Экология • 27 Сәуір, 2022

Құмда құрбан болған қоқиқаздар

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Су көзі жоқ Сам құмында жергілікті жас тұрғын бес қоқиқаздың өлімтігін тауып алған. Қоқиқаздардың адамдар кесірінен емес, көші-қон барысында және ауа райы әсерінен өлгендігі айтылуда.

Құмда құрбан болған қоқиқаздар

Құстардың құмға көміліп қал­ған өлімтіктерін  мектеп оқушысы ұялы телефонына түсіріп алыпты. Қазіргі таңда осы оқиға бойын­ша «Сам» мемлекеттік орман қо­рының инспекторлары жедел түрде шығып, анықтау жұмыс­тарын жүргізіп жатыр.

«Соңғы уақытта Маңғыстау облысының аумағында ауа райы шаңды дауыл, желді болып тұр. Жыл құстарының миграциясы Бейнеу ауданы аумағынан өтеді. Осындай қолайсыз ауа райында ішіндегі әлсіздері орта жолда қонып, әрі қарай солтүстік ба­ғытқа ұша алмай өліп қалуы мүмкін. Бұл аумақта су көздері жоқ», деген Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі аумақтық инспекциясы ветеринарлық дәрігерлері өлімтіктерден тиісті сынамалар алу жұмыстарын жүргізетінін ха­барлаған болатын.

Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басқармасының мәлімдеуінше, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның Ақтөбе филиалының инспекторлары, Бейнеу аудандық ПБ-нің қызметкері Бейнеу ауданы аумағындағы Сам құмы және оған іргелес жатқан аумақтарды қарап шыққан. Алайда далада он күннен астам уақыт жатқан құстардың өлекселері ыдырап кеткендіктен мамандар қоқиқаздардың өлек­­селеріне сараптама жүргізе ал­маған, яғни құстардың өлу себебін анықтау мүмкін болмады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комите­тінің Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бас­қар­масының басшысы Қуат Чума­каев мәлім етті. Оның пайымдауын­ша, қоқиқаздар ауа райының қолай­сыздығынан өлген болуы мүмкін.

– Мамандар қоқиқаздардың өлген жеріне барып, бес өлексе тапты. Тексеру кезінде құстарда оқтың іздері анықталған жоқ. Вете­ри­нария саласы ма­ман­да­рының айтуынша, қоқиқаз­дардың қырылуы ауа райының қолайсыздығына байланысты болуы мүмкін. Яғни құстар әлсі­реген, жақын жерде су қой­малары болмағандықтан өлген болуы мүмкін деген болжам бар. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр, – деп түсініктеме берді Қуат Чумакаев.

Өз кезегінде Маңғыстау об­лы­сының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жауапты мемлекеттік органдарға қоқиқаздар нақты неден өлгені туралы мән-жайды анықтауды тапсыр­ған. Ал Экология, геоло­гия және табиғи ресурстар минис­тр­лігі қо­қиқаздың сирек кездесетін жануар­лар тізіміне енгізілгенін, бұл құсты заңсыз аулау жеті жыл­ға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті.