12 Сәуір, 2014

Ұлыс ұлылығы – ұйымшылдықта!

585 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ақтөбе топырағында қазан­дық, уфалық және қасымдық татарлар, Нижегород және Сара­тов губернияларынан қоныс аударған мишарлар тұрады. Қазақ халқымен қашаннан қа­рым-қатынасы қалыптасқан та­тарлар мен башқұрттардың тату­лық тамыры тым тереңде жатыр. Облыстағы «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі ұлтаралық татулық пен бірліктің іргетасын бекіту бағытында бір­қа­тар шараларға мұрындық болуда. IMG_2302 – Облыста 9 мыңнан астам татар тұрады. Біздің бірлестікке келсек, он бір адамнан құ­рыл­ған бастамашы топтың ұйғары­мымен құрылып, ресми түр­де 1999 жылы тіркелді. Бірлес­тік құрудағы мақсат – ұлттық тамы­рынан ажырап бара жатқан кейінгі жас ұрпаққа этнос­тық құндылықтарымызды, мәде­ние­тімізді үйрету, ана тілімізді сақ­тау және өз хал­қы­мыздың салт-дәстүрін дамыту болып та­бы­лады, – дейді «Шатлық» татар-башқұрт этно­­­­мәдени бір­лесті­гінің төрағасы Равиль Құр­банғалиев. Бірлестіктің ұйытқы бо­луы­мен жақында тағы бір мәде­ни маңызы зор шара өткі­зіл­ді. «Шатлық» татар-башқұрт этно­мәдени бірлестігі ұйымдастырған «50 жыл бірге» мерекелік салтанатты кешіне жиналғандар қатары көп болды. Бұл мәдени шара «Язғы моңнар» халықтық ән-би ансамблінің құрылғанына 50 жыл, «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігіне 15 жыл, Ғайнан Құрмашев атындағы жексенбілік мектепке 15 жыл, «Мирас» жастар қанатының құрылғанына 10 жыл толуына арналып өткізілді. Салтанатты кешке Татарстаннан, Башкұртстаннан шақырулы қонақтар және Қа­зақ­станның түрлі этномәдени бірлестіктерінің ұжымдары қа­тысты. Кеш шымылдығы Дос­тық үйі жанындағы «Достық сазы» қазақ халық аспаптары ансам­блінің орындауындағы күй­мен ашылды. Одан кейін сах­наға «Яз­ғы моңнар» татар халық ән-би ансамблінің орын­дау­ын­дағы «Пар­лы би» татар биімен жал­ғасты. Мерекелік кешті облыс әкі­мінің орынбасары Са­ра Нұр­қа­това сөз сөй­леп ашып, татар-башқұрт халқы өкілдерінің өңірдегі өзге ұлттармен бір­ге еліміздің, аймақтың эконо­ми­калық-әлеуметтік, мәдени дамуы­на елеулі үлес қосып келе жат­қанына тоқталды және татулық пен өзара ынтымақ­тастықты нығайтуға да атсалысып жүргенін жеткізді. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы достықты нығайтуға бағыттталған шаралардың бірі бүгінгі мерекелік кеш екенін атап өтті. Мерекелік кешке Татарстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы өкілетті өкілі Айрат Хасановтың, шетелдердегі татар қоғамдық ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім бастығы Ленара Кутеева мен Татарстан Республикасы білім және ғылым министрлігі халықтық білім беру басқар­масының бастығы Денис Шаки­ровтың қатысуы және олардың еңбек пен қоғамдық жұмыста озып шыққан бір топ азаматты марапаттауы шараның салтанатын арттыра түсті. Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Фатхи Фердинандтың орындауындағы татар халқының әні де жи­нал­ған жұртшылықты бір серпіл­тіп тастады. Мерекелік кеште татар, башқұрт және қазақ ха­лық­тарының әндері шырқалып, билері биленді. Шараға жинал­ғандар әдемі демалып, рухани ләззат алып қайтты. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.