18 Мамыр, 2010

ҚОР ЖӘНЕ ФЕСТИВАЛЬ

631 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Алматыда “Ахмет Жұбанов атындағы қор” қоғамдық қоры алғаш рет ұйымдастырған “Қазақстан композиторлары – балаларға” атты музыкалық фестиваль тұсауын кесті. Қазақ композиторларының шығармаларын, классикалық музыка жауһарларын құлақ құрышыңды қандырып, нәшіне келтіріп, мін­сіз орындайтын бүлдіршін буынның өсіп келе жатқанын паш еткен бұл фестивальді Ахмет Жұбановтың немересі Шолпан Жұбанова толқып тұрып, бастап берді. Таланттың тұяғы бұл шара мәдени мұраларымызды сандық жағынан да, сапалық жағынан да ұлықтап өтетіндігіне сенім білдірген. Айтса айтқандай, екі бөлімнен тұратын кон­­церт музыканың мөлдір әлеміне тартып әкет­ті. Композиторлардың фортепианоға ар­нал­ған шығармаларына арналған алғашқы бөлімді №5 музыкалық балалар мектебінің 2-сынып оқушысы Юрий Трофимов бастап берді. Кіп-кішкентай Юраның орындауында фортепиано­дан композитор М.Ержановтың тамаша туын­дысы төгіліп жатыр. Титімдей нәзік саусақтар көз ілеспес қимылмен қандай сұлу ноталарды сыңғыр-сыңғыр төге алады десеңші. Дәл осындай леппен ескен Абайдың “Көзім­нің қарасын” Жәния Әубәкірованың авторлық мектебінің оқушысы Венера Аташева орындады. Сан түрлі музыкалық байқаулардың жүлделі орындарын талассыз жеңіп алып жүр­ген №83 өнер гимназиясының 8-сынып оқу­шы­сы Александр Устиновтың орындау­шылық ше­бер­лігімен қауышу да бір ғанибет. Оның орын­дауындағы К.Дүйсекеевтің “Нар жай­лауын” кәсіпқой музыка мамандарының өзі ұйып тыңдап, мінсіз шалықтаған шығармаға риясыз қошемет білдірді. Қазақ композиторларының ең таңдаулы, ең күрделі шығармаларын фортепианодан төгіл­дірген А.Жұбанов атындағы Республи­калық ма­ман­дандырылған музыкалық орта мектеп-ин­тер­натының оқушысы Құралай Сәтбаева, П.Чай­ковский атындағы музыкалық колледжі­нің оқушылары – Олжас Бәйділдаев, Мария Исмаилова, Әнел Тойшыбекова, №5 музыка­лық балалар мектебінің оқушылары Дмитрий Забров­ский мен Нәзігүл Арыстанбекова, №83 өнер гимназиясының оқушысы Диана Өмірзақ, К.Байсейітова атындағы Республикалық ма­ман­дандырылған мектеп-интернатының оқу­шы­сы Далер Мырзағалиевтар туралы жеке-дара айтып, келешектеріне қанат бітіруге болады. Аз-кем үзілісте, көрермендер арасында отырған талантты дирижер Алан Бөрібаевты көзіміз шалып, әлемнің әйгілі сахналарында ұлты­мыздың атын шығарып жүрген жерлесі­мізден сыр тартып, балалардың орындаушылық қабілетіне бүкпесіз, боямасыз баға беруін сұраған едік. – Тамаша идея. Мен, расында, демалып отыр­­мын. Алғаш рет қазақстандық компози­торларды жаңа буынның орындауында тың­дадым. Тіпті орындаушылардың кейбірі мек­теп­тің бастауыш сыныптарында ғана оқиды, бірақ, талаптары таудай. Ұлттық мәдени мұра­лары­мыз­ды балалардың бойына туғанынан дары­ту баста­масы – табылған ақыл. Мен мұны елжан­дылық акция деп білемін. Балалар қандай қабі­летті, шеттерінен сүйкімді, еңбекқор. Туған елі­нің музыкасын сүйген, қадірлеген, қастерлеген адам­нан ертең сөзсіз жақсы адам шығады, – деді ол. – Концерт көпшілікке ұнап отыр. Бала­лар­дың ата-аналары да аса толқулы. Дегенмен, сіз кәсіпқой музыкантсыз ғой. Балалардың орын­даушылық деңгейі қалай? – дейміз тағы да. – Өте жақсы. Өзіме ұнады. Мұндай фес­тивальдерді жиі өткізу керек. Сонда бүлдір­шіндердің басқа замандастары да классикалық өнерге келе бастайды. Еліктейді. Меніңше, балалар орындау барысында мұнан да еркіндеу болса. Бірақ, ол уақытпен келетін дүние. Ең бас­ты­сы, дарындардың және мықты музыка­лық мектептің бар екендігіне өз басым куә болып отырмын, – дейді Алан Бөрібаев. Фестивальдің екінші бөлігін А.Жұбанов атындағы Республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернаттың тромбо­шылар квартеті ашты. Іле-шала Жамбыл атын­дағы филармонияның камералық залын №1 музыка мектебінің балалар хоры Е.Брусилов­скийдің “Шолпан” шығармасымен әлдиледі. Жақсының жалғасты болғанын, ұлылардан тұяқ қалғанын тілеген халықпыз ғой. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” балетінен соло орындап тұр­ғ­ан өндірдей жеткіншек Ахмет Жұбанов­тың шөбересі еді. Алыстан талып жеткен скрипка сазы адамды арбай-арбай, сананы сиқыр­лап жақындап келеді. Сәт сайын сұлула­нып, өзіне тарта бастады. Дәл құлағыңның түбіне жетіп, дегбіріңді қашырып, деміңді тартқызған әуен сап тыйылғанда, тыңдарман дүр ете түсті. Әрине, бұл қанында бар қабілетпен көпшілікті тәнті еткен Жігер Жұбанов болатын. Тегінде бар талантпен тыңдарманды тәнті еткен дарынның бірі Элмар Бөрібаев болды. Элмар да Ахмет Жұбановтың жиен немересі. 15 жастағы Элмар К.Байсейітова атындағы музыкалық мектеп-интернатта оқиды. Сол сияқты А.Жұбановтың “Ариясын” фортепиано мен скрипкада орындаған Айдана мен Гүлдана Данияловалар, С.Кибированың “Скерциносын” орындаған Әсем Нүсіпова, Л.Хамидидің “Қазақ вальсін” блок-флейтада сырнайлатқан Дастан Шәпиев, А.Затаевичтің “Қазақ биін” скрипкада орындаған Шыңғыс Белгібаев сынды дарынды балалар тіл-көзден аман болса әлі де аттары естіліп, жұлдыздары жарқырай бермек. Фестиваль да аяқталып келеді. №1 музыка­лық балалар мектебінің скрипкашылар ансамблі қазақ композиторларының шығарма­лары­нан поппури орындап, тұңғыш фестиваль­ді мәреге жеткізді. Осы фестивальге шенеунік ретінде емес, өнердің бел баласы ретінде келген Мәдениет министрінің орынбасары Асқар Бөрібаев сөз алып, ортаға шыққан. – Мен тіпті сөйлеймін деп ойламап едім. Бірақ, қуанышым арнасынан асып тұр. Композиторлардың шығармаларын балалар қандай ғажап орындап шықты. Классикалық өнердің келешегі кемел екендігін көрдік. Бұл жерде ешқандай фонограмма да, микрофон да жоқ. Музыкант пен музыка құралы ғана бар. Балалардың әбден дайындалғанын, қажырлы жұмыс істегенін көрдік. Классикалық музыка өте үлкен төзімді қажет етеді. Күн сайын дайындалу керек, күн сайын онымен айналысу қажет. Сонда ғана бүгінгі нәтижеге қол жет­кізуге болады, – деді вице-министр. “Ахмет Жұбанов атындағы қор” қоғамдық қоры ұйымдастырған алғашқы фестивальдің әрбір қатысушысы арнайы дипломмен, естелік сыйлықтармен марапатталды. Жеңген де, жеңілген де жеткіншек болған жоқ. Өнер өз биігінде қалды. Айнаш ЕСАЛИ, Суреттерді түсірген  Берсінбек СӘРСЕНОВ, АЛМАТЫ.