«Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, ауру жұқтырған 38 адамнан табылған зерттеу нәтижелері вирустың COVID-19 омикрон нұсқасы екенін көрсетті», дейді Бейжің қалалық профилактика және ауруларды бақылау орталығы басшысының орынбасары Пан Синхо.
Жаңадан тіркелген науқастар мен бұдан бұрын анықталғандар арасында эпидемиялық байланыс бары табылған. Эпидемиялық талдау, гендердің реттілігі мен антиденелердің анықталуы нәтижесінде белгілі болғанындай, қазіргі уақытта Бейжіңде инфекция жұқтырудың екі тізбегі бары айтылды.
Бейжің аудандарының бірі COVID-19 таралу қаупі жоғары, ал қалған жеті аудан орташа қауіптегі аймақ ретінде жіктелген. Соңғы деректерге сәйкес COVID-19 алдын алу және қарсы күрес жөніндегі қалалық штаб Қытай астанасында 2 аймақ жоғары қауіпті және 12 аймақтың қауіптілігі орташа деп жариялады. Бұған дейін Бейжің билігі тағы 22 адамның вирус жұқтырғаны анықталғаннан кейін, эпидемияға қарсы шараларды күшейткен еді.
Жақында тіпті вирустың таралуын азайту үшін Қытай астанасындағы мектептерде сабақ беру тоқтатылды. Бейсенбі күні таңертең бейжіңдік Чаоян ауданындағы жекеменшік мектептерде білім алушылардың ата-аналарына оқу орындары қашықтан оқыту режіміне көшкені туралы шұғыл хабарлама келді. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, мұндай шаралар қаланың басқа аудандарындағы бірқатар бастауыш және орта мектептерде енгізіле бастайды. Сондай-ақ Тунчжоу ауданындағы балабақшалар жұмысы тоқтатылған. 27 сәуірдегі жағдай бойынша мектеп оқушылары арасында COVID-19 инфекциясын жұқтыру саны артып келеді. Бейжіңнің Чаоян ауданындағы мектептердің бірінде 36 оқушының індет жұқтырғаны анықталған. ҚХР Гигиена және денсаулық сақтау мемлекеттік комитетінің мәліметінше, соңғы тәулікте Бейжіңде коронавирус инфекциясын жұқтырған 50 жағдай тіркелген. Дүйсенбіден бастап билік Қытай астанасы аудандарындағы бірқатар тұрғынды жаппай тестілеуден өткізіп жатыр. Осылайша Қытай билігі вирусты толығымен жою үшін қатал шаралар енгізу туралы шешім қабылдаған.