11 Сәуір, 2014

Мәншүк Мәметова. Көне дерекке жаңа көзқарас

2528 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Маметова-2 СӨЗ БАСЫ «Егемен Қазақстанның» өткен жылғы 30 қазандағы санында газеттің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Сатыбалды Сәуірбайдың «Мерген қыздың аруағын мазаламайық» деген сұхбаты жарияланған-ды. Онда: «Батыр қыздың сүйегі Монаковадағы мемориалдық кешенде жоқ екен», «Мерген қыздың сүйегі елге әкелінбекші», «Батыр қыздың сүйегін таптық...» деген сияқты Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға қатысты алып-қашпа әңгіменің ешқайсының шындыққа жанаспайтынын жерлестерінің ерлігін насихаттаушы, оған қатысты басқа да мәселелерді тиянақты зерттеп, зерделеп жүрген «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербесовпен сұхбатында дәйекті дәлелдермен дәлелдеп берілді. Міне, осы мақаланы оқығанда Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәмето­ваның да Әлия сияқты алдымен шартты түрде жерленіп, екінші рет мүрдесін тапқаннан кейін қайта жерленуі есіме түсті. Мұны Офицерлер үйінде Мәншүк Мәметованың 70 жасқа толуына орай майданда батыр қыздың көзін көрген жауынгерлер бас қосқан жиында кездейсоқ білдік. Әңгіме соңына қарай орта бойлы, тап-тұйнақтай киінген, кеудесі орден-медальға толы, шашын салалап артқа тастап өзін дербес зейнеткер, соғыс ардагері Ахметқазы Болатов деп таныстырған ақсақал орнынан тұрды да: «Ағайындар, біле-білсеңіздер, Мәншүктің ең соңғы жауынгерлік орнында қайтыс боларынан 5-10 минут бұрын көрген мен едім. Соны біле тұра қашанда шеттетіп жүресіңдер. Осы жиынға шақырту алғанымды қайтейін, кеше «келмей-ақ қойыңыз, кездесу өтпейтін болды» деп телефон шалдыңдар, мұны қалай түсінуге болады? Ең болмаса батыр қызымыздың аруағынан қорықпайсыңдар ма?», – деді дауысы дірілдеп. Мына тосын жағдайды естіген соң Ахметқазы ағаға жолығып, ертесіне редакцияда кездесетін болып уәделестік. «Мәншүкті біз көрдік, білеміз деп, әрқайсысы меншіктеп алған. Ал мені жолатқылары жоқ...» деп кейіс білдіріп алды да, әңгіме тиегін ағытып қоя берді. Бірақ, шынында да Мәншүктің ерлігіне бірден-бір куә әрі өз қолымен сүйегін жинаған адам жайлы соғыс аяқталғанына 48 жыл өтсе де майдандас жауынгерлердің біле тұра бір ауыз сөз айтпауы таңғалдырды. Ахметқазы ағаймен сөйлескен соң осы фактілерді анықтау барысында біраз іздендім. Мәншүктің балғын балалық шағына жалғыз куә – жеңгесі Майра Мәметова апайдың үйіне барып, еркін сөйлесіп, жер бетінде небәрі 21 жыл ғана өмір сүрсе де қаршадай болып ер қолынан келмейтін іске барған, өшпейтін, өлмейтін ерлік жасаған қазақ қызының өлімді қасқайып қарсы алуының сырын да ұққандаймыз… «ӘКЕМДІ БОСАТЫҢЫЗ. ҚЫЗ ДА БОЛСАМ СҰРАНЫП СОҒЫСҚА КЕЛДІМ» 16 жастағы Майра Мәметовтердің әуле­тіне келін болып босаға аттағанында қайн­ағасы Ахмет пен абысыны Әмина Сара­тов қаласында тұрады. 1927 жылы күзде Ахмет інісі Қанат пен келіні Майраны Жәні­бек ауданындағы Қосшы артелінің Тай­ғара ауылына көшіріп әкеліп, немере ағасы Жеңсігәлінің отбасымен таныстырып кетеді. Ол кісінің Нағи, Қадыр атты ұлдары және 5-6 жасар Мәнсия деген қызы болады. Мәнсияны еркелетіп Мәншөк деп атаған. Мәншүк қара торы, жайнаған қара­қат көзді, шашы қалың әрі бұйра, сүп-сүйкім­ді, адамға тез бауыр басқыш бала болып ө­седі. Майраның бөтен босағаға тез үйре­нісіп кетуіне көбіне Мәншүктің ашық­тығы, бауырмалдығы себеп болады. Ол жеңешелеп жанынан шықпайтын көрінеді. Бірде қайнағасы Ахмет қонаққа келіп жатқанда Мәншүк жүгіріп үйге келе қалады. Қасына шақырып алып, ойнатып, тілін қы­зық көріп ананы-мынаны сұрайды. Перзент көрмей зарығып жүрген Ахмет сүйкімді әрі зерек балаға көңілі ауып, көп ұзамай Әминамен келісіп, Мәнсияны біржолата асырап алуға немере ағасы Жеңсігәлінің алдына барады. «Оқытамын, өз баламдай көрем, бірақ атыма көшіріп аламын», – дейді. Анасы келіспей қарсы болса да: «Жақсы көретін інім едің, көңі­лің­ді қалдырмайын. Балам саған аманат», – деп Мәншүкті Майра жеңгесімен қосып Саратовқа жібереді. Есі кіріп қалған Мәншүк бөтен жер, бөтен шаңырақты өгейсіп Майрадан айырылмай, ақыры оны бір апта ұстайды. Мәншүктің әке-шешесі Ахметті сыйлағаны болар, бір рет те іздеп келмепті. Ал Қанат: «Мәншүкті сағындым», деген соң Майра екеуі кейінірек барып қайтады. 1932 жылы Ахмет інісі мен келінін Оралға көшіріп, Нариманов көшесіндегі 41-ші үйде біраз уақыт бірге тұрады. Мәншүк екі үйдің арасында еркелеп жүреді. Ахмет қайнағасы оның барлық іс-қимылын бақылап, қадағалап отырған. Мәншүк те сабағын жақсы оқып, айтқанын екі еткізбей, ол кісіні өте жақсы көрген. 1932 жылы Мәншүктің туған анасы Тойылша, ал екі жылдан соң әкесі Жеңсігәлі дүниеден өтеді. Ал 1934 жылы Ахмет Мәметов Алматыға жұмысқа шақырылады да, Қанат пен Майра Орда ауданына көшіп барып, Мәншүктің ағаларын қолдарына алады. Үлкені Нағи Оралға оқуға кетеді де, кейін одан хабарсыз қалады. Ал кіші ағасы Қадыр бірнеше жыл олармен бірге тұрады. Кейін Оралдың пединститутын бітірген соң соғысқа кетіп, оралмайды. Мәметовтер әулеті үшін 1937 жыл қай­ғы­лы да ауыр жыл еді. Алғашқы қазақ зия­лыларының бірі, ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының директоры Ахмет Мәметов қамау­ға алынып, ату жазасына кесіледі. Ахмет­ті ұстап әкетісімен Қанаттың ол кісіге жа­қ­ын­дығын іздеп тауып, ГПУ тергеуге алып, ақыры партиядан шығарып тынады. Осын­дай қиын уақытта 1940 жылы Ал­матыдағы Мәншүктен хат келеді. Онда ол әке­сін ұстап әкеткенін, шешесінің күйеуге шығып кеткенін, ал өзін халық жауының қы­зы деп қудалаған соң, оқуды тастап басқа бір оқуға түсіп, жатақханада тұратынын айтады. Әрине, Мәншүктің жайы оларды да бейжай қалдырмайды. Заман болса қиын. Егер Мәншүкті Оралға кел деп шақырып хат жазса, онда Қанаттың Ахметке жақындығы әшкереленіп, ұстап әкетеді. Поштамен ақша салғанға да ГПУ-дің жансыздары арттарына түсіп, аңдумен болады. Сөйткенмен де олар ретін тауып, Алматыға қатынаған есепшіден хат, ақша жібереді. Бердім деп ол келеді, ал оның алған-алмағанын бір құдайдың өзі біледі. Содан соғыс басталады. Мәншүк әкесін өте жақсы көретін, сыйлайтын әрі әулиедей сенетін. «Халық жауы болғандардың баласы майданға өз еркімен барса, кешірім жасалады», деген әңгіме құлағына тиісімен, қаршадай қыз соғысқа сұранып кетеді. Майданнан Майраға бір ғана хат келеді. Онда: «Әкемді босатыңыз, қыз да болсам сұранып соғысқа келдім деген өтінішпен Сталинге үш рет хат жаздым, бірақ әлі хабар жоқ», деп жазады. Ол кезде Қанат та соғысқа өз еркімен аттанып, 1943 жылы Сталинградта ауыр жараланып, елге оралады. «Жаңа жол» колхозына басқарма болып жүргенінде 1950 жылы дүниеден өтеді. Абысыны Әмина Мәметованың тірі кезінде Майра Мәншүкке қатысты іске араласа алмайды. Мәншүгіне жасаған қызметі – үйдегі бар құнды заттарды, фотосуреттерді Орал қаласындағы мұражайға тапсырады. Соның бірі – Мәншүктің туған ағасы Қа­дырдың суреті. Әминаға қайнағасы, Қанат, Мәншүк үшеуінің түскен суретін береді. «Қанат екеуімізден Шолпан, Маржан, Айман, Сәуле деген төрт қыз бар. Құдайға шүкір, жаман емеспін, бірақ Мәншөгім тірі болғанда ма, бұдан да марқайып, бұдан да биіктер ме едім…» – деген еді сонда көзіне жас алған Майра апай. Маметова-3 МӘНШҮККЕ БАТЫР АТАҒЫ НЕГЕ КЕШІГІП БЕРІЛДІ? Құдайшылығына келсек, Отан соғысы кезінде майданға әйел баласы алынсын деген бұйрық болмаған. Оның үстіне соғыс қазақ топырағынан тысқары мыңдаған шақырым қашықтықтағы қиян түкпірде жүріп жатты. Майданды таңсық көріп, тамашалау үшін аттанбаған Мәншүк – бүрме көйлегін зіл батпан шинельге, жеңіл байпағын ауыр керзі етікке айырбастайды. Қос бұрымын шорт кескізіп, мұздай темір асынатын, ерлердің тәуекелі жете бермейтін іске бел байлайды. Қара тастай өңі суық қару – пулеметтің әр қорабында бірнеше қалақ оқ лентасын алай-бұлай алып жүрудің өзі қанша күшке түсерін ойласақ – талдырмаш қыздың (салмағы бар-жоғы 46 кило) өмір мен өлім қақтығысына өзінің сұранып баруында көп сыр жатқандай. Мәншүктің Отанына, еліне, жеріне, әсіресе, әке алдындағы перзенттік борышына адалдығын көрсетер тұсты: ердің ері, адамның адамы сыналар шағын таңдап алуының өзі ерліктің басы еді. Соғыстың да соғысы бар. Егер, Мәншүк 100-ші бригадада болмай, басқа ортаға түскенде, жағдайы әлдеқандай болатыны және белгісіз еді. Негізінен ұлттық, яғни қазақ бауырларынан, басшылары да өз ағайындары болғандықтан олар Мәншүкке қорған бола білген, әрқашан жанашырлықпен қараған. Сондықтан да оны үнемі штабта ұстауға тырысқан. «Ортамыздағы жалғыз қаракөз қарындасымызды оққа ұшырып алсақ, елге не бетімізбен қараймыз, бір қызға қараған ештеңе жоқ», деседі екен. Сөйтсе де Мәншүк өжеттігінің арқасында туасы көрмеген бар қаруды бес саусағындай үйреніп алады. Үздік пулеметші атанып қоймай, аз уақытта бөлімшенің командирі, батальон комсомол комитетінің жетекшісі болады, әскери шені сержантқа дейін көтеріледі. Соның негізінде Мәншүк Невель қаласының түбіндегі Изочи стансасы үшін қантөгісте өзінің кім екенін тарих бетіне қанымен жазып кетті. Оның басынан бақайшағына дейін қаруланған көп жауға жалғыз өзі қарсы тұрып, алға жылжытпай жер бауырлатуы көзсіз батырлық еді. Соғыстың заңы, денеңнен қан шыққан жарақат алсаң, ұрысты тастап, кейін қайтуға рұқсат. Мәншүк басынан жараланса да: «Сендер бара беріңдер, мен қалмасам сендер шепке жете алмайсыңдар», деп жалғыз өзі жолдастарынан қалып, көпе-көрінеу ажалмен бетпе-бет келіп, жанын құрбандыққа шалуы – ерліктің ерлігі. Міне, осындай сан ерліктің басын құраған Мәншүкке Батыр атағы шейіт болғаннан соң алты ай кешігіп берілген. Ал Әлия қайтыс болған соң Батыр атағын 17 күннен кейін алған. Ендеше: «Бұл қалай?» деген сұрақ тууы заңды да. Міне, осы оқиғаны Мәншүкті оққа ұшарынан бірнеше минөт бұрын көріп, соңғы рет тілдескен, ерлігіне көзі тірі жалғыз куә әрі сүйегін жинаған сол кездегі 100-ші атқыштар бригадасының кіші лейтенанты, бүгінде марқұм Ахметқазы Ахметжанұлы Болатов ақсақал өздігінен кездесуге барып қатысып, шақырылмаған қонақ болса да сөз сұрап, айтпағанда мүмкін мақала жазылмас та еді, шындық айтылмас та еді... «Онда мен «Прощай, Родина!» атты танкіге қарсы тұратын дивизионның ерікті комсоргы болатынмын. «Прощай, Родина!» ол лақап аты. Яғни, бұл құрама жауға алғаш соққы беретін, тіпті, болмаса жарылғыш бөтелкені белге байлап, танкінің астында қалып, бірге жарылатын топ, – деп бас­тады әңгімесін ақсақал. – 1943 жылғы 11 қазан күні біздің дивизионның біраз жауынгерлерін Псков облысындағы Изочи стансасын алу үшін құралдарымызбен жаяу әскерге бөліп жіберді. Осылайша біз Мәншүктердің батальонына қосылдық. Стансаны алған жағдайда 100-ші қазақ бригадасына Изочи аты берілетін болды. Ұрысқа кіру үшін біздер Үлкен Иван мен Кіші Иван көлінің арасынан өттік. Мәншүк жаудың көп келетін жерін пулеметпен қарсы алу үшін биіктеу жотаға орналасты да, жауынгерлік орнын белгіледі. Таңғы алтылар шамасында ұрыс басталып кетті. Бар күшімізбен Изочиді басып алдық. Майданның заңы – жеткен жеріңе дереу бекінуің керек. Сөйтіп, окоп қазып, әркім өз тіршілігін жасауға кіріскенде бізден екі-үш есе күші көп жау қайта шабуылға шықты. Орнығуға шама бермеді. Біразымызды қырып жіберді. Қалған тірілеріміз позиция­ны өзгерту үшін артқа шегінуді ұйғардық. Қайтар жолымызда Мәншүктер тұрған төбешікті басып өтуге тура келді. Оның үстіне окоп кеңдеу болатын. Төбешікке келсек Мәншүктен басқа тірі жан жоқ. Басынан жараланыпты. Бұрынғы ұрыс орнында емес, өз қаруының оғы таусылған соң окопқа жақын жолдасының пулеметін іске қосайын деп жатыр екен. Арамыз небәрі 4-5 метрдей ғана. Қарындасымыздың жалғыз екеніне көзіміз жеткен соң: «Мәншүк, тас­та пулеметті, жүр бізбен, тез!» деп өтініп жатырмыз. Ол болса: «Бара беріңдер, мен қалмасам сендерді кім қорғайды, Шепке жете алмайсыңдар», – деп айтқан сөзінен таяр емес. Сосын біздер: «Мәншүк қызықсың. Гитлердің бар әскерін жалғыз сен қырып тауыспақпысың, кеттік», – дедік жамырап. Көнбеді. «Жоқ. Сендерді мен қорғамасам, штабқа жете алмайсыңдар», – деп пулеметті қосып жіберді. Біз кете бардық. Артымыздан дүмпулер естіліп жатты. Біраздан соң пулеметтің үні өшіп, дала тынышталды. Біздер бір-бірімізге қарап «все» дедік. Егер сол жолы Мәншүк дәл осындай батырлық көрсетпегенде 100-ші атқыштар бригадасының сондағы жауынгерлері тірі қалмас еді. Мен сіздер­­­­­­­­­мен осылай отырмас едім. Мәселен, қара жер басып жүргенім, сол қара қыздың арқа­сы. Бүгінде біздер «Мәншүк қаншама фа­шистің көзін жойды деп емес, қаншама қазақ­ты аман алып қалды», деп айтуымыз керек. Содан қалған бірнеше жігіттер штабқа жеттік. Бригада комиссары Сақтаған Бәйішевке Мәншүктің артта қалғанын, жаудың көп күші екпіндеп келе жатқанын жедел түрде баяндадым да, өзімнің дивизионыма кеттім. Сақтаған Бәйішев бастаған топ дереу дөңгелене қорғаныс жасауға кірісті. Немістер Изочиді алғанмен, күші әлсіреп қалған болуы керек, қайтадан шабуылға шықпады. Қараша айының аяғында 100-ші мен 31-ші бригадаларды қосып 1-атқыштар дивизиясы құрылды. Жау Изочиді көпке дейін ұстап, ешкімді жолатпады. Мәншүктің ерлігін өзіміздің жауынгерлік газетімізде алдымен Асқар Закарин, сонан соң «Қазақ қызы» деп Жекен Жұмаханов жазды. Бірақ Мәншүк Батыр атағын алты айдан кейін алды. Оның себебін мен соғыс біткеннен кейін бригада комиссары С.Бәйішевтің хатшысы, кейіннен 120 миллиметрлік дивизион бастауыш партия ұйымының хатшысы болған жерлесім Байуақ Ахметовтен естідім. Ағамыз бертінде, 1974 жылы қайтыс болды. Семейде біраз жыл сол кісінің қарамағында қызмет істедім. Байуақ аға: «Егер Мәлік Ғабдуллин болмағанда Мәншүкке Батыр атағы берілмейтін еді», – деп айтып отыратын. Ол былай болған. Мәншүктің қаза тапқаны туралы жазылған газеттер Мәскеуде Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасының орыс емес ұлттардың жауынгерлері арасында үгітші болып істейтін Мәліктің қолына тиеді. Оның үстіне Мәлік Мәншүкті штабта, 1943 жылы маусым айында келгенде көргенімен қоса, анасы Әминамен хат алысып тұрған. Мүмкін Әмина қызына бас-көз бол деп те тапсырған шығар. Мәлік Мәншүктің қазасын ести салысымен дереу Невель қаласына келеді. Ол кезде 100-ші бригада тарап, 1-атқыштар дивизиясы құрылып жатады, ал Байуақ сол уақытта Невель қаласындағы 6-гвардиялық армияның резервінде тұрады. Мәлік келе сала: «Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?» – дейді. Олар ІІ дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік жатып кеп ашуланады. Сосын тұрып: «Айтыңдаршы, Алматы мен Мәскеудің арасы қанша шақырым?» – дейді. Біреуі 4800 десе, біреуі 5000 шақырым деп жатады. «Мейлі, 4 мың-ақ шақырым болсын. Басқаны қойып қазақтың жиырмаға жаңа шыққан қызы сонша қиырдан Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына винтовка алып, соғысамын деуінің өзі ерлік емес пе? Осыдан артық не дәлел керек? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар. ВЛКСМ Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Бүкілодақтық төраға Калининнің өзіне барамын. Ворошиловқа да кіремін. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды беремін», деп қайтадан құжат дайындатып, алып кетеді. Содан алты ай дегенде Мәншүкке 1944 жылы 5 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Көп жерлерде Мәншүкті батырлыққа ұсынған Қазақстан үкіметі дейді. Мүмкін Мәлік елмен хабарласып, қатынас қағаз жазыңдар деп сұраған да шығар. Әйтпесе майдан даласы қайда, Қазақстан үкіметі қайда?.. Енді Мәншүктің сүйегі жайында. Қызы Батыр атағын алғаннан кейін Әмина Мәлікке Мәншүктің басына баратынын айтады. Ал Мәншүктің ол кезде мүрдесі болмайды. Содан тығырықтан шығу үшін батыр қыздың сүйегін тапқанша деп Невель қаласында оны шартты түрде жерлейді. Осы кездесуде Мәлік Мәншүктің ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін анасына тапсырады. Оған Байуақ та қатысады. Пионерлер мен жиналғандар алдында Ә.Мәметова, Ә.Баймолдин сөйлейді. – Менің бұл кезде осы оқиғалардан хабарым болған жоқ, – дейді Ахметқазы ақсақал. – Изочидегі ұрыстан кейін мені артиллериядан алып, жаяу әскерге жіберді. Онда ешкімді танымаймын, жаңа бастықтар. Бір күні мені 1-ші атқыштар дивизиясының сая­си бөлім бастығы, полковник А.Г.Тутихин шақырады деді. Барсам, есік алдында бұрынғы 100-ші атқыштар бригадасынан танитын Тұраш Әбуов бар екен. Қуанып кет­тім. Полковник: «Сіз Изочидегі ұрысқа қатыс­тыңыз ба?» деді. Мен: «Иә», дедім. Онда Мәншүк Мәметованың жауынгерлік орны­ның қайда орналасқанын білесің бе?» – деді. «Иә, білемін», дедім. «Олай болса капи­тан Әбуов екеуіңіз барып Мәншүктің сүйе­гін тауып, Невель қаласына апарып, жер­лейсіздер», – деді де жанымызға екі жауын­герді қосып берді. Содан жолға шық­тық. Ол жердің жадымда сақталғаны сонша, қазір де тауып берген болар едім. Мәншүкке снаряд тікелей тигендіктен сүйе­гі шашылып кетіпті. Әйтеуір қыз бала, сүйегі нәзік, кішкене болған соң оңай жи­настырып, плащ-палаткаға салып, сол кездегі Невель қалалық партия комите­тінің хатшысына кіріп, мән-жайды айт­тық. Осылайша Мәншүктің мүрдесі қалалық парт­ия комитеті алдындағы алаңға жерленді. Бү­гінде батыр қызымыз полковник Әбіл­қайыр Баймолдин мен атақты мерген Ыбы­райым Сүлейменовтің ортасында жатыр». Міне, батыр қыздың екі рет жерленуінің ақиқаты жайында Ахметқазы Болатов ақсақал осылай деген еді. Мәншүктің сүйе­гін жинап, қабірінің басында сөз сөйлеген жамбылдық Тұраш Әбуов бұдан төрт-бес жыл бұрын ғана қайтыс болған. Осы жөнінде ол кісінің зайыбы Рауза апайдан сұ­рағанымызда, Тұраштың Мәншүктің дене­сін апарып, жерлеп, зират басында сөз сөй­ле­дім деген әңгімесін талай естігенін рас­тады. Қалай дегенде де, Ахметқазы ағаның сөзін анықтап, көңілде күдік қалдырмау мақсатында ол кісіден осы айтылған оқиғаларға қатысты сол күндері көзі тірі куәлерді сұрағанымда, ақсақал екі адамды айтты. Соның бірі – Сақтаған Бәйішевтің Байуақ Ахметовтен кейінгі хатшысы болған, жасы сексеннен асқан, байырғы журналист Мұхаметбек Нұртазин ағайды тауып, сөйлестім. «Мені 1943 жылы шілде айында 120-шы минометшілер дивизионында жүргенімде жауынгер газеттерінде мақалаларым жарық көріп, жазу-сызуға ыңғайымды байқаған болуы керек, С.Бәйішев өзіне хатшылыққа шақырды. Мәншүкті сол кезден бастап жақынырақ білдім. Қарындасымызды майданға алғанда, тіпті әскери билеті де болмаған. 5 рет рапорт жазып, ақыры қоймай пулеметшілер батальонына барады. Ал 1943 жылы қазанның 14-інен 15-іне қараған түні оған партбилет тапсырылды. Оған мен де қатыстым. Мәншүк билетті алғаннан кейін бес-алты сағаттан соң ұрысқа кіріп, сол жолы ерлікпен қаза тапты. Мәншүк опат болғаннан кейін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылды. Осы екі арада 100-ші бригаданы таратып, 1-ші атқыштар дивизиясына қосылдық. Мен сол дивизияның саяси бөлімінің бастығы, полковник А.Г.Тутихиннің хатшысы болып қала бердім. Бір күні ол кісі мені түнгі сағат он екіде оятып: «Тұрар, Алматыға барғың келе ме?» – дегені. «Әрине», дедім. «Олай болса, қазір Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасының бастығы А.С.Щербаковтан жеделхат келді, онда Совет Одағының Батыры М.Мәметованың денесін Алматыға жеткізуге арнайы самолет жіберетінін айтыпты. Сүйекті сен апарып кел, қайда жерленгенін білесің бе? – деді. Мен аңта­рылып қалдым. Басым салбырап, Мән­шүк соғысқан төбешік көпке дейін жаудың қолында болғанын, әлі денесінің табыл­мағанын айттым. Содан кері жеделхат жолданды. Полковник Тутихин болса дереу Мәншүктің денесін табуға әрекет жасап, онымен ұрыста болған, көрген жауынгерлерге іздеу салды. Ақыры Ахметқазыны тауып, Тұраш екеуіне Мәншүктің сүйегін Не­вель қаласына жерлеуге тапсырма берілді. Ахметқазыны мен өте жақсы білемін, жаны таза, адал, өте тәртіпті адам. 1943 жылы қазан айында екеумізді С.Бәйішев қатардағы жауынгерден кіші лейтенант шеніне бірге ұсынды. Оның айтқанының бәрі шындық», деді. Екінші осындай куәгердің бірі – 100-ші атқыштар бригадасының танкіге қарсы дивизионының саяси бөлімі командирінің орынбасары Нағымжан Нұрғазин. Ол кісі былай дейді: «Дивизионның комсомол ұйы­­мының жетекшісі, кіші лейтенант Ахмет­қазы Болатов Изочи стансасын алу үшін ұрысқа тікелей менің тапсырмаммен кет­кен еді. Және сол кездегі болған жағ­дайды дәл осындай толық баяндаған бола­тын». Маншук 03-1 СӨЗ СОҢЫ Иә, Мәншүктің батырлығына ешкімнің күмәні жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қызыл Армияда 300 мың жауынгер әйелдердің 86-сы Батыр атағын алған. Соның екеуі – қазақ қызы еді. Бұл мақала бір жағынан шындыққа көз жеткізу болса, екін­ші жағынан осы жасалған ерлікті мұра ететіндей бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қор­ғаны болар, сенім жүктер ұрпағынан өрім­дей жас қыздың еліне, жеріне деген сүйіс­пеншілігінен құлағдар ету. Заты әйел болса да намыс үшін басын қатерге тігіп, сүйегі шашылған апаларының ерлігі бүгінгі ұрпаққа титтей де болса үлгі болсын деген ниет қана. Қазақ қашанда жауынгер халық, батыр халық. Оның осы қасиеті ұрпақтан ұрпаққа үлгі, ата дәстүр болып табылады. Бұл дәстүрлер айтып, қайталағанда ғана өміршең болмақ. Мәншүк пен Әлия да осындай рухтың жалғасы... Атағына бүкіл Шығыс халқы ортақтасқан, қазақтың атын әлемге шығарған аяулы қос батыр қызымыздың даңқын асыруда не жасадық, оларға деген құрметтің нышанына жүрер қандай іс тындырдық? Елі үшін, Отаны үшін соңғы деміне дейін айқасып, қыршынынан қиылған қазақтың қаршадай екі қызын ардақтай алдық па? Аққан жұлдыздай ғұмыр кешсе де, алмас қылыштай жарқ етіп, елі үшін қасқайып кеткен қос қызғалдағымыздың қадіріне жете алдық па? Ал, бұл екінші мәселе... Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». ––––––––––––– Суреттерде: 1. Оқушы Мәншүк сынып­­­тастарымен; 2. Мәншүкке Невель қала­сында орнатылған ескерткіш; 3. Невель қала­сындағы Әбілқайыр Баймолдин, Мән­шүк Мәметова, мерген Ыбырайым Сүлей­меновтің зиратына қойылған тақта. (Суреттер Алматы қаласындағы М.Мәметова атындағы №28 лицейдегі Әскери даңқ мұражайынан алынды).