Спорт • 03 Мамыр, 2022

Қарқыны бөлек «Сарыарқа»

192 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағандының «Сарыарқа» хоккей клубы қатарынан екінші рет, өз тарихында үшінші мәрте ел чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алды. Жеті ойынға жалғасқан биылғы Қазақстан біріншілігінің финалдық бәсекесіндегі шешуші матчта «кеншілер» ұжымы өз мұзайдынында Көкшетаудың «Арланын» қабылдап, ірі есеппен жеңіске жетті.

Қарқыны бөлек «Сарыарқа»

Іргетасы 2006 жылы қалан­ған қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы 2009 жылға дейін Ресейдің әртүрлі чемпионаттарында өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүрді. Мәселен, 2006-2007 жылғы мау­сымда Ресейдің 1 лигасында қола жүлде жеңіп алса, келесі жылы жарыс жеңімпазы атанды. Ал 2009 жылы елімізде ерлер командалары арасында шай­балы хоккейден бірінші ұлттық чемпионат өткізу туралы шешім қабылданды. Үш жылдың ішінде Ресейде бі­­раз тәжірибе жинақтаған «Сарыарқа» ел чемпионатының алғашқы маусымында-ақ қар­сылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады.

Қазақстандағы алғашқы чем­пиондығынан кейін қара­ғандылық команда қайтадан Ресейді бетке алып, Жоғары хоккей лигасында өнер көрсетуге бел буды. Жерлестеріміз 10 жылға жуық уақыттың ішінде екі мәрте Петров кубогына қол жеткізді. Атап айтқанда, 2014 жылғы бәсекенің фина­лында Түменнің «Рубин» клубы­нан алты ойында 4:2 есебі­мен басым түссе, араға бес жыл салып 2019 жылы финал­да дәл осы «Рубинмен» кез­де­сіп, бес ойынға жалғасқан матч­та 4:1 есебімен жеңіске жет­ті. Осылайша, ЖХЛ-да тәуір нәтиже көрсетіп келе жат­қан «Сарыарқа» 2020 жылы панде­мияға байланысты түрлі шектеулерден кейін қайтадан ел біріншілігінде бақ сынауға мәжбүр болды.

Қарағандылық команда 2021 жылдың көктемінде екін­ші мәрте Қазақстан бірін­шілігінде топ жарды. Алты ойынға жалғасқан финалдық бәсекеде «Сарыарқа» Көкше­тау­дың «Арланынан» 4:2 есебі­мен айласын асырып, жанкүйерлерінің қошеметіне бөленді. Бір қызығы, биылғы финалда да екі команданың жолдары қайта түйісті. Тұрақты біріншілікте «Сарыарқа» мен «Арлан» былтырғыдай бірінші және екінші орынды иеле­ніп, плей-оффқа жолдама алды. Сөйтіп, екі ұжым да финалға дейін қарсыластарын қапы қал­дырып, қатарынан екінші жыл финалда қайта жолықты. Алты ойында бір-бірін жеңе алмаған командалар (3:3) соңғы шешуші ойынды Қарағандыда өткізді.

Жетінші матчтың алғашқы шайбасын бірінші кезеңнің 15-минутында мұзайдын ие­лерінен Денис Федоров соқты. Екінші кезең басталған бетте Саян Данияр «Сарыарқаның» есеп­тегі басымдығын еселей түсті – 2:0. Бұл өздерінің фи­нал­дық бәсекедегі соңғы мүм­кін­дігі екенін жақсы түсін­ген Көкшетаудан келген жігіт­тер жеңіліп жатқандарына қара­мастан, жанұшыра алға ұмтыл­ды. Нәтижесінде, екінші кезеңнің соңына дейін олар таразы басын теңестіріп үлгерді. Бұл голдардың авторлары – Александр Евграфов (33 минут) пен Никита Лукин (37 минут). Алайда екінші кезеңнің аяқталуына тоғыз секунд қалғанда Михаил Рахманов «Сарыарқаны» тағы да есепте алға шығарды – 3:2.

Үшінші кезеңде де шие­леністі матч жалғасты. Бұл ретте жергілікті хоккейшілердің асығы алшысынан түсті. Бас-аяғы 10 минуттың ішінде Сер­гей Барбашев (49 минут) пен Ники­та Анаховский (59 минут) тағы екі рет нысананы дәл көз­деді. Қорытынды есеп – 5:2, «Сарыарқаның» пайдасына.

Осылайша, үшінші чем­пиондығына қол жеткізген қара­ғандылық ұжым кубок саны бо­йынша Павлодардың «Ертісімен» теңесті. Ал ел бірін­­шілігінің ең титулды ко­мандасы Өскеменнің «Торпе­досы» саналады. Шығыс Қазақ­станның клубы 1992 жылдан бергі чемпионатта 13 мәрте тұғырдың ең биік сатысынан көрінген. Олар Қазақстан чемпионатында ең кейінгі рет 2007 жылы дара шыққан еді. Кейіннен өскемендік команда да Жоғары хоккей лигасында өнер көрсету туралы шешім қабылдаған болатын.

Ел біріншілігінің қорытын­дысы бойынша, Илья Румянцев («Арлан») биылғы маусымның ең үздік қақпашысы,  Эдгарс Сиксна («Сарыарқа») үздік қор­ғаушы және тағы бір «сары­арқалық» Михаил Рахманов үздік шабуылшы атанды. Ал «Ақтөбе» клубының ойыншысы Иван Зинченко маусымның үздік жас ойыншысы аталымына ие болды.

Финалдық матч аяқтала салысымен хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту ал­ған «Сарыарқа» және «Арлан» клубының ойыншылары ел­ордада жаттығу жиынын өт­кізіп жатқан негізгі құрамның қа­тарына қосылды. Айта кете­йік, жерлестеріміз 13-29 мамыр аралағында Финлян­дияда өтетін жоғары диви­зионның әлем чемпиона­тында бақ сынайды. Жерлестеріміз «А» тобында Дания, Канада, Германия, Швейцария, Словакия, Италия және Франция құрамаларымен шеберлік байқасады. Юрий Михайлис шәкірттері алғашқы ойынын 14 мамырда Дания хоккейшілерімен өткізеді.