Таным • 25 Сәуір, 2022

Ақын есімі ардақталды

399 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың туғанына 90 жыл толды. Осыған орай астанадағы айтулы тұлғаның тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Мазмұнды шараға Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облысынан келген қонақтар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ақын есімі ардақталды

Ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуын Нұр-Сұлтан қаласы əкімінің орынбасары Ермек Қизатов пен ақынның қызы Майра Кәкімбекқызы атқарды. Одан кейін сөз алған Ермек Қизатов тірлікте өнегелі ізі қалған біртуар азамат туралы салмақты ой қозғап, туған халқының жақсылығын талмай жырлаған ақынның өмірі Отанды сүюдің үлгісі болғандығын айтты.

Іс-шарада Солтүстік Қазақстан об­лы­с­ының әкімі Құмар Ақсақаловтың құт­тықтауын оның орынбасары Ғани Нығ­метов оқып берсе, Қарағанды облысы­ның әкімі Жеңіс Қасымбектің сәлемін орынбасары Ербол Әліқұлов жеткізді. Сондай-ақ Ақмола облысынан келген делегация өкілі Жабал Ерғалиев Кәкімбек Салықовтың ел көңілінде Оқжетпестің биігі болып қалғандығын баяндады.

− Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысы Кәкімбек ағамызды әлі күнге дейін бір-бірімізден қызғанып, өз бауырымызға тартып жүреміз. Соны білетін ол кісі «Есіл-Көкше мен үшін ортақ мекен, Екеуі де менің өз елім» деп жырлады. Поэзиямыздың жезкиігі атанған ақынның әр өлеңіне еліміздің бар композиторы құмар болды. Өйткені ол кісінің сұлу жырлары әнге сұранып тұратын. Қысқасы, қазақ даласының әр бұрышында ардақты азаматтың өз орны бар» деді жазушы.

 Белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының Ғалым Жайлыбай асыл ағасының қасына 15-16 жасынан еріп, шәкірті болғандығын айтып, ақын өмірден өткенде арнаған жырын оқыды.

Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ақынның азаматтығы мен адамгершілігіне тоқталды

− Кәкімбек ағамен Мәскеуде кезде­сіп, таныстым. Қасына отырғызып, әңгі­меге тартты. Менен «Ғарышқа ұшуға дайын­далып жүрсің бе?» деп сұрады. Со­ған әзірленіп жүргенімді айттым. Ға­рышқа ұшып келгесін, ол кісімен тағы кездестім. Академик Қаныш Сәтбаев екеумізге арнаған өлеңін оқып берді. Сонда мен Кәкімбек ағаның қарапайымдылығына таңғалдым. Ол кісінің ақындығы да ешкімнен кем емес, бірақ адамгершілігі бәрінен биік. Еліміз қандай болу керек, қай жолмен жүру керек дегенде, осы кісілердің істеген істерін еске алу керек. Кәкімбек ағамыздың өмір жолы атқа мініп жүрген азаматтарға үлгі», − деді тұңғыш ғарышкер.

Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжанов еліміздің бас ордасы Алматыдан Ақмолаға қоныс аударғанда, Кәкімбек Салықовтың елор­даға зиялы қауымның алғашқылардың бі­рі болып көшіп келіп, астананың көр­кем келбетін жырға қосқандығын сөз етті.

Айтулы тұлғаның туысқандары атынан ақын бауыры Зараф пен қызы Майра Кәкімбекқызы ақынды ұлықтау шарасына қатысушыларға, соның ішінде қолдау көрсеткен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне алғысын жеткізді.