Түркия: Ердоғанның таңдандырған жеңісі
Елде жақында өткен муниципалдық сайлауда премьер-министр Реджеп Тайып Ердоғанның Әділдік және даму партиясы жұрт күтпеген жеңіске жетті: жергілікті өкіметті сайлауда биліктегі партия 45 пайыз дауыс алса, ал олардың басты қарсыласы Халықтық-республикалық партия 28 пайыз дауыспен ғана шектелді.
Саясатшылардың, сарапшылардың болжамы мүлде басқа болған. Соңғы бір жыл әлетінде үкімет басшысы мен оның партиясына көзқарас күрт өзгергендей еді. Елдің әр жерінде, әсіресе, Ыстамбұлдай үлкен қалаларда билікке қарсы әрекеттер етек алғаны жұртқа белгілі. Оның үстіне біраз үкімет мүшелерінің сыбайлас жемқорлыққа қатыстылығы үшін жұмыстан қуылғаны, тіпті Ердоғанның телефонмен әңгімесі жарияланып, оның өзінің де жемқорлыққа қатысы бар деген сөз айтылуы премьер-министр мен ӘДП партиясына қатты таяқ болып тиетіндей-ақ еді. Тағы да халықаралық деңгейде де Ердоғанды, оның саясатын сынап, оппозицияны қолдағандай сөздер көп айтылған.
Соған қарамай, Ердоған жеңіске жетті. Бұл жерде көп нәрсе сайлау науқаны кезіндегі насихат жұмысының пәрменділігіне, тактикалық қадамдарға байланысты болды. Атап айтқанда, премьер-министрдің тікелей өзі айрықша белсенділік көрсетті. Ол ел аралап, сайлаушылар алдында жиі сөз сөйледі. «Ең тиімді қорғаныс – шабуыл» қағидатын ұстанып, өз қарсыластарын ел мүддесіне қайшы жанжалдарды ұйымдастырушылар деп айыптады. Сондай-ақ, халық ішінде айтарлықтай беделі болған, қазір АҚШ-та тұратын исламдық қайраткер Фетхулла Гюленді эмигрант-сатқын деп, ал АҚШ-ты мұсылмандарға қарсы саясат жүргізіп отырған ел деп сипаттап, оппозицияның соларға арқа сүйейтінін өз сөздеріне арқау етті.
Тағы бір назар аударатын жай, бұлардан тым алыс та емес араб елдеріндегі революциялар түрік ағайындарды айтарлықтай шошытып отырғаны белгілі. Билікке қарсы күрестің аяғы елдегі тұрақсыздыққа соқтыру қаупі біраз жұртты оппозицияны қолдаудан сақтандырғаны да анық.
Біле-білген адам өзінің қолы жетпеген нәрсені де игілікке жарата алады. Өзі билік тізгінін ұстағалы бері Ердоған да, оның партиясы да Батыспен кірігуге, ең алдымен, Еуроодаққа кіруге көп күш салғаны да шындық. Бірақ оған қол жетпеді. Енді премьер-министр өзін Батыс гегомонизміне қарсы күрескер ретінде көрсетуге ұмтылуда. Бұл халықтың біраз тобына ұнайды.
Соңғы он жыл шамасында Түркия айтарлықтай экономикалық табыстарға жетті. Бұл – үлкен фактор. Алда әлемдегі алып 10 ел қатарына қосылу идеясы да көп адамға жағымды естіледі. Тарихта Осман империясының дәуірі болған. Тарихпен мақтану пендеге тән. Қазір Әділеттілік және даму партиясы ұстанатын неоосманизм идеясы да біраз жұртты өзіне тартатыны анық. Осының барлығын шеберлікпен пайдалану билік партиясын жеңіске жеткізді.
Муниципалдық сайлау – парламент сайлауы емес. Сөйтсе де, ол халықтың көңіл-күйін аңғартатыны анық.
Ауғанстан: сайлау өтті, президент белгісіз
Осыдан бір апта бұрын бұл елде президент сайлауы өтті. Оған ауғандардың өздері ғана емес-ау, бүкіл әлем көз тігіп отыр. Бұл сайлау ел тарихында биліктің бейбіт жолмен ауысуының алғашқы көрінісі болмақ.
Басқа жерлерде сайлау өткен соң санаулы сағаттардан кейін-ақ жеңімпаз белгілі болып, жұрт тойлап жатар еді. Ал мұнда бюллетеньдерді санаудың өзі екі аптаға созылып, жеңімпаздың аты 20 күннен кейін аталмақ. Сонда дауыс берген 7 миллион адамның бюллетенін санау қиын болған ба? 6212 сайлау учаскесінде-ақ оның есебі бірер сағатта айқындалмай ма?
Жалпы, бұл елдегі сайлаудың ерекшелігі көп. Оған сайлау комиссиясының мүшелерін жасақтау, өтетін жерлерді жабдықтау, бюллетеньдерді әзірлеуден басқа, бәрінен де бұрын қауіпсіздікті қамтамасыз ететін күшті әзірлеу маңыздырақ болды. Өйткені, «Талибан» қозғалысының басшылары сайлауға қарсы әрекеттер жасайтынын күні бұрын мәлімдеп, жұртты үрейлендірген. Сондықтан да үкімет сайлауды өткізуге 400 мың полицей мен әскер құрамын шақырды. Сөйтсе де талибандар сөзінде тұрып, сайлау учаскелеріне 690 рет шабуыл жасаған. 211 сайлау учаскесін жабуға тура келген. Ауған өлшемімен қарағанда, шығын көп емес: 164 жасақшы құрбан болып, 82-сі жараланыпты, үкіметтік күштен 7 адам қаза тауып, 45-і жараланған.
Соған қарамай, сайлау ойдағыдай өткен деп саналады. Соған риза болған қазіргі президент Хамид Карзай: «Біз бүкіл әлемге демократиялық ел екенімізді паш еттік», деп жар салды. АҚШ президенті Барак Обама да қуанған. Бұрын болмаған нәрсенің болғаны жақсы, әрине.
Енді екі аптадан кейін аты белгілі болатын президенттікке алғашында 11 адам түскен екен. Кейінірек үш адам күрестен бас тартқан көрінеді. Қалған 8-дің ішінде де жай дүрмекке қосылғандар бар, сарапшылар мүмкіндіктері бар деген үш үміткерді атайды. Олар: бұрынғы сыртқы істер министрлері Залмай Расул мен Абдулла Абдулла және бұрынғы қаржы министрі Ашрап Ғани Ахмадзай.
Ел өміріне сыртқы күштердің ықпалы күштілігінен де шығар, мұнда халықтың үлкен ықыласына ие болған қайраткерлер сирек. Жоғарыда аталған үміткерлердің ешқайсысын да халықты соңына ерте кетеді деп айту қиын. Алғашқы турда олардың біреуі 50 пайыз дауыс жинауы да неғайбыл. Онда президент 28 мамырда өтетін екінші турда анықталады.
Сайлау өткен соң, президент сайланар, оған үлкен жауапкершілік жүктелетіні анық. Бұл ел көпэтносты. Олардың басын біріктіру қиынның қиыны. Сарапшылардың басым көпшілігі елдің бөлшектенетінін айтады. Үлкен этнос пуштундар талибтердің ықпалында қалса, хазарлар Иранға бет бұрады дейді олар. Солтүстік жағындағы өзбектер мен парсытілділер өздерінше бір топты құрамақ.
Елден НАТО күштері кеткен соң жағдай бұрынғыдан да қиындай түспек. Есірткі өндірісі былтыр 36 пайызға өскен екен, оны тоқтатудың әзірге жолы жоқтай. Осыншама ауыртпалықты арқалайтын адамның атын ауғандар 24 сәуірде немесе 28 мамырдағы сайлаудың екінші турынан кейін білетін болады.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».