Тосын нәтижелер тіркелді
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының жетінші турының бірнеше матчында тосын нәтижелер тіркелді.
«Астана» өз алаңында топ басындағы «Каспийдің» қақпасына жауапсыз төрт доп салды – 4:0. «Атырау» «Тобылды» қабылдады. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Үзілістен соң Андрия Филипович дубльдің авторы атанса, қостанайлықтар сапынан Игорь Сергеев мергендік танытты – 2:1. Келесі күні «Ордабасы» мен «Қызылжар» арасында өткен кездесуде 3:1 есебі тіркелді. «Қайрат» Алматыда «Тұраннан» жеңілді – 0:1. Осылайша, түркістандықтар осы чемпионаттағы алғашқы голын соғып, алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ал «Қайрат» бірінші рет сүрініп, жеке-дара көш бастау мүмкіндігінен айырылды. Өзге матчтарда мынадай есептер тіркелді: «Шахтер» – «Ақжайық» 0:1, «Ақтөбе» – «Мақтаарал» 1:0, «Ақсу» – «Тараз» 1:2.
Жеті турдан кейін 13 ұпайы бар «Астана» мен «Каспий» көш бастап келеді. Олардан бір ұпайы кем «Қайрат» үшінші орынды қанағат тұтуда. Көш соңында – «Мақтаарал» мен «Ақсу». Олар төрт ұпайдан еншілеуде.
«Канело» GGG-дан озды
Әйгілі Boxrec.com сайты әлемдегі ең үздік кәсіпқой боксшылардың рейтингін жариялады. Жаңартылған тізімінде Сауль Альварес көш бастап тұр.
Жуырда ғана жартылай ауыр салмаққа ауысқан 31 жастағы Мексиканың мақтанышы шаршы алаңда 60 кездесу өткізіп, соның 57-сінде жеңіс тойын тойлады. Ол тек бір рет қана жеңілді. 39 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Тарқатып айтсақ, 2013 жылы Канело америкалық Флойд Мейвезерге ұпай санымен ұтылды. 2016 жылы өзінің отандасы Хорхе Ярес және 2017 жылы қазақстандық Геннадий Головкинмен тең түсті. Дәл сол жерлесіміз үздіктер рейтингінде екінші орынды иеленуде. Таяуда ғана 40 жасқа толған GGG 44 мәрте рингке көтеріліп, 42 рет басымдық танытты. 37 қарсыласын ұрып жықты. Бір рет ұтылып, бір кездесу тең аяқталды. Үшінші орында – Теренс Кроуфорд. 34 жастағы АҚШ-тың арланы 38 жекпе-жектің барлығын сәтті аяқтап, 29 бәсекеде нокаут тіркелді.
Сондай-ақ «ТОП-10» боксшының қатарында Тайсон Фьюри (Ұлыбритания), Эролл Спенс (АҚШ), Александр Усик (Украина), Энтони Джошуа (Ұлыбритания), Деонтей Уайдлер (АҚШ), Каллум Смит (Ұлыбритания) және Артур Бетербиев (Ресей) сынды саңлақтар бар.
Шешуші тұста сүрінді
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан жүлде қоры 239 477 АҚШ долларын құрайтын WTA турнирінің финалына шыға алмады.
Аталған жарыстың алғашқы айналымдарында даниялық Магда Линетт пен швециялық Ребекка Патерсонды шаң қаптырған жерлесіміз ширек финалда WTA тізімінде 41-орынды еншілеген Аустралия өкілі Айла Томляновичті тізе бүктірді – 5:7, 6:2, 6:4. Жартылай финалда Юлияның жолы Анастасия Потаповамен қиысты. Әлемдік рейтингте небәрі 122-орында тұрған 22 жастағы Ресей теннисшісінің бұған дейін жарқ етіп көзге түскен кезі есімізде жоқ. Десек те бұл кездесуде Путинцева қателікке жиі бой алдырып, 6:2, 2:6, 2:6 есебімен Потаповаға жол берді.
Барселонада А.Бублик үшінші кезеңге өте алмаса, Штутгарттағы WTA-500 ірі турнирінде Е.Рыбакина да екінші қарсыласына есе жіберген болатын. Ал Шымкентте өткен TF World Tennis Tour W15 турнирінде ресейлік Анастасия Сухотинамен жұп құрған Жібек Құламбаева бас жүлдені олжалады.