(жалғасы)
Дамудың жаңа кезеңі
Қорыта айтсақ, алдымыздағы онжылдық ел шаруашылығын индустриялық деңгейге көтеретін өте бір маңызды кезең болғалы тұр. Осы стратегия Елбасының тікелей басшылығымен жасалды. Одан біздер стратегиялық болжау мүмкіндігіміздің өскенін, күрделі проблемаларды шешу барысында ұтымды тәжірибелер жиналғанын байқаймыз.
Қазіргі стратегиямыздан әлем елдерінде бұрын болмаған үлкен дағдарысқа байланысты мемлекет пен нарықтың ара қатынасы туралы қалыптасқан тұжырымның өзгере бастағаны да байқалады. Батыс елдері осыған дейін нарық экономикасы тетіктерін негізгі дамыту күштері деп санап, мемлекетке осы саланың тек “түнгі күзетшісі” міндетін ғана бөліп беріп келді. Ал әлемдегі экономика-қаржы дағдарысына тірелгенде күйзеліске ұшыраған шаруашылық салаларына, банктерге, компанияларға көмекке келетін мемлекеттен басқа ешкім табылмады. Либералдық экономика қоғамның тұрақты дамуын барлық уақытта қамтамасыз ете алмайтыны әлем елдеріне белгілі бола бастады. Сондықтан да нарық қатынастарын дамыта отырып, мемлекеттік реттеу шараларын да қолдану керек. Бұл тек қалыптасқан пікір ғана емес, әлем елдерінде әртүрлі деңгейде қазір қолданылып жатқан, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан реттеу шаралары.
Қазақстанда да осындай деректі шаралар жүргізіле бастады. Стратегиялық жоспарлау, оны экономиканы басқару жүйесіне енгізу тетіктері туралы Елбасының арнайы Жарлығы қабылданды. Алдымыздағы стратегиялық даму жолымыз тиянақты деуіміз осы ұзақ мерзімге жасалған жоспарларымыздан туып отыр. Индустриялық-инновациялық даму ісі, оны ұйымдастыру, қолдау, бақылау бұрынғыдан да көбірек мемлекетке жүктеліп отыр. Осындай бізде болып жатқан өзгерістер әлем елдерінде экономика саласында мемлекеттің рөлін көтеру шараларымен үндес. Бұл да Президенттің әлем елдерінде болып жатқан өзгерістерді өз назарында ұстап отырғандығының, оларды терең түсінгендігінің айқын көрінісі.
Жалпы Қазақстандағы реформалар әлем елдерінде болып жатқан аталмыш саладағы реформалармен, оның озық үлгілерімен сабақтас. Шетел сарапшылары Назарбаев реформаларын екінші жаһан соғысында ойраны шық-қан Германияны аяғынан тұрғызған Людвиг Эрхардтың реформаларымен салыстырады. Оның “баршаға жақсы тұрмыс” (благосостояние для всех) атақты даму тұжырымдамасымен Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген “алдымен – экономика” саясатындағы бір-біріне ұқсастық, сабақтастық, үндестік бар екенін атап айтады. Сарапшылар біздегі экономикалық даму Малайзия еліндегі реформаларға да үндес екенін көрсетеді. Малайзияның “2020-көзқарас” бағдарламасы, мемлекет пен жекеменшік секторының осы елді дамытуға үйлесімді атсалысуы әлемдегі жақсы дамыған елдердің қатарына қосудың бірден-бір себебі еді. Қазір Малайзия қоғамның постиндустриялық сатысын аттап өтіп, бірден инновациялық сатыға жету қамында. Аталмыш елдегідей мемлекет пен жеке сектордың тығыз әріптестігі, байланысы, алысты көздеген стратегиялық жоспарлар, заманауи ақпараттық технологиялар қалыптасып, даму үстінде. Президент жасампаз басшы ретінде әлем елдерінде көрген озық үлгілерін өз елінің шаруашылық немесе басқару жүйесіне енгізуге ерекше көңіл бөлуде. Корпоративті басқару жүйесін жақсарту мақсатымен Сингапурдегі холдингтер тәжірибесін, Оңтүстік Кореядағы ірі компаниялардың жұмыс тәжірибесін, ислам банктерінің кәсіпкерлерге несие беру озық үлгісін, Қытайдағы арнаулы экономикалық аймақтар құру жобасын біздің өмірімізге де енгізіп қолдануды алғаш ұсынған Елбасы болатын.
Әлемдегі экономиканың тиімділік деңгейіне, әлем өркениетінің басқалар жеткен көкжиегіне жету жолында Елбасының Қазақстан халқына әр жылдағы арнаулы жолдауларының маңызы өте зор. “Бәсекелестігі жоғары Қазақстан үшін, бәсекелестігі жоғары экономика, бәсекелестігі жоғары ұлт үшін” деген Елбасының Жолдауы қазір біздің ұлттық идеологиямыз іспеттес. Әлем елдері қазіргі заманда, әсіресе болашақта ортақ бәсекелестік кеңістікте өмір сүреді. Кімнің халқы, шаруашылық жүйесі бәсекеге дайын болса, келешек соныкі. Сондықтан да адами тұрғыдан, дүниені танып-пайымдаудан, өскелең ұрпақтың білімі мен біліктілігі жағынан, экономиканың тиімділігімен бәсекелестікті арттыру бұл әрбір елдің, оның ішінде Қазақ елінің де түпкілікті мақсаты. Аталмыш Жолдау халықты осындай ізгі мақсаттарға жетуге шақырып отыр.
Қазақ елін әлемнің ең алдыңғы қатардағы 50 мемлекетінің санатына қосу туралы келесі Жолдауында ұсынған Президент жобасының да маңызы өте зор. Ғасырлар бойы әлем елдерінің көшінің сонында келе жатқан Қазақ елі үшін сол елдердің алдыңғы тобына қосылу асқақ арман. Біздің тарихымызда осындай өр міндет, биік мақсат бірінші рет қойылып отыр. Оны тек айтып қана қоймай, мақсатқа жету үшін жүрер жол, алатын асулар Елбасы Жолдауында жан-жақты сипатталған. Бұл баста-маның да рухани әсері күшті, қоғамымыздың қай саласын алсақ та істеген ісімізді, көтерілген биігімізді осы елу озық елдердің деңгейлерімен салыстыра бастадық. Дәл бүгін әлем дағдарысының салқын әсеріне байланысты ілгерілеуіміз сәл бәсеңдеген болар, бірақ елу озық елдердің санатына қосылу Қазақ елінің болашақта жүретін сара жолы екенінде ешкімнің күмәні жоқ.
Өткен жылы Әл-Фараби атындағы ұлттық университет студенттерімен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда зайырлы ұрпақ, зайырлы ұлт қалыптастырудың жолын, жобасын ұсынды. Бұл да қазақ қоғамының алдына тұңғыш рет қойылып отырған тарихи міндет. Зайырлы ұлт білімі мен біліктілігі жоғары, заманауи техника мен технологияларды толық меңгерген, қоғамды дамытудың ең озық үлгілері мен әлем тәжірибесін игере білген һәм жасампаз ұлт. Сондықтан да ол әлем деңгейіндегі қатаң бәсекеге дайын, заманының өктем талабын түсініп қана қоймай, соған сәйкес іс-қимыл жасай алатын ұлт. Міне, осындай ұрпақты өсіру Президент арманы. Және де оны орындау мақсатымен білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, тәрбие, рухани даму салаларында көлемді іс-қимылдар, бағдарламалар жүргізіліп, көзделіп отыр.
Жоғарыда көтерілген мәселелер біздің қоғамға тарихи өте бір жауапты міндеттер жүктеуімен қатар оны орындау үшін осы қоғамның, қазақ мемлекетінің әлі де есейіп, жетілуі, кемелденуі, жасампаздық әлеуетінің әлі де арта беруін талап етеді. Әр қоғамның даму қарқыны, оның өсу деңгейі басшысы бастаған, халқы қостаған ішкі және сыртқы саясатына байланысты.
Президенттік басқару тиімділігі
Біздің егемен елдің тарихында президенттік басқару жүйесі Нұрсұлтан Назарбаев есімімен тікелей байланысты. Президент және ол құрған мемлекеттік жүйе тәуелсіздік жылдары еліміздің тұрақты және жаңару, жаңғыру жолымен жүруін қамтамасыз етті, оған керекті жағдайды жасады, әлі де жасау үстінде.
Енді осы мүмкіндіктерге тоқталып көрейік. Жалпы алғанда олар баршамызға белгілі, дегенмен, оларды атасақ, мақсатымыз Президент басқарған билік жүйесінің кәсіби деңгейінің жоғары екендігін көрсету ғана емес, осы мүмкіндіктерді алдағы уақытта барынша тиімді пайдаланып әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымызды бұдан да жақсы өсіруіміз керектігін ескерту.
Бірінші мүмкіндік тәуелсіздіктің басында-ақ экономикамыздың болашақ жүйесін бұлтартпай тапқанымыздан басталды. Президент Қазақстан халқына нарық үлгісін ұсынып, осы жолмен жүруге шақырғанын мақала басында айттық. Міне, содан бері басқаға алданбай, осы нарық жолымен, оның тетіктері мен тәлімдерін игере, бойымызға сіңіре ілгері жүріп келе жатырмыз. Және де осы саладағы әлем елдеріндегі озық тәжірибе мен үлгілерді өз шаруашылық жүйемізде пайдалануға да талпыныстамыз. Сөйтіп, экономикада тұрақты дамудың іргесі қаланды, негізі салынды. Нәтижесінде әлем елдерімен тереземіз тең мемлекет ретінде дүниежүзілік экономикалық кеңістікке кірдік, осы тұрғыдан олармен қарым-қатынас жасау мүмкіндігі туды. Қазір елімізге шет елдерден инвестициялардың келіп жатқаны, әлемдегі ірі компаниялардың біздерде кәсіпорындар ашып, экономикалық қатынасты дамытуға ынталы болуы да бізде құрылған нарық жүйесінің беделі мен мүмкіндігінің арқасы.
Болашақ жолын бірден тауып, осы бағытынан айрылмай, ұзақ даму әлем елдерінің, әсіресе егемендік туын алғаш көтерген елдердің бәрінде бола бермейді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1,5 ғасырдың ішінде Латын Америкасы елдері өздерінің экономикалық жүйесін үш рет өзгерткені белгілі. Осындай өзгерістерді кезінде Қытай Халық Республикасы, Малайзия, Индонезия, кейбір басқа да мемлекеттер өз бастарынан өткізді. Көршілеріміз де жүрер жолын баяу бастағанын көрдік. Бізде бір бағытта тұрақты даму мүмкіндігі болды. Мұны біз президенттік басқару жүйесінің ұлттық дамудың шешуші факторына айналғандығының айқын дәлелі дейміз.
Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатының өз елінің ұлттық мүддесін қорғап, өз елі үшін тиімді екеніне ешкім күмән келтірмейді. 130-дан артық елдермен сауда қатынасы орнаған, көптеген елдерден миллиардтаған инвестиция құйылып жатыр, әртүрлі халықаралық экономика саласындағы ұйымдардың Қазақстан беделді мүшесі.
Президенттің әлемдегі дағдарыс кезіндегі Қытайға, Ресейге, араб елдеріне, Кореяға сапары осы бір қиын кезеңде елімізге қажет инвестициялар әкелді. Оның АҚШ-қа, Францияға, Ресейге, Италияға сапары осы елдермен қарым-қатынасты стратегиялық әріптестік дәрежесіне көтерді. Яғни, осы елдермен экономикалық байланысты жан-жақты дамытып, олардың жаңа техника, жаңа технология жасайтын кәсіпорындарымен әріптестік байланысты күшейтті. Барған жерінен туған елінің ұлттық мүддесіне жарайтын тәжірибе, озық үлгі, басқа да жаңалықтарды әкелу Президент дәстүріне айналды. Президент арқылы әлемдегі ең беделді мемлекеттердің, ұйымдардың, қауымдастықтардың Қазақстан үшін есігі айқара ашылды. Мұны біз, қайталап айтсақ, Елбасының өз еліне, оның тұрақты дамуына жасаған мол мүмкіндігі дейміз.
Осындай ел, қоғам даму үшін ең керек мүмкіндіктердің – еліміз тандаған сара жолдың анықтығын, өз жерімізге ешкім ала көзімен қарамай, шекарамыз беріктігін, қоғамда тыныштық, түсіністік, бірлік барлығын, Қазақ елінің қауіпсіздігінің мықты екенін, оның әлем елдерінде жаулары жоқ екенін, әлемдегі ең ірі мемлекеттермен стратегиялық қарым-қатынаста екенімізді біздер, қазақстандықтар, білеміз бе? Иә, білеміз. Олар үшін Президентті құрметтейміз, қадірлейміз. Ол да дұрыс болар, әсіресе Елбасы өз өмірінің ең маңызды белесіне шығу қарсаңында. Ілияс ақын айтқандай, “өз ұлын, өз ерлерін мақтамаса, осы жұрт қайдан табар кемеңгерді”. Ол ел құрметіне барынша лайық тарихи тұлға.
Сонымен қатар, әңгіме тек мұнда емес, әңгіме Қазақстанның дамуы үшін осы жасалған зор мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалана білуде. Осы жағынан қоғамда олқылықтар бар. Тіпті кішігірім мәселелердің өзін шешу үшін Президенттен нұсқау күту дәстүрге айналған. Үкімет, министрліктер, әкімшіліктер тарапынан жауапкершілікті өз міндетіне алып, белсенді жұмыс істеу жетіспейді. Кейбір жауапты істерде, бағдарламаларды орындауда көзбояушылық бар. Қолдағы мүмкіндіктерді толық пайдаланбау біздің алға жүруімізді бәсеңдетеді. Шаруашылықтың көптеген салаларынан біздер белсенділіктің аздығын, жауапкершіліктің төмендігін көріп отырмыз. Осыған байланысты бүгінгі таңда маңызы зор бір-екі мәселеге тоқталғанды жөн көрдік.
Президенттің халыққа жолдауларында ауыл экономикасын жетілдіру, ауыл шаруашылығын ірілендіру мәселелері бір емес, бірнеше рет көтерілді. Реформалардың басында ауыл экономикасын жекешелендіру үрдісі нарық экономикасына көшудің негізгі талаптарының бірі еді. Әлемде осындай тәжірибе бар. Көптеген елдерде жеке шаруалар, фермерлер мал өсіріп, егін егіп, пайдасын көріп және де өз елін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, барлық елдерде де ауылдағы шаруашылық жүйесі дәл осындай үлгімен қалыптасты десек, ол жаңсақ пікір. Мысалы, Израиль еліндегі кибуцилер жеке фермерлер шаруашылығы емес, ол өндірістік кооперативке, кеңес тілімен айтсақ, ұжымшарларға ұқсайды. Жұмыстары тиімді, бау-бақша өнімдерімен бүкіл Еуропаның “оңтүстік жылыжай” міндетін атқарып отыр. Бұрынғы кеңес республикалары колхоз-совхоздарын таратып жібергенде, оларды таратпай сақтап қалған Белоруссия еді. Олар да бүгін Еуропа елдері мен Ресейдің сүт фермасының міндетін атқарып отыр.
Біздер шаруа қожалықтарын құрдық. Бірақ олар осы егемендік жылдары өздерінің өміршең екенін дәлелдей алмай келе жатыр. Ұзақ жылдар елімізде мал басы, әсіресе асыл тұқымды мал басы айтарлықтай өспеуде. Жер құнарлылығы төмендеп, гектарға шаққанда егін түсімі де өспеді. Еңбек өнімділігі өте төмен. Президент атап көрсеткендей, біздің ауылдағы әрбір шаруа орта есеппен жылына 3000 доллар табыс табады екен, ал батыс елдерінің осындай жылдық табысы 50-70 мың доллар, яғни 15 есе көп.
Ауыл экономикасын көтеру үшін мемлекет көптеген қаржы жұмсауда. Оны көтеру үшін үш жылдық арнайы бағдарлама қабылданған еді. Ауылдағы елді мекендерді қалпына келтіру бағдарламасы алынған-ды. Ауылдық жерлерде мектеп, емхана немесе дәрігерлік көмек беретін орындар салуда, сол сияқты оларды ауыз сумен қамтамасыз ететін қатынас жолдарын жөндейтін арнаулы жобалар жасалып, оларға миллиардтаған қаржы бөлінді. Егін салу, мал өсіруге мемлекет тарапынан жәрдем әр жылда беріледі. Осындай көлемді шаралар ауыл экономикасын құлдыраудан шығарды.
Дегенмен, осы саланың тиімділігі әлі заман талабына сай емес, ауыл өнімдерінің бәсекелік дәрежесі төмен. Ауыл экономикасын ұйымдас-тыру саласында олқылық бар, біз дәстүрлі қалыптасқан шаруашылық менталитетімен дұрыс үйлесімді басқару жүйесін әлі таппаған сияқтымыз.
Кеден одағының келелі міндеттері
Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі Ресеймен, Белоруссиямен бірігіп, Кеден одағын жасау. Әлемде ондай тәжірибе бар. Еуропа, Азия, Америка елдерінде 11 кеден одағы жұмыс істеуде. Бүгінгі интеграциялаудың ең озық үлгісі Еуропа одағы кезінде кеден одағы болып, одан өткен. Кеден одағының негізгі міндеті экономикалық ықпалдастықты дамыту, одақ мүшелерінің арасында еркін саудаға және үшінші елдермен тең дәрежеде сауда саясатын жүргізуге қолайлы жағдай жасау. Осы тұрғыдан экономикалық, әсіресе геосаясат үшін мұндай одақтың маңызы зор.
Дегенмен, Қазақстанның аталмыш елдермен Кеден одағын құруы біздер үшін өте бір жауапты шешім болғалы тұр. Егемендік алып, нарық жолына түскенімізден кейінгі экономика саласындағы ең күрделі өзгеріс, дәлірек айтсақ, бетбұрыс осы одаққа кірумен байланысты болып тұр. Ресми мәліметтерде құрылып жатқан одақтың кейбір ережелері жарияланды. Олардың саяси астарына үңілсек, егемендік тұсында экономика саласында ел болып қол жеткен дербес биліктің кейбір тетіктерін басқаға, кеден одағын басқаратын ұжымға беруге тура келеді екен. Біреулер мұны кеденді реттеу туралы кейбір техникалық міндеттерді республикадан алып, аталмыш ұжымға беру ғана дейді. Өз басым бұл техникалық міндеттер емес, экономикадағы егемендігімізді басқалармен бөлісу дер едім. Өйткені, кеден – әр елдің басқа елдермен сауда-саттығын, оның тиімді-тиімсіздігін анықтайтын, экономиканың өте бір маңызды саласы. Сондықтан оны реттеу экономикадағы егемендікпен тікелей байланысып жатады.
Кеден одағында шешім қабылдау рәсімі бойынша Ресейдің дауысы 57 пайыз, Қазақстан мен Белоруссияның әрқайсысының дауысы 21,5 пайыз деп белгіленген. Ол да көптеген сұрақтар туғызады. Егемендікті пайызбен өлшеуге бола ма? Осындай жағдайда мәселені шешу тізгіні тек қана Ресейдің қолында бола бермей ме? Бір-бірімен терезесі тең мемлекеттер одақ құрып жатса, мәселе қараларда әрқайсысы бір-бір дауысқа ие болып, шешімді консенсус, яғни бір ауыздан келісім арқылы неге қабылдамасқа. Осы сұрақтар дұрыс шешімін табуы керек, өйткені үш ғасыр бойы билігі өзінде емес, басқада болған, армандаған тәуелсіздігіне жақында ғана қолы жеткен қазақ халқының осы билікті басқалармен бөлісеміз дегенге сезімі нәзік, құлағы түрулі, күдігі мол. Әлемдегі кеден одақтарының тәжірибесіне қарасақ, оларда әр мемлекеттің үлесін пайызға шақпай, мәселені консенсус арқылы шешу тәртібі қолданған.
1969 жылдан бес Оңтүстік Африка (ОАР, Ботсвана, Свазеленд, Лесото, Намибия) елдерінің Кеден одағы жұмыс істейді. Оны министрлер кеңесі басқарады. Шешім тек консенсус арқылы қабылданады.
Оңтүстік Америкада төрт мемлекет (Аргентина, Бразилия, Парагвай және Уругвай) ортақ рынокта жұмыс істейді. Басты мақсаттарының бірі осы елдердің арасында еркін сауданы ұйымдастыру. Ортақ рынокты басқаратын әр мемлекеттің өкілдерінен тұратын Кеңес, ол шешімдерін консенсус арқылы қабылдап, жүргізеді. Осы елдердің интеграцияны дамыту мақсатында құрылған ортақ парламент комитеті де бар.
Еркін сауданы дамыту мақсатымен құрылған Парсы шығанағындағы араб елдерінің Ынтымақтастық кеңесінің, Орталық Африка елдерінің кедендік және экономикалық одағының (ТЭСҚА), Орталық Америка елдерінің интеграциялық одағының (СЦАИ), Батыс Африка елдерінің экономикалық қауымдастығының (ЭКОВАС), Кариб бассейні елдерінің (КАРИКОМ) еркін сауда жүргізу жұмысы мен тәжірибесіне қарасақ та осы консенсустық тәртіпті қолдайтындарын көреміз. Сондықтан біздер де кеден одағына кіргенде мәселе шешерде оның мүшелеріне теңдікті сақтау мақсатында жоғарыда көрсетілген консенсус қағидатын қолдағанымыз дұрыс.
Қазақстанның бірлескен кеден одағын құрамыз деген мемлекеттермен экономикалық байланыстарын әлі де терең үйлестіру қажеттігі бар. Үш елдің арасында экономиканың көлемі, дамып отырған салалары және даму деңгейлері жағынан айырмашылықтары бар. Осы салада олигарх, монополистердің де ықпалы үлкен. Мысалы, біздің елден Ресейге ет өнімдерінің сатылмай отырған себебі, біздердегі ветеринария саласындағы кемшіліктермен қатар осы Ресей олигархтарының да теріс ықпалы. Аталмыш үш мемлекетте де бар монополизм, коррупция, көлеңкелі экономика кеден одағы жұмысына теріс әсерін тигізбей ме, осындай келеңсіз жағдайлармен күресу шаралары белгіленген бе?
Қазақстан алдағы он жылда ел экономикасын индустриялы деңгейге көтереміз деген жоба жасап отыр. Оның бірінші бес жылының екпінді индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жасалып, жүргізіле бастады. Жаңа технологиялар негізінде ондаған, тіпті жүздеген кәсіпорындар салу көзделіп отыр. Оларға керек техника және технологиялар тегісімен шет елдерден, негізінен батыс елдерінен сатып алынады. Кеден одағының осыған әсері қандай болады? Өйткені, біртұтас кедендік тарифтің 92 пайызы Ресейдегі тариф бағамына негізделген. Осыған байланысты біздегі тариф бағамы орта есеппен 10,6 пайызға өсті деп ресми мекемелер айтып отыр. Осы жағдай индустрияландыру бағдарламасын қымбаттатып, біздегі өндірістің жаңару, әртараптандыру шеңберін азайтпай ма?
Кеден одағы – бәсекелестік алаңы. Бәсекеге даяр бізден шығарған тауар ғана Ресей мен Белоруссия нарық кеңістігіне жете алады, ал дәл бүгінгі жағдайымызға көз жіберсек, олардан келетін тауарлар көп те, оларға барып бәсекелестікті жеңетін біздің тауарлар еселеп аз. Сондықтан Кеден одағын құру, бұл – дамуымыздың бәсекелікке сай белесінде қойылуы дұрыс мәселе сияқты.
Тауарлар өндіріп, басқа елдерге сату, олардан тауар әкелу де миллиондаған кәсіпкерлердің ісі. Өз саласында олар басқа мемлекеттегі әріптестерімен қарым-қатынастың тиімділігін не тиімсіздігін жақсы біледі. Бүгінгі таңда олардың тарапынан қойылып отырған сұрақтар өте көп. Дер кезінде осы одақ, оның ережелері, талаптары туралы кәсіпкерлермен тиянақты жұмыс жүргізілмеген. Сондықтан кеден одағын құру туралы саяси шешіммен қатар оның тітіктерін кәсіпкерлермен, олардың қауымдастықтарымен бірлесіп отырып жасау дұрыс болар.
Кеден одағына кіру Қазақстандағы экономикалық саясаттың жаңа, тың бағыты. Ресей өз ғалымдарын жұмылдырып, тиісті зерттеулер жасады. Әрине өздерінің ұлттық мүддесі тұрғысынан. Оны біз жоққа шығармаймыз. Дегенмен, Қазақстанның да ұлттық мүддесін көздеген осындай зерттеулер жасау керек еді, бірақ әлі олар басталған жоқ.
Қорыта айтсақ, кеден туралы басқалармен одақтасу керек, мына жаһандану заманында әріптес мемлекеттермен ортақ экономикалық кеңістік те керек. Олардың толыққанды жұмысы әрбір одақ құрамына кірген елге тиімді болса ғана баянды жүреді. Сондықтан да кеден одағы туралы мәселелерді терең, жан-жақты ойластырып, дұрыс шешімін тапқанымызда айтылған талаптарға сай болады.
Нарық экономикасы елдегі шаруашылықтың әрбір саласының бір деңгейде дамитын жүйесі емес. Оның алға шығып, артта да қалып жатқан салалары болады. Біреулері осы салаға сұраныс болғандықтан не болмағандықтан, енді біреулері – оған дұрыс көңіл бөлінбегендіктен. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктер біздегі нарық әлемінің ұзақ жолының бүгінгі соқпақтары. Олардан біздің экономика алған жолын өзгертпейді. Елбасының “халқым, мен нарық жолын таңдадым” деген жалынды ұраны әлі де алға жетектейді.
Алдымызда Қазақ елінің әлемдегі тұрақты орнын анықтайтын онжылдық тұр. Барлық әлем елдері осы жылдары жақсы орынға жету үшін бәсекеге түсуде. Ол жайбарақаттықты көтермейтін, екпінді дамуды, өнімді еңбекті, жасампаздықты талап ететін бәсеке. Президент бағдарламалары біздерді осыған шақырады. Президент реформалары әлем бәсекелігінде біздер жеңіске жетіп, абыройлы орынға ие болу үшін жан-жақты мүмкіндіктер туғызды. Елбасымызға, халқымызға амандық, болашақ іс-қимылға сәттілік тілейік.
Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.