Қоғам • 03 Мамыр, 2022

Хайптың соңы қауіпті

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірнеше жылдан бері интернет кеңістікте болып жатқан ақпараттық соғысты назардан тыс қалдыру мүмкін емес. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде абайсызда айтылған сөз елеулі қақтығыстарға әкелуі ықтимал, тіпті елдегі жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін. Адамдар өзіміздікі және бөтен деп бөлісе бастайды. Әлеуметтік медиада арандатушылар көп. Фейк-ньюс деген де бар. Оны құрту керек еді.

Хайптың соңы қауіпті

Жаңарған Қазақстан – жаңа ақпа­раттық саясат, ол бір уақытта сөз бостандығына құқық беріп, әрбір жария сөз үшін жауап беруге міндеттеуге тиіс. Әйтпесе, жылдар бойы жинаған барлық құндылығымыздан айырылып, «ақпараттық хаоста» қалып қоюымыз мүмкін. Біз бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе сыни жағдайларда, қандай күшке ие екенін білеміз. Қаңтар оқиғалары кезінде біз мұны толық сездік. Әлі күнге дейін түрлі ақпарат таратылып жатыр. Менің ойымша, оларды қадағалап, жазалау керек! Әріптес журналистерге айтарым, біз сіздермен бірге ел тарихын жазып жатырмыз. Жай танымалдылықпен хайп қуып, қоғамды алдамауымыз керек. Ақыр соңында, қарапайым журналистік Этика, Ар-намыс кодексінің барын естен шығармауымыз керек. Бүгінде геосаяси дағдарыс жағдайында бұл жауапкершілік еселеп артуда. Біз тараптардың ешқайсысын қол­да­маймыз және кез келген зорлық-зомбылыққа қарсымыз. Біз үшін өз елі­мізде бейбітшілік пен бірлікті сақтау әлдеқайда маңыздырақ. Зейінімізді өз мүдделерімізге шоғырландырамыз. Бұл тақы­рыпты біле тұра өршітіп отырғандар өте радикалды мәлімдемелерге жол береді, оларды қатаң түрде тоқтату керек. Мұны кім айтқаны маңызды емес: журналист пе, қоғам қайраткері ме, сая­саткер ме, әлде қарапайым азамат па? Этностық тегіне де қарамастан. Мемлекет бұл тұрғыда нақты әрекет етуге тиіс.

Президенттің нұсқауларына сәйкес Ассамблея мүшелері мен қоғамдық құрылымдары үнсіз қалмайды және еліміздегі бірлік пен бейбітшілікке қарсы айтылған бірде-бір сөзді жауап­сыз қалдырмайды. Мәселен, Ресей-Ук­раина қақтығысына байланысты қа­зақ­стандықтар арасында аран­да­тушылық пен алауыздық тудыру әрекеттеріне қатысты бірқатар рес­публикалық этномәдени бірлестік­тің көшбасшылары тиісті бірлескен мәлім­деме жасады.

Орыс этносының өкілі ретінде осы мүмкіндікті пайдалана отырып, еліміздің орыс азаматтарына айтарым, біздің әрқайсымыз өз Отанымыз қайда екенін нақты түсінуіміз керек. Мен үшін Қазақстан – туған ел. Мен осында тудым, әкем мен әжем дүниеге келді, маған ешкім ешқашан ұлтыма қарап қысым көрсеткен жоқ. Менің өз тілімде сөйлеуге, табысты жұмыс істеуге мүмкіндігім бар. Балаларым орыс мектебінде оқиды. Сондықтан бұған ризашылықпен қарауымыз керек. Бәріміз бірге болуымыз керек. Қазақстан ішіндегі бейбітшілікті сақтайық. Бұл – кез келген шабуылға қарсы тұру.

 

Надежда ПАЛИНКА,

журналист

 

Соңғы жаңалықтар

Джеруто жолдама алды

Спорт • Бүгін, 09:25

14 боксшымыз – жеңімпаз

Бокс • Бүгін, 09:20

Көнеге қамқорлық

Мәдениет • Бүгін, 09:15

Жаңа аудан жаңаша аталса

Аймақтар • Бүгін, 09:10