Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев пен «Қайталама металлургия өнеркәсіпшілерінің республикалық одағы» қауымдастығының төрағасы Владимир Дворецкий брифинг өткізді.
Баспасөз мәслихатында отандық кәсіпкерлердің Еуразиялық экономикалық одақта қалай жұмыс істейтіндігі туралы әңгімеленді. Біртұтас экономикалық кеңістікте қазақстандық бизнестің бәсекелестікке төтеп берерлік мүмкіндігі де сөз болды. Осы арада, палата басқармасы төрағасының орынбасары кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақтың жақтаушысы екенін айта отырып, шарттың кейбір тұстарын әлі де жетілдіре түсу керектігіне назар аударды. Сөйтіп, журналистерге «келісімдерді жетілдіру туралы ұсыныстарымыз бен экономикалық интеграцияға деген көзқарастарымызды шатастырып алмауларыңызды өтінемін», деді. Ұсыныс айту, пікір таластыру кәдімгі жұмыс үдерісі екенін айтты.
Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі шартының соңғы нұсқасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтында бірер күнде жарияланатын көрінеді. «Келесі айдың соңына таман Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылады. Сөйтіп, келісім алдағы жылдың бірінші қаңтарынан күшіне енеді. Осылай, еуразиялық интеграция өзінің келесі кезеңіне қадам басатын болады», деді Р.Ошақбаев. Оның айтуына қарағанда, Қазақстанның бизнес-қауымдастығы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының пікір алмасу алаңы арқылы осы шартты жасауда қазақстандық ұстанымды нақтылауға белсенді түрде тартылыпты.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы былтырғы күз айларынан бері өз сайтында шарттың маңызды нұсқаларын жариялап келеді екен. Дәл осы уақытта шарттың бес нұсқасы орналастырылған. Енді алқаның қорытынды кеңесінің алдында, шарттың соңғы нұсқасы бірер күнде дайындалып болып, ол да палата сайтында жарияланады. Осыдан кейін барлық кәсіпкерлер, қауымдастықтар құжатты зерттеп, зерделеп, өз ұсыныстарын айтуға мүмкіндік тумақ. Мұны да басқарма төрағасының орынбасары айтты. Сондай-ақ, экономикалық одақ аясында Қазақстанның шағын және орта бизнесі өркендей түсетінін де зор сеніммен тілге тиек етті. «Біз экономикалық ықпалдастықтың белсенді жақтаушыларымыз. Оны құру барысында Үкіметке бизнестің құқықтарын сақтауға бағытталған ұтымды тетіктерді ұсынып жүрміз. Интеграцияға күмән келтірудің керегі жоқ. Өйткені, бұл игілігі мол шара. Оның ең басты пайдасы – қазақстандық кәсіпкерлерге 170 миллиондық нарыққа жол ашылады. Ол біздің нарықтан он есе үлкен екені айтпаса да түсінікті», деді Р.Ошақбаев.
Үш ел арасындағы бұл әріптестікте Қазақстанның ұстанымдары өте ұтымды көрінеді. Мәселен, Қазақстан Ресей мен Беларусь елдеріне қарағанда, бизнес-ахуал жағынан озық тұр. Оны көптеген сарапшылар мойындаған. Нақты дәлелі, біздің елде салық деңгейі төмен. Оған қоса, жекеменшік құқықтары қатаң сақталады. Сондай-ақ, бізде бизнеске қажеттің бәріне қолжетімді. Таяуда қабылданған заңнама бойынша кез келген кәсіпкерлік субъектісі Үкіметке өз ұсынысын жолдай алады. Мұндай жағдай Ресейде де, Беларусьте де жоқ. Осының арқасында, Қазақстан әріптестеріне қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақ аясында бәсекелестікке төтеп бере алары анық, дейді басқарма төрағасының орынбасары. Мұнымен бірге, біздің елге инвестициялар мен кәсіпкерлерді тартуға да барлық қолайлылықтар жасалыпты. Осы игіліктің бәрін екшей келіп, ықпалдастықтан түсетін экономикалық пайданы жоққа шығармауымыз керектігіне назар аударды.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».