11 Сәуір, 2014

Дәнекер

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Азаматтық  қоғам – үлкен күшке  айналып  келеді. Үкіметтік  емес ұйымдар атқарушы  биліктің бармаған, мүмкін  үлгермеген мәселелерін көтереді, істің шешімін  табуына жағдай жасайды.  Сөйтіп, атқарушы  билік пен жұртшылық  арасындағы  дәнекерге  айналады. Жақында Президент Әкімшілігі, Мәде­ниет министрлігі және Қостанай облыстық әкімдігі бірігіп өткізген семинарда осы мәселе қаралды. Оған Астана және Алматы қалаларының және облыстардың ішкі саясат басқармаларының жетекшілері қатысты. Семинар өткізіліп отырған Қос­танай облысы өңіріндегі атқарылған істер семинарға қатысушылардың қызығу­ш­ылығын ту­ғызды. Үкіметтік емес ұйым­дардың басы-қасында жүрген энтузиастар бұл күнде қайырымдылық жобаларды тек ұтып алған грант қаржысына ғана атқармайды, оған кәсіпкерліктен түскен табысты да салады. Облыстың әлеуметтік дамуында маңызды секторға айналып отырған үкіметтік емес ұйымдар проблемалық мәселелерді шешуге келгенде мемлекеттік органдардың толыққанды әріптесіне айналып үлгерді. Семинарға қатысушыларға Қостанай облысында жұмыс істеп жатқан бірнеше үкіметтік емес ұйымдар жұмысы таныстырылды. Мысалы, «Арылу» («Преодоление») ор­талығы мүшелерінің басым көпшілігі арба­да отырған жандар. Оның залдары зама­­науи электронды аппаратуралармен, трена­жерлармен жабдықталған. Мүмкіндігі шек­теулі жандар осыған келіп жаттығады. Олар­ға мұны ешкім де жасап берген жоқ, өздері қол жеткізді. Орталық мүшелері «жыла­маған балаға емшек жоқ» деген қазақы қағиданың дұрыстығын әлдеқашан түсінген. Сондықтан, олар әкімдіктен дүкен­дерге дейін, жалпы, арбада отырған адам­дардың баратын орындарының барлы­ғын да еліміздің заңдарына сәйкес қолайлы пандустардың болу керектігін зерттейді, тек­се­реді, тиісті орындарға айтып, жасатады. Ал «Хатико» қалпына келтіру орталы­ғына барып, мүгедектер демалады, емделеді. Ол орманның ішінде, табиғат аясында орналасқан. Маңдайшасына «Жапон халқынан ескерткіш» деп жазылған. Мәттәқам жапондар грантпен берген қаржысының өз мақсатына жұмсалуын және тез орындалуын жіті қадағалапты. Үкіметтік емес ұйым мүшелері орманның ішіне лездің арасында ерекше үйді салып, онда мүмкіндігі шектеулі жандардың емделуі мен демалуына жағдайды жасап қойды. Төрт қабырғаны баққан ғаріп жандардың көпшілігіне ормандағы мұндай демалыс үйіне бару түгілі үйден шығудың өзі мұң емес пе? Үкіметтік емес ұйымдардың белсенді қыз­метін жергілікті билік те ескермей отыр­ған жоқ. Осыдан бір-екі жыл бұр­ын олардың пайдалануына Қостанай қаласындағы сәнді тарихи ғимараттың бірін берді. Онда қазір «ГрИн» азаматтық бастамаларды дамыту орталығы орналасқан. Бұл қамқорлықтың қарым­тасын үкіметтік емес ұйымдар қайтар­май отырған жоқ. «ГрИн» орталығы осы аз уақыт ішінде үкіметтік емес ұйымдар мү­ше­леріне үш мыңдай ақыл-кеңестер бер­ді, отыздың сыртында семинарлар мен тренингтер, екі рет әлеуметтік бастамалар мен жобалар жәрмеңкесін өткізді. Сонымен қатар, мемлекеттік сұраныстарды орындап, ондаған миллион теңгенің гранттарын жүзеге асырды. Семинарға қатысушылар үкіметтік емес ұйымдар мен жергілікті билік ықпалдаса жұмыс істесе шешімін таппайтын мәселе болмайтынын түсінді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.