12 Сәуір, 2014

Мейірмановтар отбасына мейіріміңді төк!

302 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Меирманов Қала қазағы бір ғасыр бойы жырлап келе жатқан бір жыр болса, ол – баспана жыры. Баспананың жоқтығы, әсіресе, бала-шағаның көбейген кезінде қатты білінеді. Пәтерге алмайды, алса да «шулаған бала-шағаң тыныштық бермейтіні өз алдына, қабырғаны, еденді бүлдірді» деп әлек салады. Тұрмыстың жұқалығы мен пана болар отаудың жоқтығын Бақберген Мейірмановтың отбасы да бала-шағасы көбейген соң шындап түсінді, әлеуметтік жоқшылықтың салдары неге соқтыратынын көзімен көрді. Мектепте оқитын Нұрдәулет пен Нұрсұлтанның, одан екі жасқа енді аяқ басқан Әлияның соңын ала Мәрия, Ғалия, Дария есімді үшем­дердің туылуы бір жағынан отыз­дың жуан ортасындағы әкені қуант­қа­нымен, екінші жағынан бойын «апыр-ай, енді қайттім» дейтін үрей биледі. Бұл отбасы алты бала – Алланың сыйы деп жүргенде, биыл тағы бір перзент дүниеге келді. Сәния! Рас, Бақбергеннің отбасында үшемдер дүниеге келгенде БАҚ-тың назары ауып, бұл отбасы туралы теледидардан да көрсетіп, сайттар да жазып жатты. Ондағы негізгі мақсат – үшем туылған отбасының әлеуметтік жағдайын тиісті мекемелерге жеткізу, қалтасы қалың азаматтарға құлаққағыс жасау еді. Мұны естіген елордадағы Қазақ Мемлекеттік Заң университетінің басшылығы былтыр Бақберген Мейірмановты іздеп тауып, университеттің жатақханасында екі ай паналатқан болса, одан кейін Астананың іргесіндегі Қосшы елді мекеніне қарайтын «Лесная поляна» алабынан үш бөлмелі пәтерді жалдауына көмектескен. «Біздің «Лесная полянада» тұрып жатқанымызға алты ай болды. Пәтерақыны да, коммуналдық қыз­метті де Қазақ Мемлекеттік Заң уни­верситетінің басшылығы төлеп отыр. Киімдерімізді де осы кісілер әперуде. Балаларға төленетін жәрдемақы арқылы тамағымызды ажыратамыз. Мен Талғат Нәрікбаев бастаған бұл кісілерге алғыс айтамын. Ешқандай туысым да, танысым да емес, өздері мені іздеп тауып көмектесті. Оның алдында біздің жағдайымыз өте төмен еді. Мүмкін әлеуметтік ахуалымыз сәл дұрыстау болғанда, балаларымның бірі ауру боп туылмас па еді?», дейді Бақберген. Кезінде құрылыс саласында да, күзетшілікте де жұмыс істеп, отбасын асырап жүрген жігіт қазір екіге келмей жатып екі рет ота жасатқан ауру баласының жағдайы­на байланысты үйінде отыр. Себебі түсінікті де... Бақберген әрбір облыстарда, қалаларда өмірге кеп жатқан үшемдерге түрлі жолдармен үй берілетінін, өздеріне де сондай мүмкіндік жасалса дейтін ниеті бар екенін айтады. Әрине, «басқа үшемдерге беріледі, неге біз ескерілмейміз», дейтін салыстырмалы пікір ғой. Әйтпесе, «үшем туылған отбасыға сөзсіз пәтер берілуі керек» дейтін не заң, не қаулы жоқ екені белгілі. Бұл жерде әңгіме тек адамдардың мейірімі, шын мәнінде жаны ашуы туралы ғана. Жаны ашыған ҚазМЗУ басшылығы әзірге қанатының астына алып отыр. Бірақ, Мейірмановтар жеті баламен жалдамалы пәтерде қашанға дейін жәудіреп отырмақ? Астана қалалық Тұрғын үй басқармасындағы кезегі де әзірге жылдам жылжитын түрі жоқ. №10563-ші кезектің қай жылы келетінін де дәл болжау қиын. Сол үшін әлі де болса Мейірмановтар отбасына мейірімін төгетін, басы бүтін пәтерлі болуына жәрдемдесетін Атымтай жомарттарды іздейміз. Ел ішінде «Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» дейтін иманды әрі жомарт азаматтардың бар екеніне сенгіміз келеді. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».