11 Сәуір, 2014

Тәртіп сақшылары жаттығу жиынын өткізді

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше еліміздегі күш және тәртіп құралдарының қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орын­дау­ға дайындығын тексеруге арналған республикалық жиын өткізілді. Ауқымы жағынан теңдессіз бұл жиын еліміздің 12 облысы мен Алматы қаласында бір мез­гілде жүргізілді. Жиынға Ішкі іс­тер министрлігі ішкі істер орган­дары мен ішкі істер әскери қыз­меткерлерінен бөлек, Төтенше жағ­дайлар министрлігінің өрт қызметі мен басқа да бөлім­ше­лерінің, көлік және басқа да органдардың қызметкерлері, Қарулы Күштердің әскери қыз­меткерлері қатысты. Жиынды Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров басқарды. Іс-шараның жүру барысын Қазақстан Рес­публикасының Премьер-Ми­нистрі Кәрім Мәсімов бақылады. Жиын өзінің мақсатына жетті, онда мемлекеттік органдардың өзара бірлескен іс-қимылы пы­сықталып, полицейлер мен апат­ты-құтқару қызметінің техникамен жарақтандырылу жайы, олардың жұмыстарындағы қалыптасқан дағдылар, сондай-ақ күштер мен құралдарды бекі­тілген нормативті мерзім шең­берінде басқа жақтарға ауыстыру жөніндегі әрекеттердің жүзеге асырылу деңгейі тексерілді. Жиын біткеннен кейін бар­лық күштер мен құралдар өзде­рінің тұрақты орындарына қай­тарылды. Премьер-Министр Кәрім Мә­сімов Ішкі істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың жиын барысындағы іс-қимылына тұтастай алғанда оң баға берді. «Егемен-ақпарат».