Футбол • 02 Мамыр, 2022

Ел чемпионаты: «Ақтөбе» «Ақжайықты» ұтты

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан чемпиоанатының тоғызыншы турында «Ақтөбе» өз алаңында «Ақжайықты» қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Ел чемпионаты: «Ақтөбе» «Ақжайықты» ұтты

Ақтөбеліктер 11 ұпаймен 8-орында тұрса, оралдықтар 10-сатыда еді. Қос команда да өткен турдың ойындарын сәтсіз өткізді.

Ақтөбеліктер сырт алаңда «Таразға» 0:3 есебімен ұтылса, «Ақжайық» Оралда «Ақсуға» есе жіберді – 0:1. Сондықтан екі клубқа да жеңіс ауадай қажет еді.

Оралдықтарды баптайтын украиналық Владимир Мазяр өткен матчпен салыстырғанда, бір ғана өзгеріс жасап, Иван Антиповтың орнына Эльдар Әбдірахмановты шығарды. Ал «Ақтөбе» сапында айтарлықтай өзгерістер болды. Бірінші таймда 10-минутта оралдық Бауыржан Омаровтан пас алған Оралхан Өміртаев есеп ашты.

Матчтың екінші кезеңінде бұрыштамадан берілген доптан кейін қақпа алдындағы қарбалас сәтті пайдаланған «Ақтөбе» сапындағы ганалық легионер Адукор Йоахим 49-минутта таразы басын теңестірді – 1:1. 73-минутта ресейлік Сердер Сердеров есепті 2:1-ге жеткізді.

Осылайша, ақтөбеліктер турнир кестесінде көш бастаушыларға жақындаса, қатарынан екі рет ұтылған «Ақжайық» жағдайын біршама қиындатып алды.

Оныншы турда 8 мамыр күні «Ақжайық» «Мақтааралды» қабылдаса, ақтөбеліктер Ақтауда «Каспиймен» шеберлік байқасады.