11 Сәуір, 2014

Ұлттық валютаның мығым болуына жаңа мүмкіндік

241 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
аханов с-1Еуразиялық экономикалық одақ – Қазақ елін әлемнің дамыған елдерімен тығыз байланыстырып қана қоймай, сол азулы елдермен тең дәрежеде бәсекелесу мүмкіндігіне шығаратын саяси һәм экономикалық алаң. Әрине, мұндай даңғайыр айдынға еліміз кездейсоқ шығайын деп отырған жоқ. Саясат пен экономикалық болжамдарды, түрлі деңгейдегі сараптамаларды сапырып, қамырдан қыл суырғандай сауатты түрде жүзеге асырылған нақты әрекеттердің басы-қасында жүрген сарашы мамандардың кеңесулері мен ойласуларының нәтижесінде жасалған қадам, бағыт ұстанған байлам. Экономикалық интеграциядан не күтуге болады деген сауал төңірегінде біз Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Серік АХАНОВТЫ сөзге тартқан едік. – Серік Ахметжанұлы, экономи­­­­ка­лық интеграция жағдайында біздің ұлттық валютамыз – теңгенің әрекет ету қабілеті, бағамы, жалпы қолда­ныстағы қатынасы қандай дәрежеде болады? – Теңге біздің тек ұлттық валютамыз ғана емес, ол біздің тәуелсіздігіміздің негізгі алтын діңгегі. Теңгенің өзге валюталармен дербес қатынасы және Ұлттық банктің қаржы кеңістігіндегі ұтымды қадамдары егемен еліміздің көркейіп, экономикалық өрлеу жетістігіне қол жеткізуге, сондай-ақ, Қазақстанның әлемдік қауымдастық пен жаһандық экономика айдынында ілгері басуына зор ықпал етері анық. Бүгінгі таңда теңге еліміздің бүкіл экономикалық салалары мен күллі қаржылық айналымын тұрақты реттеп отыр. Бұл дегеніңіз, өзіміздің қаржылық дербес саясатымыздың нық екенін, экономикалық серпіліс жасауға, барлық мақсаттарымызды жүзеге асыруға даңғыл жол ашылғандығын айғақтайды. Интеграциялық көзқарастан алып қарасақ, біздің қаржылық құры­лым­дарымыз ТМД аумағындағы өзге де мемлекеттермен салыстырғанда әлемдік интеграциялық қатынасқа мейлінше кіріге әрекет етіп жатқанын байқауға болады. Біріншіден, Қазақстанның қаржылық құрылымдары 15 жылдан аса уақыт халықаралық талаптарға сай жұмыс істеп келеді. Оның сыртында бізде әлемдік қаржы ұйымдары мен нарығына толыққанды сараптама бере алатын және дұрыс ұсыныстар қоя білетін базистік комитетіміз бар. Бұл комитет халықаралық талаптарды түзеді. Сол себепті біз мұндай бәсекеге қабілетті қаржылық ұйымдар қалыптастыра алатын және ілгері сүйрейтін комитетке жүгінуіміз керек. Осының бәрі еліміздің әлемдік қаржы ұйымына интеграцияланғанымызды дәлелдеп қана қоймайды, тереңірек бекемдей түседі. Яғни бұл біздің сонау 15 жылдан бері әлемдік қаржы инс­титут­та­рымен күрделі бәсекелестік байланыс­та екенімізді нақтылап, еліміздің инте­грациялық қадамдарына жаңаша екпін қосары анық. Осы сөзімізге айғақ ретін­де аздаған мысал келтіре отырып, Қазақ­стандағы 38 банктің 17-сіне шет­елдік капиталдың араласатынын, соның ішінде 17 банктің 14-і әлемдік ірі банк­тердің ен­шілес бөлігі екендігін айтсақ та болады. – Халықаралық қарым-қатынас, оның ішінде саяси және экономикалық байланыстар қозғала қалса көп ретте тәуелсіз сарапшылардың аузымен талай күмән тудырарлық пікірлер айтылып жатады. Интеграция мәселесінде де солай... – Бір іске қадам жасамас бұрын, күнілгері қауіп ойлап, кез келген жоспарды жоққа шығара салғысы келіп тұратын да әрекеттер баршылық. Мойындау керек, интеграция мәселесінде де сондай бұра тартушы көзқарас пен біржақты пікірді қозғайтын үрдіс байқалуда. Мәселен, келешекте біздің ұлттық валютамыз бен Кеден одағы мүшелігіне қатысушы елдердің қатынасын реттеуші банктер Еуроодақтың ықпалында қалып, қазіргідей дербестігінен айырылуы мүмкін деген де пайымдар айтылып жатыр. Мұндай мәселені 2025 жылға дейін шегере тұру керек дер едім. Ширек ғасыр шеңберінде мәдени, экономикалық қатынастарды жандандырып келе жатқан Еуроодақ аймағында бүкіл Еуропалық банктердің қызметіне ықпал ететін күні бүгінге дейін қаржылай экономикалық реттеуші күшке ие болған бірде-бір банк жоқ. Сондықтан да мәселенің мәнісіне тереңірек көз жүгіртпей тұрып, негізсіз байлам жасауға асықпаған абзал. Біздің теңге – экономикалық даму мен қаржы айналымын толықтай қамтамасыз етуге қабілеті зор құнды да тұрақты валюта. Енді біздің алдымызда тұрған бір ғана бағыт бар, ол – өзіміздің интеграциялық аумағымызды кеңейту жолында және біртұтас Еура­зиялық эко­номикалық кеңістікте отандық банк­теріміздің, сақтандыру компания­лары мен инвестициялық қорларымыз­ды және басқа да қаржылық құрылым­дары­мыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, даму қабілетін шыңдай түсуіміз қажет. Қазіргі таңда Еуразиялық экономика­­лық одақ бойынша 17 келісімнің үшеуіне қол қойылды. Олар – макроэ­ко­номикалық, қаржылық саясат және қаржы нарығын дамыту мәселелерін қамтитын келісімшарттар. Алайда, біздің Үкімет үшін маңыздысы – отандық қаржы ұйымдарын бәсекелі ортада қалай сақтап қалу және дамыту керек деген мәселе. Сонымен қатар, халықтың қаржылық мәдениеті мен қаржыны игеру және дұрыс пайдалана білу мәдениетін арттыру шарасы да бар. Бұл ретте әуелі менеджмент саласының мықты мамандарын даярлау ісі маңызды. Бұл біздің отандық жоғары оқу орындарымыз ерекше назарда ұстауы тиіс тапсырма деп есептеймін. – Экономикалық интеграция келешекте өзінің жүзеге асу деңгейінен соң тағы бір белеске аяқ артары анық. Сол кірігу, қалыптасу, даму кезеңдерінде біздің отандық қаржы ұйымдары қан­дай талаптарға сай болып, нендей амал­­­­дарға жүгінеді деп жоспарлай аласыз? – Қаржылық интеграция дамуында ең бірінші, біздің банктер, сақтандыру және брокерлік компанияларымыз секілді қаржылық ұйымдарымыздың бәсекеге қабілеттілік деңгейі сынға түседі. Олардың бәсекеге қабілеттілік деңгейі салымдардың ауқымына, капиталына, менеджменттің сапасы мен тәуекелдерді жүзеге асыру шараларының дұрыс жүйеленуіне байланысты артып отырады. Қазір еліміздің Үкіметі мен Ұлттық банкі отандық қаржы ұйым­дарының интеграция жағдайында толыққанды несиелеу, сақтандыру және қор рыногын қалыптастыру жолында көптеген игі істерді атқарып отыр. Біздер, қаржыгерлер еліміздің қаржы секторының даму тұжырымдамасын талқылау ісіне атсалысудамыз. Тұжы­рым­­­дамада қаржылық ұйымдардың негізгі даму бағыттары мен бәсекеге қабілет­тілік деңгейінің өсу сатысы нақты көрініс табатын болады. Өйткені, бұл – біздің болашағымыз. Айта кету керек, бұл Тұжырымдама Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен ел тарихында тұңғыш рет әрі 2030 жылға дейінгі стратегиялық құжат ретінде жасақталып отыр. Сол себепті де бұл құжатта банктер, сақтанд­ы­ру ком­паниялары, қор биржалары мен тәуе­­кел-менеджмент саласының дамуы секілді Қазақстанның ортақ экономи­ка­лық кеңістікте еркін әрекет етуіне және бәсекеге қабілетті түрде биіктер­ден көрі­нуіне жол ашатын барлық эконо­ми­ка­лық маңызды тақырыптар қамтылып отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі тамаша идеясы өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Бұл идея тәжірибе жүзінде де Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік және Еуроазиялық экономикалық одақ секілді нақты шаралармен ғалами қатынаста да баршаның назарында. Бұл біздің мемлекетіміздің прагматикалық және экономикалық қызығушылығымыз бен мүддемізді айқындайды. Бұл қар­жы­лық нарығымызды дамыту мақсатындағы таза экономикалық идеямыз. Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.