12 Сәуір, 2014

Қазақстандық өнім жасаймыз!

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Қазақмыс корпорациясының» бейсенбі күні Астанада өткен форумы осылай аталды. Қазақстандық үлесті дамытуға айрықша жол ашып отырған мұндай жыл сайынғы форум биыл бесінші рет ұйымдастырылды. Форумға отандық кәсіпорындардың, даму институттары мен мемлекеттік салалық ведомстволардың 500-ден астам делегаты қатысты. Иә, қазақстандық үлесті арт­тыруға еліміздің барлық компания­лары, ірі өндіріс орындары барынша атсалысуға тиіс. Бұл – Елбасы жүктеген маңызды міндеттердің бірі. Осыны басты бағытта ұстанған «Қазақмыс корпорациясы» жыл сайын отандық компаниялардың басын қосып, ашық пікір алаңына жинауды дәстүрге айналдырып отыр. Онда ең бастысы, барлық қатысушыларға келіссөздер жүргізуге және өнімдер мен қызметтер көрмесіне қатысуға мүмкіндік берілген. «Қазақмыс» Қазақстандағы ең ірі әрі әлемдегі алдыңғы қатарлы мыс өндіруші екені бәрімізге белгілі. Ендеше, осындай алпауыт өндіріс ошағының қазақстандық үлесті дамытуға барынша күш салуы маңызды. Соңғы 5 жыл ішінде «Қазақмыс корпорациясы» отандық компаниялардан 560 млрд. теңгеден астам сомаға тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алыпты. Осы жылдар ішінде компания қазақстандық үлесті дамыту ісіндегі көшбасшы ретінде «Алтын Гефест» атты ұлттық салалық сыйлығымен екі мәрте марапатталған. 2013 жылы компания 223,8 млрд. теңгенің тауарларын, жұмыстарын, қызметтерін сатып алған, сөйтіп былтырғы жылы қазақстандық үлес оның алдыңғы жылғымен салыстырғанда 5 пайызға өсіп, 67 пайызды құраған. Айта кетсек, «Қазақмыс корпорациясы» шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Компания сатып алу және ұзақ мерзімді шарттарға қол қою жолымен ғана емес, сондай-ақ бейіндік емес цехтарды аутсорсингке беру жолымен, жабдықтарды жаңартуға, жаңа өндірістер ашып, оларды ұлғайтуға қаржылық көмек беру жолымен қолдау көрсетуде. Осы бағыттағы жұмыстарды бір жүйеге келтіру үшін алғашқылардың бірі болып, қазақстандық үлесті дамыту жөнінде басқарма да құрған. Ал «Қазақмыстың» шағын және орта бизнесті дамыту әрі қолдау бойынша кешенді бағдарламасы серіктес кәсіпорындарға өз өнім­дерінің түрлерін ұлғайтуға, өндірісін жаңғыртуға, сапасын арттыруға, жаңадан жұмыс орындарын ашуға және өткізу нарығын ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр. Компанияның моноқалаларды дамыту бойынша да жеке бағдар­ламасы бар. Бағдарламаны іске асыру мақсатымен Жезқаз­ған аймағы мен Балқаш қаласы­ның кәсіпкерлері және өнеркәсіпшілерінің қауым­дастығы және одағы Құрылып, олармен 2013 жылы жалпы сомасы 22 млрд. теңгеге 650-ден астам келісімшарт жасалыпты. Олардың құрамына қызметкерлерінің жалпы саны 4500 адамды құрайтын 92 кәсіпорын еніп отыр. Өткен жыл ішінде олар 204 жұмыс орнын ашқан. Игі шараларға тағы бір мысал, корпорация бастамасымен тау-кен шахта жабдықтары саласында импорт алмастыру мәселесін шешу үшін Қазақстанда қосалқы бөлшектер мен тораптар жасап шығаратын, сондай-ақ жеткізілген техника мен жабдықтарға қызмет көрсететін, жергілікті қызметкерлер құрамын оқытып отыратын бірлескен кәсіпорындар ашылған. Тізе берсек, әрине, атқарылған жұмыстар аз емес, жоспарлы жобалар да жетерлік. Ең бастысы, соның бәрі «Қазақстандық өнім жасауды» басты бағытқа алған. Кешегі бесінші форумның да негізгі мақсаты осы болды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар