11 Сәуір, 2014

Ұлт мұратының ұйытқысы

266 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
фото С.ЕлюбаеваҚазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы тәуелсіз Қазақстанның тұрақты дамуын қамтитын және мемлекетіміздің  барлық саласына тың серпін беретін, халқымыздың игілігін кеңейтетін нақты іс-жоспарға құрылған шын мәніндегі тарихи құжат екені даусыз. Қазақстан ғасырға татитын ұлан-ғайыр табыстарға жеткен, бірақ тарихи қысқа жолдан өтті. Дербес даму жолының нысанын тауып жаңа заманауи белес­ке шықты. Ал, осыдан 15 жыл бұ­рын қабылданған ұзақ мерзімді «Қазақстан-2030» Стратегиясы бізге даму жолымызды нақтылауға бағыт берді.Бағдарламада межеленген 7 бағыт толық орындалды. Ұлттық қауіпсіздігімізді қорғап, мыңдаған шақырымдық еліміздің шекарасын анықтап, дербес мемлекеттік қауіпсіздігіміз сақталды. Саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, еліміздегі тұрақтылық пен ұлт­аралық татулық орнықты. Ел экономикасы өркендеп, дүние жүзіндегі дамыған 50 елдің қатарындамыз. Ғылым мен білімге, денсаулық сақтауға баса назар аударылып, жаңа мектептер, ауруханалар, ба­ла­бақшалар салынды. Мұның өзі ұзақ мерзімге жоспарланған «2030» Стратегиясының межесінен бұ­рын орындалғанының белгісі. Баршамызға белгілі, өмір сапасы тікелей білім сапасына байланысты. Ал сапалы білім тек қана ғылым арқылы беріледі. 2050 жылға қарай әлемдегі 30 озық мемлекеттің қатарына қосылудың басты факторы да ғылым екені аян. Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында ғылым мен білім саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл жолғы Жолдауында оған терең екпін берді. «Ғылыми қамтымды экономика құру, ең алдымен, Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру қажет. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерт­теу­лер мен инновацияларды қолдау жөніндегі заңнаманы жетілдіру керек. Ғылымды қаржыландыру көлемін біртіндеп арттырып, оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде нақты жоспар құру керек», деді Елбасы. Бұл салада ғылыми орта­лық­тарда, белді университеттерде, оның ішінде Ш.Уәлиханов атын­дағы Көкшетау мемлекеттік уни­верситетінде де белгілі бір дең­гейде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Университетіміздің ғылы­ми-зерттеу бағыттары Қазақстан ғы­лымының дамуы мен аймақ­тың өзекті мәселелерінің басым­дықтарымен сәйкес келеді. Осы­ған орай, Білім және ғылым министрлігінің байқауларында уақыт талабындағы 11 жоба жү­зе­ге асырылып келеді. Грант­тық қаржыландыру 4 басым ба­ғыт­қа топтастырылған: энергетика (2), ақпараттық және телеко­м­муникациялық технологиялар (1), елдің зияткерлік әлеуеті (6), өмір туралы ғылым (1), бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру (1). Егемен еліміздің ғылымына орасан зор үлес қосып жүрген университет ғалымдары У.Сағалбеков, Ә.Құсайынов, Х.Байшағыров, И.Костиков, Т.Есенеев, Т.Сейіл­ха­нов, О.Анищенко, Б.Жахина, С.Жәмбек және басқалары ізденіс үлгісін танытуда. Мәселен, уни­вер­ситеттің жаңа жобасы ретінде биология ғылымдарының докторы, профессор Әбілжан Құсайыновтың жетекшілігімен В.И.Вернадский атындағы «Ноосфера» Еуразиялық тұрақты даму орталығының бөлімшесі құрылды. Мұнымен қоса, Елбасының бастамасы бойынша, Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық дамуының басымдықтарына сәйкес, 2009 жылдың 17 сәуірінде құрылған ин­же­нерлік бейіндегі ЯМР-спек­троскопия зертханасы доцент Төлеген Сейілхановтың басшы­лығымен жұмыс істейді. Ал, 2004 жылдан бастап уни­­верситетімізде техника ғы­лым­­дарының докторы, ЭҚҒХА ака­демигі Хайролла Байшағыровтың же­текшілігімен энерго үнемдеу және тиімді энергетикалық технологиялар лабораториясы жұмыс істеуде. Жаңа ғылыми бастама санатында КМУ-дің жанынан тарих және гуманитарлық ғылымдар бағыты бойынша, профессор Қадыржан Әбуовтің жетекшілігімен аймақтық ғылыми-зерттеу институты ашылды. Инновациялық қызметті бел­сенділендіру үшін және кеңейту мақсатында 2012 жылдың ақпан айында С.Сәдуақасов атындағы Аграрлық-техникалық институттың базасында жас ғалым Ермек Сағал­бековтің жетекшілігіндегі агрои­н­новациялардың ғылыми зертханасы ашылды. Осынау ғылыми ортада шынығып, тәлім-тәрбие алып жүрген жас ғалымдар мен студенттер қатары қалыңдай түсуде. Қазіргі таңда білім ордамызда даярланатын мамандардың оқу жоспарларын еуропалық стан­дарт­тарға сәйкестендіруге, акаде­миялық дәрежелердің халық­ара­лық деңгейде мойындалуына, кредиттік технология бойынша сы­нақ­тардың бірлік жүйесін енгізу арқылы академиялық ұтқыр­лықты қамтамасыз етуге, қос дип­ломдық білім бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік туып отыр. 2005 жылы университет сапа менеджменті жүйесін енгізді. ЖОО-ның оқу, тәрбие, кадр­лық, қаржылық және басқа да үде­рістерінің жоғары деңгейін растайтын ИСО: 9001-2000 бағамы халық­аралық стандарт талаптарына сәйкес қайта сертификаттаудан сәтті өтті. Университет PLATONUS оқу үдерісінің электронды басқару жүйесін қолданады. Қазіргі уақыт­та бұл электронды жүйе оқу үдері­сінің маңызды бөліктерінің біріне айналған. Еуропалық білім беру кеңіс­ті­гіне енудің негізгі факторы – халықаралық келісім және ака­де­миялық ұтқырлық (интеграция) бағдарламасы. Бұл бағдарлама да белсенді түрде жүзеге асырылуда. Университетіміз «Erasmus mundus», «Темпус» бағдарламалары бойынша Ресей, Латвия, Ұлы­бри­тания, Чехия, Украина, Гер­ма­ния, Польша, Италия, Испа­ния, Өз­бекстан, Қырғызстан елде­рі­нің және республикамыздың бел­ді уни­вер­ситеттерімен байланыс ор­натқан. Мұның жемісті қайта­ры­мы ретінде өткен жылы «Еуропа­лық сапа» Халықаралық сыйлы­ғы­на ие болғанымызды айтуға болады. Сондай-ақ, былтыр уни­вер­ситетімізде TEMPUS CIBELES және EPASAT бағ­дар­ламалары бойынша ресурстық орталықтарды ашу сал­та­наты өтті. «Болашақ» мемле­кеттік бағдарламасы аясында оқытушылар мен студенттер шетелдерге барып, білім алады, тағылымдамалардан өтіп жүр. Сондай-ақ, бірнеше миллион теңгелік оннан астам ғылыми жобаларды ұтып алуға қол жеткіздік. Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаев әрдайым елдің рухани, мәдени дамуына ерекше мән беріп отырады. Оның ішінде тіл мәселесіне байланысты сындарлы саясаттың жүргізіліп отырғаны болашақ соқпақтарының саралығын айқындайды. Бұл жолғы Жолдауда да қазақ тілін ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналдыру қажеттігі айтылды. Осы орайда, тілге үнемі қолдау көрсетумен қатар, өзімізді әрдайым қамшылап отыру қажеттігін де ескертті. Университетімізде осы үдеден шығу үшін көптілділікті дамыту бөлімі құрылып, «Болашақ» бағдарламасы аясында шет елдерде тағылымдамадан өтетін оқытушылар мен студенттерге арналған «Қазтест», «IELTS» бағ­дарламалары бойынша дайындық курстарын жүйелі өткізіп жүр. Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткен тағы бір мәселе – шәкіртақының өсуі. Яғни 2016 жылдан бас­тап оның мөлшері көтеріліп, жақ­сы үрдіс жалғасын таба беретін болады. Мұны студенттер қауы­мына, Қазақстанның бола­шағына, оның интеллектуалды болашағына құйылған инвестиция, үлкен қолдау деп түсінеміз. Осы орайда, Ақмола облысының әкімі Қ.Айтмұхаметов университет ұжымымен, студенттерімен кез­десу өткізіп, университеттің биік нәтижелеріне ризашылық біл­дір­генін айтқым келеді. Облыс әкімдігі тарапынан өткен жылы 61 студентке шәкіртақы беріл­ген болатын, соларға биыл тағы 51 студент қосылды. Бұл Үкіме­ті­міз­дің жастарымызға деген жана­шыр­лығының, олардың жағдайына үнемі көңіл бөліп отырғандығының белгісі екендігі сөзсіз. Мұнымен қоса, университеттің ішкі мүмкіншілігін барынша кеңейту, студенттердің еркін әрі са­палы білім алу мәселелерін нығайту мақсатында да қыруар жұ­мыс­тар атқарылуда. Заман тала­бында жабдықталған жаңа кабинеттердің көптеп ашылып, сту­денттер тұрағы – жатақхананың жылу жүйесі, тұрмысы, тазалығы, тәртібі түзу жолға қойылған. Ағымдағы жылы университет ұжымы мен педагогикалық жас­тар ұйымының делегациясы, білім басқармасының мамандарымен бірлесіп, облыстық балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік бейімделу және оңалту орталығымен екіжақты ынтымақтастық жө­нін­де келі­сім­шарт жасалды. Со­ны­мен қатар, биылғы жы­лы уни­вер­­­ситет басшылығы мен ақ­па­рат­­тық-насихаттау тобы Бура­­бай ауданындағы қарт­тар мен мүгедектер үйіне Елба­сы Н.Ә.На­зар­баевтың халық­қа Жол­дауын насихаттау, қайы­рым­дылық көмегін көрсету жұмыс­тарын жүргізіп, концерт қойды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биыл­ғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жол­­дауында айтылғанындай, елі­міз­ді ертеңгі ерен істерге бастайтын бүгінгі білімді де білікті, сала­мат­­ты ұрпақ. Өйткені, болашақ тәр­­бие­лі, елжанды жастардың қолын­да. Сағынтай ЕЛУБАЕВ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты. Ақмола облысы.