Қазақстан • 29 Сәуір, 2022

Абырой биігіндегі Ассамблея

395 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы «Достық үйінде» өткен «Жаңа Қазақстан – мызғымас бірлік мекені» атты дөңгелек үстел барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жұртшылық ашық диалог форматында этносаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту және әлеуметтік проблемаларды шешу жолдары туралы пікірлерін ортаға салды.

Абырой биігіндегі Ассамблея

Бірлік күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХ және ХХХІ сессияларының қар­саңында ұйымдастырылған бұл іс-шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек этномәдени бірлестіктердің бей­бітшілік пен келісімді сақтау мақ­­сатында жүргізіп жатқан жұ­­мыстарының маңыздылығын атап өтті.

– Әлемдегі қазіргі жағдай біздің ең басты жетістігіміз  бей­бітшілік екеніне бұрынғыдан бетер көзімізді жеткізді. Біз мұны болашақ ұрпақ үшін сақ­тауымыз керек. Көпұлтты ел үшін Ассамблеяның рөлін ба­ғаламау немесе асыра бағалау қиын. Біз – үлкен отбасымыз. Кез келген отбасында кейде мәселелер туындайды. Бірақ этномәдени бірлестіктердің арқасында олардың барлығы жедел шешілуде. ҚХА-ның өңір­дегі әлеуметтік-саяси жағ­дай мен экономикалық тұрақ­ты­лыққа қосқан үлесі зор, – деген ол алдағы уақытта да Ассам­блеяның бірегей алаң­қайын белсенді түрде пайдалану ке­рек­тігін атап өтті.

Ал Қарағанды облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Күләш Төлеуханова өскелең ұрпақ тәрбиесі, отбасы институтын сақтау, жұмысқа ор­н­аластыру және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері сөз болған жиында ақылды және тәрбиелі балалардың кез келген елдің бірлігі мен игілігінің негізі екеніне баса мән берді.

– Біздің еліміздің бола­шағ­ы жас ұрпақты қалай тәр­бие­лей­тінімізге байланысты болады. Сондықтан біз балаларды тәрбиелеу ісіне мектептерде де, отбасында да үлкен мән беруіміз керек. Ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерге сай тәрбиеленген жан-жақты дамыған жастар ғана жарқын болашақ құра алады, – деді К.Төлеуханова.

Басқосуда НЗМ оқушылары медицина, экология сала­сын­дағы жаңалықтарымен және жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ Күнту Серікжан есімді спикер әлеуметтік же­лілерді тек игі істер жасау мақсатында пай­далануға ша­қырды.

Дөңгелек үстел жұмысының соңына таман өңірдің қо­ғам­дық-саяси өміріне бел­сенді қа­тысқаны және жаңа қазақ­стан­дық қоғамды құруға қосқан үлесі үшін Вилен Молотов-Лучанский, Виталий Тварионас, Деспина Касапиди, Виктор Кисту, Лилия Ким, Рамис, Михаил Коновалов, Рустам Бузяков сынды этномәдени қо­ғамдық бірлестіктерінің төра­ғалары мен мүшелеріне облыс әкімінің атынан «Алғыс хаттар» табыс етілді.

Ал дөңгелек үстел іс-шара­сын Қазақстан халқының бір­лігі күніне арналған балалар сурет­те­рінің көрмесі түйіндеді.