Қазақстан • 28 Сәуір, 2022

Минскте ТМД елдерінің Тұрақты өкілдері кеңесінің кезекті отырысы өтті

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ТМД Атқарушы комитетінде Қазақстан елшісі Асқар Бейсенбаевтың төрағалығымен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Тұрақты өкілетті өкілдері кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Минскте ТМД елдерінің Тұрақты өкілдері кеңесінің кезекті отырысы өтті

Отырысқа ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өкілдері, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев және оның орынбасарлары қатысты.

Кездесуде тұрақты өкілетті өкілдер ТМД елдерінде сәулет және қала құрылысы жылына арналған іс-шараларды іске асыру қорытындыларын қарастырды, онда 54 іс-шара (халықаралық форумдар, конференциялар, көрмелер мен семинарлар) көзделген.

Бұл платформалар сәулет және қала құрылысы саласындағы елдер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қызмет етті және озық тәжірибені пайдалану бойынша тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндік берді.

Сонымен қатар басқосуда ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесі мен Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырыстарына дайындық барысы талқыланды.

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы 2022 жылғы 13 мамырда Душанбеде күндізгі форматта өтеді. Сыртқы саяси ведомстволардың басшыларына Достастық аясындағы көп деңгейлі СІМ-аралық консультациялар жоспарын және сыртқы саяси ведомстволар арасындағы әріптестікті жандандыру жөніндегі іс-қимыл бағдарламасын іске асыруға, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің туризм саласындағы базалық ұйымын құруға қатысты мәселелерді талқылау ұсынылады.

Үкімет басшылары кеңесінің отырысы 2022 жылғы 20 мамырда бейнеконференция форматында өтеді. Үкімет басшыларының қарауына 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Ақпараттық қауіпсіздік стратегиясын іске асырудың бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары, жүзім шаруашылығы мен шарап шаруашылығын одан әрі дамыту жөніндегі ынтымақтастық тұжырымдамасы және басқа да мәселелер ұсынылды.