13 Сәуір, 2014

Футбол: премьер-лиганың кезекті туры ойналды

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

0-futbaal-kairat-22-03-14-1

Бүгін, 13 сәуір күні футболдан премьер-лига чемпионатына 6-тур ойындары ойналды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Бұл күні ең қызықты ойын Қызылордада ойналды. Мұнда Дмитрий Югайдың шәкірттері Павлодардың «Ертісін» талқандап шықты – 4:2! Бірақ оның басында қонақтардың десі басым шықты. Олар 5-минутта-ақ алғашқы голдарын салып үлгерді (Игорь Юрин). Сырбойылықтар тек 20-минутта ғана есепті пенальтиден теңестіре алды (Душан Савич). Алайда, қонақтар 6 минуттан кейін тағы алға шықты. Бұл жолы Константин Дудченко көзге түсті. Қайсарлықтар 42-минутта Сергей Струковтың көмегімен есепті қайта теңестірді. Ал екінші таймдағы тек голда алаң иелерінің еншісінде болды. Оларды Антон Землянухин мен Душан Савич 48 және 66-минуттарда салды. Турда ең тез гол салған шымкенттіктер болды. Өз алаңында «Ақтөбені» қабылдаған «Ордабасы» матчтың 2-минутында қарсылас қақпаның құлпын ашты. Оны команданың мерген шабуылшысы Эдин Юнузович түсірді. Алайда, осыдан кейін қарсыластар қайтып көзге түсе алмады. Осылайша ойын басында салынған жалқы доп кездесудің соңғы нәтижесі де болды. Астанада жергілікті «Астана» командасы Қостанайдың «Тобылын» қабылдап, 1:0 есебімен жеңді. Ойын оншалықты қызықты болып өткен жоқ. Ол екі жақтың шамалас, тең екенін көрсетті. Ал кездесу тағдырын шешіп кеткен жалғыз голды алаң иелері пенальтиден салды. Оны Дамир Кояшевич 79-минутта өз есебіне жазды. Талдықорғанда «Жетісуға» қарсы ойнаған Қарағандының «Шахтері» басымдық танытты. Соңғы ойында өзін табанды ұжым ретінде көрсете бастаған Омари Тетрадзенің жігіттері ойламаған жерден 1:2 болып ұтылып қалды. Ал бұл есеп кездесудің 28-минутында жазылды. Матчтың есебін талдықорғандықтар 16-минутта Сергей Шаффтың көмегімен ашты. Бірақ бұған қонақтар ыға қоймады. Қайта тыңғылықты ойнауға көшкен олар 5 минуттан кейін Мақсат Байжановтың арқасында таразы басын тең етті. Ал 7 минут өткенде, Тоқтар Жаңғылышбай кеншілерді алға шығарды. Атырауда жергілікті «Атырау» Семейдің «Спартагын» 2:1 етіп тізе бүктірді. Бірінші гол 8-минутта алаң иелерінің ұруымен пенальтиден салынды (Филипп Рудик). Меймандар 61-минутта осының қарымтасын қайтарды (Неманья Чович). Ал матч бітуге 5 минут қалғанда, Сергей Гридин атыраулықтарға жеңіс кілтін ұстатты. Ең соңынан Алматыда «Қайрат» пен «Тараз» арасындағы кездесу де қызықты өтті. Мұнда алматылықтар биылғы чемпионаттағы бірінші жеңісіне жетті. Есеп – 3:1! Владимир Вайстың ұландары ойын басынан алға ұмтылды. Олар есепті де бірінші болып ашты. Оны Жарко Маркович 36-минутта түсірді. 43-минутта Йосип Княжевич  есепті ұлғайтты. Қонақтар 70-минутта бір доптың қарымын қайтарды (Алексей Щеткин). Ойындағы соңғы голды матч соңындағы қосымша уақытта Александр Кислицын салды. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: vesti.kz.