35 жастағы Аргентинаның арланы Сантьяго Понзиниббио 77 кило салмақ дәрежесіндегі ең мықты нокаутер деп танылды. Ол 33 кездесуінің 28-ін мерзімінен бұрын аяқтаған екен. Екінші және үшінші орындарда – бразилиялық Висенте Луке мен америкалық Хорхе Масвидаль. Алғашқысы 19 (30 кездесу), екіншісі 18 (51 кездесу) қарсыласын есінен тандырды. Төртінші сатыға 15 рет (15 кездесу) айқын жеңіске қол жеткізген Шавқат Рахмонов жайғасты. Осы орайда, қазақ спортшысы жоғарыда есімдері аталғандардан әлдеқайда аз бәсеке өткізгенін ескерген жөн. Және де Шавқат өз жекпе-жектерінің барлығында жеңіске жетті. Ал Понзиниббио (5 рет), Луке (8 рет) мен Хорхе Масвидальдің (16 рет) бір емес, бірнеше рет жеңілістің кермек дәмін татқанын көзіміз көрді. Осы жағынан алсақ, қандасымыздың өзгелерден көшілгері екені еш дау туғызбайды. Өйткені Рахмонов 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ үздіктер тізімінде Гилберт Бернс (25 кездесу, 20 жеңіс, 15 нокаут), Ли Джинглианг (25-18-16), Майкл Кьеза (24-18-11), Хамзат Чимаев (11-11-10), Джефф Нил (18-14-11) және Камару Усман (21-20-10) сынды саңлақтар бар.
Қарсыластарын есінен тандырған сойқан соққылы спортшылардың рейтингінде Шавқат Рахмонов жетінші орында нық тұр. Бәсеке барысында ол сегіз қарсыласын сұлатып салып, ауыр нокаутқа жіберді. Әзірге Хорхе Масвидаль (16 нокаут), Сантьяго Понзиниббио (15), Висенте Люке (11), Ли Джинглианг (9), Камару Усман (9) және Джефф Нил (8) ғана жерлесімізден озып тұр.
Сабмишн, яғни «қылқындыру» немесе «ауырту» тәсілі арқылы жеңіске жеткен жампоздардың тізімінде Шавқат үздік бестікті түйіндеуде. Ол жеті жекпе-жегінде жоғарыда айтылған әдістерді қолданып, қарсы келгендерді тырп еткізбей ұтты. Күрес өнерінің тәсілін ең керемет қолданып жүргендер қатарында Майкл Кьеза (11 сабмишн), Камару Усман (8), Гилберт Бернс (8) және Висенте Луке (8) бар.
UFC-дегі жартылай орта салмақ дәрежесінің жалпы рейтингінде Алаштың мақтан тұтар азаматы әзірге 15-орынды иеленуде. Бұл – қазақстандық жекпе-жек шеберлері арасындағы ең үздік көрсеткіш. Осы салмақтың теңдессізі – 35 жастағы Камару Усман. Ол АҚШ-та туып-өскенімен, әке-шешесі Нигериядан қоныс аударып келген. Чемпиондық белбеу дәл Усманға тиесілі. Оны 34 жастағы Калифорния штатының тумасын Колби Ковингтон өкшелеп келеді. Ковингтон рейтингте бірінші орынды иеленуде. Екінші және үшінші сатыларға ұлыбританиялық Леон Эдвардс пен швециялық Хамзат Чимаев жайғасты. Одан кейінгі орындарда бразилиялық Гилберт Бернс пен америкалық Висенте Луке. 6-12 орындардың барлығына тегістей АҚШ файтерлері тұрақтады. Олар – Белал Мухаммад, Стивен Томпсон, Хорхе Масвидаль, Шон Брэйди, Нил Мэгни, Майкл Кьеза және Джефф Нил. Сондай-ақ қытайлық Ли Джинглианг пен аргентиналық Сантьяго Понзиниббио үздік 15 спортшының санатында.