Облыстық Достық үйінде облыстық планетарийдің ұйымдастыруымен әлемнің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагариннің туғанына 80 жыл толуы мерейтойына арналған «Гагарин көктемі» космонавтика апталығы ашылды. Апталықтың ашылу салтанатына зиялы қауым, ардагерлер, қаладағы орта арнаулы оқу орындары мен мектептердің оқушылары, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанттары қатысты. Апталықтың ашылуына арнайы келген қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, техника ғылымдарының докторы Тоқтар Әубәкіров пен «Қазғарыш» ұлттық ғарыш агенттігінің өкілі, «Ғарышты дамыту институты» қоғамдық бірлестігінің директоры, ғарышкер – сынақшы, авиация полковнигі Айдын Айымбетов шараның құрметті қонағы болды. Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқарамасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұхан апталықтың маңызы мен мәніне, оның патриоттық тәрбие берудегі рөліне тоқталды. Мұндай бастамалар жастардың бойында ғарыш кеңістігін зерттеуге, жалпы ғылымға деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін де жеткізді. Апталық аясында ұйымдастырылатын шаралардың ұйымшылдықпен өткізілуіне сәттілік тілей келіп, сөз кезегін Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровке берді. Ол өзінің ұшқыш болуды бала кезден армандағанын, сынақшы-ұшқыш болғанын, ғарышкерлер қатарына қалай келгенін әдемі әңгімеледі. Кездесуге қатысушылардың көптеген сұрақтарына нақты да толымды жауап берді. Ғарышкер еліміздің ғарыш саласының дамуы мен осы бағыттағы таяу болашақтағы атқарылатын жұмыстардан да хабардар етті. Қазақ елінің ғарыш саласындағы табыстары алда екеніне сендірді.
Шара барысында «Балалар – ғарышқа» байқау – көрмесі салтанатты ашылды. Жалпы, байқауға ғарыштық үлгілер мен топтамалар, ғарыш тарихы, декоративті қолданбалы өнер, көркемөнер аталымдары және әдеби шығармалар бойынша 400 оқушы қатысып, туындыларын қазылар талқысына ұсынды. Көрме байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.