12 Сәуір, 2014

Жаңа штаб пайдалануға берілді

307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов жұмыс сапарымен Ақтау гарнизонында болды. Сапар барысында Бас штаб бастығы Әуе қорғанысы күштеріне қарасты 30153 әскери бөлімінің жаңадан салынған штабының ашылу салтанатына қатысты. Жаңа заманға лайықтап салынған штаб үйінде әскери қызметшілерге барлық жағдай жасалған. Ғи­ма­ратта офицерлердің мәжіліс залы, брифинг зал, психологиялық жеңіл­деу бөлмесі, тіл үйренушілер үшін лингофон кабинеті, спорт залы, асхана орналасқан. Жаңа нысан қызметке қажетті құрылғылармен толықтай жарақ­тан­дырылған. Әскери бөлім кезек­шісінің қызмет орны да заманауи үлгіге сай жабдықталған. Онда жауынгерлік қызметті атқару үшін бейнеқондырғылар қойылған. Енді кезекші қызмет орнында отырып-ақ, авиациялық бөлімнің аумағын толықтай бақылауда ұстай алады. Штаб үйіндегі әскери қызметшілердің кең де жарық қызмет бөлмелерінде жұмыс істеу қолайлы. Әскери-әуе күштеріне қарасты 30153 әскери бөлімі 2011 жылғы 25 мамырда құрылып, сол күні Қа­зақ­стан Республикасының батыс­тағы әуе кеңістігін қорғау мақса­тында жауынгерлік кезек­шілік­ке кірісті. Осы азғантай уа­қыт­тың ішінде әскери ұшқыштар бір­неше халықаралық әскери оқу-жаттығуларға қатысып, тәжіри­белерін шыңдады. 2011 жылғы 30 тамызда Конституция күніне арналған әскери парад пен 2013 жылы Қазақстан Қарулы Күш­те­рінің тарихында тұңғыш рет өткізілген жауынгерлік парадқа қаты­сып, қазақстандықтардың құр­метіне бөленді. Ақтау гарнизонына жұмыс сапары барысында Бас штаб бастығы Ақтау гарнизонындағы әскери нысандарда болып, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. «Егемен-ақпарат».