Білім • 04 Мамыр, 2022

Өңірлік университеттерді нығайту – өмір талабы

482 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда еліміздегі жоғары білім беру саласы түбегейлі өзгерістерді бас­тан кешіп жатыр. Заман талабына сай болуды мұрат еткен бұл реформаның түпкі мақсаты «Жаңа Қазақстанның» мүддесіне қызмет ететін жас буынның бойына нәтижелі білім мен өнегелі тәрбиенің дәнін сіңіру болса керек. Бүгінде сапалы маман даярлауға ден қойған мемлекет талаптың үдесінен шықпайтын оқу орындарын қысқартып, есесіне дәстүрге бай білім ошақтарының дамуына барынша қолдау білдіріп отыр. Осы ретте саланы реформалаудың кейбір қырлары академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басқарма төрағасы-ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан ДУЛАТБЕКОВПЕН арада болған әңгімеде ашыла түсті деген үміттеміз.

Өңірлік университеттерді нығайту – өмір талабы

– Нұрлан Орынбасарұлы, сіздің білім беру жүйесінде ұзақ жылдар бойы жинақтаған бай тәжірибеңіз бар, бүгінде еліміздегі беделді университеттің бірін басқарып отырсыз. Қазіргі заманғы жоғары білім беру үшін не маңызды және оның дамуында қандай трендтер басымдыққа ие деп санайсыз?

– Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесі білім беру саласындағы стра­тегиялық құжаттармен айқындалған міндеттер негізінде дамуда. Біз еліміздегі заманауи трендтерді жүзеге асыруға мүм­кіндік беретін мақсаттарымызға кезең-кезеңмен жоспарлы түрде ілгерілеп ке­ле­міз. Бұл жерде Қазақстанның білім беру ортасын интернационалдандыру­ды, университеттеріміздің әлемдік қоғам­дастықтағы танымалдық деңгейін арттыруды айтып отырмын. Бұл негізінен ғылымды қажет ететін технологиялардың тапсырыс берушілері санатындағы уни­вер­ситеттердің өңірлерді дамытудағы рө­лін күшейтумен байланысты. Қоғам бізден «өмір бойы оқу» қағидасы мен «күміс» университеттер идеясын іске асы­руға байланысты жаңа әлеуметтік жобалар­ды күте­ді. Бұл үрдіс университеттің үшін­ші миссиясымен байланысты. Қазір жо­ғары оқу орындарын басқару жүйесі де түбегейлі өзгеріп келеді. Жаңа менеджментті, тың формация басшыларын талап ететін кор­поративтік басқару моделі енгізіп жатыр. Бұл ретте еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, кадрлық са­бақ­тастықты қамтамасыз етуге мүм­кін­дік беретін институционалдық жадыны сақтауды естен шығармау қажет. Инсти­туционалдық жадыны сақтай отырып, мен жұмыс барысында басқарудың заманауи принциптерін қолданамын. Менің маңайымда жаңа жобаларды табысты жүзеге асырып келе жатқан болашағы зор жас менеджерлер көп.

– Сіз университеттің өңірлерді дамы­тудағы рөлі туралы айттыңыз. Осы­ны тарқата айтсаңыз екен. Мұның мәні неде?

– Ең алдымен, бұл – ғалымдардың өнді­рістік сектормен тиімді коллаборациясы және соның нәтижесінде ғылымды қажет­сінетін технологияларды дамыту. Бұл бағытта Білім және ғылым министрлігі нақ­ты қадамдар жасап, қуатты өңірлік уни­верситеттер базасында академиялық басымдық орталықтарын құру жөніндегі жобаны ұсынды. Бөкетов университеті осы перспективалық жобаның қатысушысы. Біз өңірде баламалы энергетика, фармацевтика, инновациялық агротехнологияларға байланысты салаларды дамытуды жоспарлап отырмыз. Біздің жоспарларымызға экономиканың осы салалары үшін мамандар даярлаудың инновациялық білім беру бағдарламаларын ашу да кіреді. Сонымен қатар университеттер өңірдің әлеуметтік жобаларына да өз үлестерін қоса алады. Мысалы, халықты жұмыспен қамту, кадрларды қайта даярлау, қарт адамдарды «күміс» университеттер форматында оқыту бағдарламаларына қатыса алады.

– Университеттердегі жаңа менедж­менттің ерекшелігі неде?

– Университетті басқару жүйесі түбе­гейлі өзгерді. Ол әлемдік тәжірибеде жақсы танылған корпоративтік сипатқа ие болды. Университеттерде білім беруді цифрландыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, тәуекелдерді басқару үшін жауапты қызметтер пайда болады. Университет қоғамдастығында академиялық адалдық мәдениеті, цифрлы мәдениет, талант-менеджмент нығаюда, университет тыныс-тіршілігінің процестері барынша ашық бола түсуде. Жобалық менеджмент дамуда. Университеттік орта «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен толық­ты­рылып, олар білім беруді басқару мен инно­вация енгізудің жаңа тәсілдерін көрсетуге тиіс.

Мемлекетіміздің адами капиталды да­мытуға деген ұмтылысын ерекше атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстан ғалым­дары­ның ғылыми қызметін қаржыландыру едәуір артты, жас ғалымдарға, оның ішінде постдокторантура бағдарламасы бойынша оқуға гранттар көбірек бөлінуде. Бұл университеттердің ғылыми әлеуетін айтарлықтай нығайтады деп санаймын. Мысалы, өткен жылдан бастап біздің уни­верситетте зерттеулер, оның ішінде өңірлік бағыттағы зерттеулер жүргізу үшін ішкі гранттар жүйесі табысты қол­данылып келеді.

– Қазіргі университеттің жастарды тәрбиелеудегі рөлі қандай?

– Білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістерге қарамастан, университетте­гі тәрбие жұмысы тоқтамайды және бі­рін­ші кезектегі маңызды сипатын жо­ғалт­­пайды. Біз әлі де оқу процесін тәр­бие­­ден бөліп отырған жоқпыз. Тағы бір айта кететін нәрсе, студенттерді тәр­биелеу бағдарламасы волонтерлік қыз­мет пен кәсіпкерлікке байланыс­ты жаңа мазмұнмен толықтырылады. Бү­гінде волонтерлік қозғалыстар, клубтар, кәсіп­керлік орталықтар, студенттік стартаптар белсенділікке ие болып отыр. Қазіргі әлемнің сын-қатерлерін бастан кешіре отырып, біз қоғам үшін үйреншікті құн­ды­лықтар жүйесін сақтаудың барлық маңы­зын түсінеміз. Бұл – мейірімді­лік, парасаттылық, толеранттылық, тарихи құндылықтарға деген құрмет. Көптеген университет студенттерге жеке даму бағ­дар­ламаларын, кәсіпкерлік оқу курстарын, шығармашылық клубтарды ұсынады. Мен ректор ретінде университетте студент­терге бірнеше әлеуметтік және мәдени жобалар ұсындым. Олар Қазақстанның киелі жерлеріне, елорданың көрікті орындарына, Қарағанды облысының тарихи музейлеріне тегін бару мүмкіндігіне ие болды. Осының барлығы жастардың патриоттық сезімін оятып, туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтады.

– Жақында Республикалық ректор­лар кеңесінің төрағасы Ерлан Сы­ды­қов тарихы терең, беделді жоғары оқу орын­­дарына «Ұлттық университет» мәр­тебесін беру мүмкіндігін қарас­ты­ру­ды ұсынды. Бұл идеяға қалай қарайсыз?

– Әрине, қолдаймын. Бұл – біздің ака­де­миялық қоғамдастықта бұрыннан қозға­лып жүрген өте жақсы идея. Бұл мәсе­лені талқылауға және оны жоғары деңгейдегі бастама ретінде ілгерілетуге дайынбыз. Елімізде бұрыннан халықтық деп тануға лайық және отандық білім брендте­рі­не айналған университеттер бар деп санаймын. Және бұл тек елор­да­лық университеттер емес. Біздің өңірде тарихы бай, Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан, бірқатар танымал тұлға шоғы­рын тәрбиелеген университеттер бар. Бұл университеттердің заманауи әлеуеті олардың ұлттық және әлемдік рейтинг­терге енуіне, кәсіби қо­ғам­дастықтың жоғары бағасын алуына, маңызды халықаралық байланыс­тар орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл уни­верситеттер өңірлік деңгейде ғана емес, ұлттық деңгейде де бәсекеге қабілетті. Бұл идеяның іске асуы үшін университеттер­дің бәсекеге қабілеттілігін бағалаудың әділ әрі ашық тетігі қажет.

– Білім және ғылым министрлігі елімізде онлайн оқытуды дамыту қажет­тілігі туралы белгілі бір ұстанымға келіп отыр. Сіздің ойыңызша, пандемия­дан кейінгі әлемде оқытудың мұндай форматы қажет пе?

– Пандемия қазақстандық білім бе­ру үшін нағыз сын-тегеурінге айналды. Бір­ден айтайын, жоғары мектеп қа­шық­тан оқыту технологияларын қолда­ну­дағы тәжірибесі арқылы бұл сыннан сүрінген жоқ. Бұл жағдайда орта білім беру әлдеқайда қиындықтарға тап болды. Шын мәнінде, біз баға жетпес тәжірибе жинақтадық, алдағы уақытта оны арттырып, оқытудың балама түрі ретінде пай­далану қажет. Сонымен қатар біз бұдан елеулі артықшылықтарға ие бол­мақпыз. Ең бастысы, онлайн-байланыс фор­матында­ғы мүмкіндіктерімізді арттыра беруіміз ­керек. Қонақ дәрісте­рін оқу, студенттер­дің академиялық ұт­қыр­лығы, ғылыми форумдар өткізу және бас­қа да мүмкіндікте­рі кеңейтіліп жатыр. Шетел­дік жоғары оқу орындарымен ынты­мақ­тас­тық геогра­фиясын айтарлықтай ке­ңейттік. Сондықтан Білім және ғылым ми­нистрлігінің ұстанымын қолдаймын және жоғары оқу орындарында онлайн оқыту үшін жаңа регламентті енгізу туралы ше­шімді уақтылы шешім деп санаймын. Қазір онлайн оқыту бағдар­ламаларын ашқысы келетін жоғары оқу орындарын лицензиялау шарттары туралы тиісті нормативтік база әзірленіп жатыр.

– Нұрлан Орынбасарұлы, акаде­мия­лық және қоғамдық қызметте жүріп баға жетпес тәжірибе жинақтадыңыз, университет оқытушысы, облыстық мәслихат хатшысы, Парламент Мәжі­лісінің депутаты болып жұмыс істеді­ңіз. Әрине, әр кезеңде белгілі бір сын-қатерлерге төтеп беріп, тағдырлар сын­ға түсетін шешімдер қабылдауыңызға тура келді. Қазақстандағы белді универ­ситеттердің бірінің ректоры ретінде бүгінгі таңда қандай сын-қатерлерді еңсеріп отырсыздар?

– Өте дұрыс айтасыз. Менің бүкіл кәсіби өмірім – ымырашылдықты іздеу, жауапкершілік жүгін сезіне түсу, қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылыс. Мен кім болып жұмыс істесем де, қандай күйде болсам да әрқашан әріптестік үшін ашық болдым, студенттерге, сайлаушыларға, әріптестеріме көмектесуге тырыстым. Ака­демик Е.А.Бөкетов атындағы Қараған­ды университетінің ректоры болғанымда өзімді өзгертуге тырысқан жоқпын. Кез келген қиындықтарға қарсы тұруға дайынмын. Мен үшін кез келген сын-қатерді еңсеру университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырумен байланысты. Бұл трендте болу, университеттің адами капиталын дамыту, білім беру ортасына инвестициялау дегенді білдіреді. Сонымен бірге ғылыми жұмыспен белсенді айналысу да аса маңызды.

Мен кез келген басшының жетістігінің кілті адамға, оның мүдделері мен үміттері­не бағдарлану екеніне сенімдімін. Сондық­тан студенттердің оқу жағдайларын, оқы­тушылар мен қызметкерлердің жұмы­сын жақсарту бірінші кезектегі мін­деттер болды. Бұл жалақыны көтеру, әлеуметтік бағдарламаларды іске асы­ру, ғалымдарды, шығармашыл студент­терді қолдау, инфрақұрылым мен оқу-зертханалық базаны жақсарту. Мақсатты жұмыстың нәтижесінде бір жыл ішінде жоғары оқу орындарының QS әлемдік рейтингісінде ілгеріледік, инновациялық бағдарламаларды аштық, БҒМ «Қуатты өңірлік университеттер» конкурсында жеңіске жеттік, контингентті 13 мың білім алушыға дейін ұлғайттық. Халық­аралық тәжірибені ескере отырып әзір­ленген лауазымдардың жаңа жіктеуіші ен­гізілді. Профессор-оқытушылар құра­мы докторлар, ғылым кандидаттары, «Болашақ» бағдарламасының түлек­тері есебінен нығайтылды. Әскери кафед­раның ашылуы біз үшін сөзсіз жетіс­тік болды. Университеттің спорттық инфра­құры­лымын жаңғыртуға да көп көңіл бөлінді.

Алдымызда студенттік кампусты, акаде­миялық басымдық орталығын дамыту, эндаумент-қор құру, білім беру ортасын цифрландыру, колледж ашу бойынша үлкен жоспарлар тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып отырған жаңа дәуір өңірлік университеттерден өзінің зияткерлік, әлеуметтік және жасампаздық рөлін нығайту бойынша батыл іс-қимылды талап етеді. Отандық білім берудің үздік дәстүрлерін жалғастыра отырып, біздің университет өңірлік даму саласында кең ауқымды өзгерістердің көшбасшысы және қозғаушы күші болуға дайын.

 

Әңгімелескен

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»