Өнер • 03 Мамыр, 2022

Ел ынтымағын дәріптейді

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар аясында ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Этнокөрмеде Тобыл өңірінде тату-тәтті тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің төл мәдениеті мен тұрмыс-салтынан көрініс беретін музыка аспаптары, тоқыма бұйымдары, сәндік әшекейлер мен қарапайым тұрмысқа қажет ұсақ-түйек заттар сөреге қойылды.

Ел ынтымағын дәріптейді

Көрмедегі заттардың әрқайсысы әр алуан ұлттың тұрмысы мен мәдени таным-табиғатына сай ерекше оюымен көз тартып өзгешеленгенімен, бәрін бүтіндей алғанда Қазақстанда тұрып жатқан көп ұлттың бүгінгі бейбіт тыныс-тіршілігі мен ырыс-ынтымағы жарасқан жарқын келбетін айғақтап тұрғандай.

Этнокөрмені тамашалауға келген жұрт­­тың біразы өздері қалаған қолөнер бұ­йым­дарын сатып алып, оған автордың қол­таңбасын қойдырды. Ұзын бір қатар болып тізілген көрме сөрелері­нің бірінен өңірге белгілі ағаш шеберлері Қабділ-Мәжит Иманов пен Таңатқан Божа­қовтардың туындылары орын алыпты. І.Омаров атындағы қазақ драма театры­ның белді әртісі әрі жарты ғасырға жуық уақыт­тан бері домбыра жасап, бұл өнерін тұрақты кәсіпке айналдырған Қабділ-Мәжит аға кейінгі жылдары ұлттық аспапқа деген сұраныс көбейіп келе жатқанын айтты. Жұрт Таңатқан аға жасаған ағаш ыдыстарды да бағасына келісіп әкетіп жатты.

– Көктерек секілді сапалы ағаштан жонылған ыдыста тұрған ас дәмін жо­ғалт­пайды әрі көпке дейін бұзылмай сақ­талады, – дейді ұста.

Ал Николай Бердников ағаштан жа­­сал­ған күнтізбе, майлық салғыш, түр­лі мүсіншелерін саудаға шығарыпты. Оған қарама-қарсы орналасқан Ирина Шу­рупова тоқыма қуыршақ жасаумен айналдысады. Жұмсақ қуыршақтардың бағасы 2 жарым мың теңгеден басталып, 17 мың теңгеге дейін жетеді екен.

– Көз майын таусып бір қуыршақты тоқып шығу үшін бірталай уақыт кетеді. Асқан табандылықты қажет ететін өте күр­делі жұмыс. Күрделі болатын себебі қуыр­шақтың көлеміне емес, тоқу әдісіне, түрлі бөлшектеріне байланысты, – дейді ісмер.