Спорт • 04 Мамыр, 2022

Спорт жаңалықтары

417 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Спорт жаңалықтары

Әлем чемпионатына жолдама алды

Қазақстанның 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы тұңғыш рет әлем чемпионатында бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.

ҚТФ баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия/Тынық мұхит аймағы іріктеу турнирінде қазақстандықтар үшінші орынға ие болды. Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үшінші орын үшін бәсекеде Таиландпен сынға түсті. Бірінші ұпайды Дамир Жалғасбай әперді. Жас қазақстандық теннисші бірінші партияда 2:6 есебімен есе жіберсе, екінші сетте 1:4 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын өзіне аудара білді. Үшінші, шешуші партияда есеп 3:5 болған мезетте таиландтық теннисшінің екі матчболын пайдалануына мүмкіндік берген жоқ. Сосын тағы бір брейк жасап, жеңісті жұлып алды – 7:5. Бұдан кейін Заңғар Нұр­лан­ұлы қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен тізе бүктірді. Есеп – 2:0, Қазақстанның пайдасында.

Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғаш рет биыл күзде өтетін әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысады. Сонымен қатар ересектер арасындағы Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы да күзде ұйымдастырылатын әлем чемпионатында бақ сынайды.

 

Жігіттер АҚШ-та жұдырықтасады

Жуырда ғана кәсіпқой боксқа ауысқан бокстан ұлттық құраманың екі өкілі, қазақстандық Suleimen Promotion компаниясымен жұмыс істейтін Абылайхан Жүсіпов пен Әбілхан Аманқұл мамыр айында АҚШ-та дебюттік жекпе-жектерін өткізеді.

Екі боксшымыз да орта салмақта өнер көрсететін жерлесіміз Жәнібек Әлім­ханұлының (11-0, 7 КО) алдағы кездесуінің андеркардында жұдырықтасатыны белгілі болды. Бұл – 2017 жылғы әлем біріншілігінің және 2018 жылғы жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының қола жүлдегері Әбілхан Аманқұл үшін кәсіпқой бокс әлеміндегі алғашқы жекпе-жегі болса, ұлттық құраманың капитаны, үш дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия біріншілігінің қола жүлдегері Абылайхан Жүсіповтің екінші айқасы.

Айта кетейік, Ж.Әлімханұлы өзінің келесі кездесуін 21 мамыр күні Лас-Вегас (Невада штаты, АҚШ) қаласында өткізеді. Оның қарсыласы – ұлыбританиялық Дэнни Дигнум (14-0-1, 8 КО). Бұл кездесуде WBО ұйымының «уақытша» чемпиондық атағы сарапқа салынады.

 

Жаппай жүгіруге қатысты

Қорғаныс министрлігінің ұйымдас­тыруымен Қазақстан Қарулы Күш­терінің 30 жылдығына орай елордада «Отан. Армия. Жас сарбаз» атты жаппай жүгіру өтті.

Алғаш рет өткі­зілген ауқымды іс-ша­раның мақсаты – өскелең ұрпақты спорт пен саламатты өмір салтына бау­лу, олардың ынта-жі­герін арттыру, жастарға бұқаралық спортты на­сихаттау. Сол себептен төзім мен жігер күшін арттыратын спорт түрлерінің кең дамуына атсалысу, дейді ұйымдастырушылар.

Жаппай жүгіруге Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызмет­шілері, Нұр-Сұлтан қаласы «Жас сарбаз» қозғалысының, С.Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің тәрбиеленушілері қа­тысты.