Аймақтар • 29 Сәуір, 2022

ШҚО-дағы Адалдық алаңы жобасы өз миссиясын аяқтады

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысындағы жобалық кеңсеге 3 жыл ішінде әртүрлі мәселелер бойынша 1813 адам жүгінген. Олар өз сауалдарын әлеуметтік желі арқылы да қойып, 1749 азаматтың сұрағы оң шешілген, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШҚО-дағы Адалдық алаңы жобасы өз миссиясын аяқтады

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде әрбір әкімдік жұмыстың жаңа сервистік моделіне көшті. 4 облыстық маңызы бар қала, 15 аудан және 23 аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтерде «Ашық әкімдік» кеңселері ашылды. Бұл жұмыстар сәтті жүзеге асырылды деуге болады. Қазіргі таңда барлық кеңселер азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді», дейді ШҚО әкімі аппаратының №4 Үлгілік базалық бағыты бойынша жоба әкімшісі Думан Кенжеғазин.

Облыстағы барлық қала, аудандарда әкімдердің сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшілері тағайындалып, тұрғындармен байланыс күшейтілді.

Осы уақытқа дейін түрлі салалар бойынша жемқорлықтың алдын алуға бағытталған 3,5 мыңға жуық қоғамдық мониторинг жүргізді. Оның қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 3 мыңнан астам ұсыныстар берілген. Бүгінгі таңда бұл ұсыныстардың 93%-дан астамы орындалды.

Облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру және профилактикалық шаралар жүргізу үшін 182 мемлекеттік мекеменің ұжымымен және 89 елді мекен халқымен кездесулер ұйымдастырылған.

«Шығыс - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі 2019 жылы құрылған. Ендігі кезекте жұмысын тоқтатып, қызметін жобалық басқарудың үлгілік базалық бағытына сәйкес жалғастырады.

Аяна Тоғанбек