«Қос азаматтыққа жол берілмейтіндіктен, менде ресейлік төлқұжат жоқ. Менің Ресей теннис федерациясымен де ешқандай байланысым жоқ. Мен – қазақпын! Алты жылдай уақыт бойы мен өз елімнің намысын қорғап келемін. Мен Дэвис кубогында, Азия және Олимпия ойындарында Қазақстан атынан шығатынымды мақтан етемін», деді Александр Бублик.
Бублик журналистердің қитұрқы сұрағына осылайша нақты жауап қайтарды. Мұндай сұрақтың қойылуы да заңды. Өйткені теннисші 1997 жылы Ресейдің Гатчина қаласында дүниеге келген. Ал 2016 жылдан бастап Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп келеді. Үлкен спортта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізбеген, спортшы ретінде әлі таныла қоймаған 19 жастағы жігітке Қазақстан тарапынан үлкен сенім көрсетілді. Оның мықты теннисші болып қалыптасуына біздің елде барлық жағдай жасалды. Нәтижесі де көп күттірген жоқ. 2016 жылы әлемдік рейтингте 200-орында тұрған Бублик алты жылдың ішінде үздік 40 теннисшінің қатарына қосылды. Тіпті әлемнің мықты спортшылары Бубликпен санасатын болды. «Үлкен дулыға» турнирлерінің жекелеген бәсекесінде ол жыл сайын үшінші кезеңге дейін жетіп жүрген болса, биыл жұптық бәсекеде алғаш рет Франция ашық біріншілігінің финалында өнер көрсетті.
Сондай-ақ ол Қазақстан құрамасы сапында да көптеген нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, Бублик бастаған жігіттер жыл сайын Дэвис кубогының финалдық кезеңінде бақ сынайды. 2018 жылы жазғы Азия ойындарында Денис Евсеевпен бірге жұптық сында күміс медаль жеңіп алса, былтыр алғаш рет ел намысын Токио Олимпиадасында қорғады.
Алты жыл бойы Қазақстанның намысын қорғап, үлкен жетістікке жетіп келе жатқан Александр Бублик алдағы уақытта да елдің мерейін асқақтата беретіні анық. «Қазақ» екенін әлемге әйгілеген теннисші туған елін жетістігімен қуанта берсін деп тілейміз.