүремін, қозғаламын, өзімді жақсы сезінемін, күн сайын жақсарып, тез қалпыма келудемін. Менің денсаулығымды қалпына келтіруге атсалысқан барлық медициналық қызметкерге өте ризамын. Мұндағы мамандар – ең үздік дәрігерлер. Қазақстанда осындай заманауи орталықтар – Нейрохирургия, Кардиохирургия, Онкология орталықтары бар екені қуантады. Шетелге барып, қомақты қаржы жұмсаудың қажеті жоқ, МӘМС бо­йынша мұның бәрі біздің елде қолжетімді», деп ризалығын білдірді Владимир.