Пікір • 29 Сәуір, 2022

Оспадарлық һәм тамырластық

352 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұтас бір халыққа қоқан-лоқы көр­сетіп, тас лақтыра салған ресейлік журналист Тигран Кеосаянның кесірлігі талай азаматтың ашуына тигені анық. Оның «Өтірік ойнап болған шығарсыңдар» деген ащы мысқылы қоғамда қызу талқыға түсті. Әрине, мұндай кезде эмоцияға бе­ріліп, ақымақтыққа ашумен жауап беруге болмайды.

Оспадарлық һәм тамырластық

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі солай істеді де. Кеосаянның Қазақстанға қаратып «9 мамырда неге парад өткізбейсіңдер? Неге Ресейді ашық қолдамайсыңдар? Сендер, Украинаға қараңдар!» деген доқ көрсетуіне сабырлы да салмақты жауап берді. Ол енді Қазақстан үшін «персона нон грата». Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресей азаматы, режиссер және журналист Тигран Кеосаянның елге кіруіне 50 жылға тыйым салды.

Ресейлік журналистің бейпіл сөз, бәдік мәлімдемесіне жауап қатқан қоғам бел­сендісі Арман Шораев «Қазақ халқына тіл ти­гізбес бұрын, осында өзіңнің сан мың­даған қандасыңның тұратынын естен шы­ғармағаның жөн еді. Қазақстанда тұратын армян диаспорасы өздерінің және ұрпағының болашағын Армения не Ресеймен емес, Қазақстанмен ғана байланыстырады», деді. Сөзінің соңында ол: «Сен нық сеніммен сөйлеп отырған Мәскеу қаласын сұрапыл соғыста біздің аталарымыз – қазақтар мен қырғыздар жау қолынан азат етіп қалған», деді. Сөз ұғар жан болса санаға саңлау түсі­ретін-ақ сөз.

Ресейлік тележүргізушінің қазақтың намысына тиген жанжалды сөзіне Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов та қарымта жауап берді. «Біріншіден, сен Ресей емессің. Екіншіден, егер мықты болсаң, биліктің жоғарғы эшелонына қарай жүгір, ал халқыма қол тигізбе! Менің адамзаттың сан ғасырлық мәдени және рухани өміріндегі өз халқымның тарихын және еуразиялық кеңістіктегі халқымның қадір-қасиетін айтуға батылым жетеді», деген өнер саңлағы сөзінің соңында «Қатты күшенбе, кіндігің үзіліп кетеді» деп ескертеді. Түйсіксіз жан­ның өзіне түрткі болар бұл қатаң ескертудің де астары тегін емес.

Әбіш абыз айтпақшы, «Жау бетке – білектілігімізді, дау бетке – біліктілігімізді, жарастыққа – жақсымызды жұмсаған ха­лық­пыз». Украинадағы соғысқа байланысты Қазақстанның бейтарап позиция ұстануы кейбір ресейлік насихатшыларға жақпай жатқаны түсінікті. Алайда осындай оспадар сөз бен ойланбай айтылған көзқарастан үлкен жанжал шығып, ұлтаралық өшпенділік туындайтынын естен шығармаған жөн. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Елді бұзуға шамасы жеткен сөздің, елді түзеуге де шамасы жетеді» деген сөзі естеріңізде болар? Алайда Алаш арысы «Түзеуге жұмыстансақ қана түзелетінін» де ескерткен болатын. Тигран секілділердің сөзін «таразыға салғанда» осыны ұмытпайық!

Қазақта «тамыр», «тамырластық» деген әдемі сөздер бар. Тамырлас болу – тағдырлас болу деген сөз. Еліміздегі этнос, ұлтаралық татулық, ынтымақ туралы ой қозғалғанда тамырластық жайлы жиі айтылады. Себебі дәл осы ұғым өзге ұлттардың қазақ халқына деген құрметін көрсетеді. Досхан ағаның «кіндігің үзіліп кетпесін» деген ескертуінің артында «тамырымыз үзіліп кетпесін» деген тілек жатыр. Дәл осындай ел азаматтары мен жеке адамдардың бір ұлтқа деген ой-көзқарасынан, арман-тілегінен тұтас бір халыққа деген сый-құрметі қалыптасады.

Шыны керек, осы уақытқа дейін Қа­зақстанға қарата талай артық сөз, асылық ой айтылып жүрді. Қазақы сабырлылыққа салып, салиқалы мінез таныттық. Бірақ ішкі тұтастығымыз бен бірлігімізге іріткі салатын сөздерді жауапсыз қалдырмаған жөн. Себебі тамырластығымызға түскен сызат күні ертең тағдырымызға да әсер етеді.

Әлемде 250-ден астам ұлт бар болса, соның 100-ден астамы Қазақстанда өмір сүреді. Бүгінде осыншама ұлт өкілі қазақтың киелі топырағында тамыр жайып, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бірлікке бастайтын жол біреу-ақ, ал берекесін кетірем десе сан сылтау табуға болады. Сондықтан да болар қазақ «тау мен тасты су, азаматты сөз бұзады» деп, отыз тістен шыққан әр сөзге салмақ салатыны. Себебі осыншама ұлттың тамырына балта шабу үшін жоғарғыдағыдай бір ұлтты табанға салып, бүкіл тарихын, бар құндылығы мен қасиетін аяққа таптай салар бір ауыз сөз жеткілікті. Тамырымыз ажырамасын десек, тамырластығымыз үзілмесін десек, бір-бірімізге, өзге ұлтқа деген қадірімізді кетірмейік.