«Бұл мектепке айтулы ақын есімі тегін берілген жоқ. Енді оқушылар Ілияс атамыздың шығармаларын оқып, ізденіп, зерттейді деп ойлаймын. Бала күнімізден ақынның «Құлагер» поэмасын оқып өстік. Қазір осы мектепте аталған туындыны жатқа айтатын оқушылардың бар екенін білемін. Әрине, оған қуанамыз. Мектептегі оқушылардың білім сапасы жақсы. Осы төңіректегі қазақ мектептерінің алды деуге болады. «Гидропоника», «Ракета модельдеу» зертханалары ашылды. Енді мектеп жанынан жылыжай салынып жатыр. Осының бәрі оқушыларға жасалып жатқан жағдай», деді Білім басқармасының басшысы.
Содан кейін сөз алған Мемлекеттік Елтаңба авторларының бірі, сәулетші Жандарбек Мәлібек тұғырлы тұлға туралы ой толғап, «Ілияс ағамыздың аманатына адал болыңдар» деп оқушыларға батасын берді. Ал мұражайдың ашылуына Қарағандыдан әдейі келген ақынның ұрпағы, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының актрисасы Нұржібек Жансүгірова осы іс-шараның басы-қасында жүрген азаматтарға алғысын айтты.
«Мен Ілияс атамыздың туған інісі Қызырбектің немересімін. Атам соғысқа қатысқан ардагер. Төрт кластық білімі болса да ағасының барлық өлеңін жатқа айтатын. Халқымыз «Сәкен, Ілияс, Бейімбетті» үш бәйтерек деп қадір тұтты. Осы арыстардың рухына бас иемін. Олардың туған елі үшін жасаған еңбегі жас ұрпаққа үлгі» дей келіп, мұражайға Ілияс атасының 60-шы жылдары шыққан таңдамалысы мен атасы Қызырбек Жансүгіровтің фотосын сыйлады.
Жаңа ашылған мұражайға Ілияс Жансүгіровтің 20 томдық жинағы мен жеке құжаттарының көшірмелері қойылған. Сондай-ақ ақынның отбасы мен жыр дүлдүлінің шығармашылығын зерттеген бірқатар ғалым жайында мәлімет берілген.
Одан соң қонақтар білім ордасындағы «Гидропоника», «Ракета модельдеу» зертханасын барып көрді. Мұнда оқушылар зерттеу жұмыстарымен айналысады. Мәселен, 2019 жылы Байқоңыр қаласында өткен «Ғылым әлемін ашамыз» ХV халықаралық жарысында осы мектеп оқушылары «Гидропоника», «Ракета модельдеу» бойынша жүлдегер атанған. Сонымен қатар мектепте жаратылыстану пәнін ағылшын тілінде жүргізудің қанатқақты жобасы енгізілген.
Іс-шара соңы мектеп оқушылары дайындаған концертке ұласып, онда жақында өткен «Ілияс оқулары» қалалық байқауының жүлдегерлері марапатталды.
P.S. Аталған білім ордасына ақын есімі 2020 жылы беріліпті. Содан бері екі жыл өтті. Алайда мектеп маңдайшасынан Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясы деген жазуды көре алмай, көңіліміз күпті болды.