Жақында Арқалық қазақ жасөспірімдер театры елордалық көрерменге ақын Серік Тұрғынбековтің «Нұрхан» драмасы негізінде сахналанған тың қойылымды ұсынды. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында өткен торғайлық өнерпаздардың гастрольдік сапарын Қостанай облысы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрының мәдени шаралары жалғастыруда.
«Нұрекең алпысқа алқынып келген жоқ, шарқ ұрып келді. Нұрекең алпысқа еңбектеп келген жоқ, еңбекпен келді. Алпысқа келген Нұрекеңе Алматыдан Алатаудың алып бір шыңын көтеріп алдына қойсаң да артық емес...» деп кезінде Сырбай ақыннан қалған алтын қазына рухани көкжиекте әлі күнге шуақ болып шашылады. Айта кету керек, былтыр Қостанай жұртшылығы Торғайдың суырып салма дүлдүл ақыны Нұрхан Ахметбековтің 110 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өткен болатын. Қазақстанның халық ақыны тек өзі туған өңірге ғана емес, жыр бұлағын, сөз құрағын сүйген қазақтың кең даласын кеспей кезген дара есім еді. Екінші дүниежүзілік соғыста елдегі күрсініс пен күдікті күрт үзген отты жырларымен халықтың ардақты ұлы атанған ол майданнан кейін Торғайдағы Амангелді Иманов мұражайының директоры, Торғай ауылдық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. Нұрханның ақындығы туралы сөз еткенде, оның 1943 жылы Қостанайда өткен облыстық айтыста Сәт Есенбаевпен және дәл сол жылы Алматыдағы республикалық айтыста Молдахмет Тырбиевпен кездескені, 1945 жылдың соңында Майташ Смағұловамен, басқа да майталман дүлдүлдермен дүбірге қосылғаны санаға сағымдай сәуле жүгіртеді.
Нұрхан бейнесін жыр тілімен тірілту ата-баба дәстүрін, асыл мұрасын ұрпақ игілігіне айналдырудағы асқан бір көркем үлгі іспетті түйілді. Режиссер Сәлима Тасеменова сахналауындағы туынды кешегі сұрапыл соғыстың беймаза таңында талықси оянған тағдырдың басынан кешкен қилы-қилы оқиғаны өз аузымен баяндауы сипатында өріледі. Жыр оқылады. Домбырамен ән шырқалады. Далада естілген жұмсақ үн өңірге кең құлаш жайып, жүректерді іңкәр сезімге бөлейді. Қазіргі қоғамда ұрпақтар үндестігі үлкен мәселеге айналуда. Толқындар сырындағы ұқсас өрнектер азайып бара жатқандай. Міне, сондайда Нұрханның жауһар жырлары буын мен буынның, дәуір мен дәуірдің арасына салынған рухани көпірдің рөлін атқарардай. Жырдың халыққа қызмет етуі дегеніміз сірә, осылай болар. Сөйлей алмай, тілі байланып жатқан ақын өзінің соңғы лебізін 60 жылдық мерейтойында баласы Мәлiкзадаға оқытқан екен. Осында үлкен мән бар.
«Сендермен бiр мәжiлiс құра алмадым,
Орнымнан аяқ басып тұра алмадым,
Денсаулық басқа қайта оралмаса,
Iшiмде кеткенi ғой мұң-арманым.
Қайратым кемiген жоқ қай тұста да,
Жүлде алдым талай-талай айтыстарда,
Жалғыз-ақ бар арманым мына саусақ,
Жан бiтiп домбыраны қайта ұстар ма.
Ортаңда үнсiз бүгiн отырамын,
Сырымды осы хаттан оқы бәрiң,
Сүйемiн өздерiндi аялаған,
Жас Торғай, кәрi Торғай топырағын...», – деген жолдар бүгінге ғана арналып отырған жоқ, онда ертеңгі ұрпақты жырдың мөлдір бұлағына бастап баратын құрақты сүрлеу бар. Спектакльдің бір ерекшелігі, ойдан құрастырылған кейіпкер, оқиға жоқ сияқты. Ахметхан, Айса, Күләнда, т.б. бейнелер өткен жылдардың беттерін қайта парақтап оқып отырғандай әсер береді. Автор ақынды үнемі алға оздырып отырады. Ол еш уақытта көлеңкеде қалып қоймайды. Тарихи тұлғалар түр-кескіні мен шынайы дәуірдің шырайын мүлтіксіз жеткізе алудың өзі үлкен өнер емес пе? Осы жағынан өңірлік театрдың батыл қадамын атап кеткен жөн. Әрине, кемшіліксіз дүние жоқ. Сөздің қимыл-әрекетке қарағанда басымдау болып жатуы көрерменді сәл-пәл жалықтырып ала жаздайды, бірақ спектакльге Нұрқан ақынды білетін, өлең-жырына қанық жандар жиналған екен. Мұны зал мен сахна тұтастығынан байқау қиын болмады.
Жалынды жырлары «Қостанай ақындарының айтысы», «Айтыс» жинақтарына қосылған Н.Ахметбековтің тағы бір дара тынысы ретінде классикалық шығыс үлгілерінің желісіне жеткізіп бірнеше поэма, дастандар жазғанын айта кету маңызды. «Албан Жұпар ханым», тарихи оқиғаларға орай «Есім сері», «Қарға», «Күләндам» дастандарына қоса жыр сардарының «Амангелді» дастанындағы Амангелді батырдың шынайы бейнесі дала қыранының кесек келбетін халқына қалтқысыз жеткізген шоқтығы биік туынды болып қала береді. Н.Ахметбеков дәуірдің дауылпаз жыршысы болып қана қойған жоқ, ол «Күй басы», «Июнь толқыны», «Жеңіс» сияқты біраз күйлерді дүниеге әкелген сегіз қырлы, бір сырлы тұлға. Туған Торғай топырағы аудандағы мәдениет үйіне, орта мектепке, көшеге есімін беріп құрметтегені зор өнеге. Ақынын ардақтаған Арқалықтың ендігі биігі оның сахналық бейнесін тиянақтаумен танылуда. Нұрхан бейнесін сомдаған Орынбасар Қойбағаров, достары Ахметхан мен Айсаны ойнаған Әлібек Манетов пен Нұрлан Байшин, шәкірті Күләнданы сомдаған Бақытгүл Ордабаева, сондай-ақ Төлек Жәуке, Қарға, Қонжықбай, тергеуші, Әдібай бейнелеріндегі Ерхан Барақов, Бағдат Нұрмұханбетов, Бағдат Оспанов, Оразбек Нұрғали шеберліктері сөз бен қимылды қабыстыра алумен көрініп тұрды. Ақынның сахнадағы ғұмыры жалғаса бергей!
Жетіқара ҚОҢЫР.
–––––––––––––––
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.