Бүгін, 14 сәуір күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл-Халифамен кездесті. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
«Шағын құрамдағы кездесу барысында сауда-экономика, қаржы-инвестиция, көлік-коммуникация және ауыл шаруашылығы салаларындағы екі жақты ынтымақтастықты жандандыру мәселелері талқыланды. Кездесу кезенді Мемлекет басшылары екі елдің әртүрлі өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылына көңіл бөліп, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде де пікір алмасты», - делінген хабарламада.
Қазақстан Президенті Бахрейн Королінің алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға өз үлесін қосатынына сенім білдірді.
– Мен 1997 жылы Бахрейнге сапарым барысында Сіздің әкеңіз Иса ибн Салман Әл-Халифамен жемісті келіссөздер өткіздім. Сіздің өңірде де, біздің өңірде де түрлі өзгерістер болып жатыр. Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылау және бірлескен бизнес-форум өткізу біздің қарым-қатынастарымызға оң әсер ететініне сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз кезегінде Хамад бен Иса Әл-Халифа Қазақстанның Бахрейнмен және жалпы Парсы түбегі өңірімен ынтымақтастығы артып келе жатқанын айта келіп, елімізге келуге жасалған шақыртуға және көрсетілген қонақжайлыққа ризашылығын білдірді.
Кеңейтілген құрамдағы кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығару үшін тараптардың күш-жігер жұмылдыратынын атап өтті.
– Сізбен бірге Астанаға келген үлкен делегация біздің елмен ынтымақтастықтың болашағына сенімділікті көрсетеді. Қазақстан Бахрейн Корольдігін Парсы түбегі елдерінің ішіндегі маңызды әріптестерінің бірі санайды. Біз экономикалық әлеуетімізді жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтынымызға сенімдімін. Біздің елдерімізге ортақ нәрселер көп. Екі елдің де Тәуелсіздік күні 16 желтоқсан екені атап өтерлік, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Бахрейннің тарихи тұрғыдан қысқа мерзімнің ішінде индустриялық дамыған жетекші елдің біріне айналғандығына назар аударды.
– Бұл жетістік Сіздің халық алдындағы зор жеке еңбегіңіз болып табылады. Корольдік мұсылман әлеміндегі ірі қаржы және исламдық банкинг орталығына айналды. Қазақстан да Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде жоғары қарқынмен дамып келеді. Мысалы, 1992 жылы елдің ішкі жалпы өнімі небәрі 2,5 млрд. доллар болса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 220 миллиардқа дейін жетті. Біз еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдадық және индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырудамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге Қазақстан Президенті екіжақты сауданың көрсеткіші онша жоғарғы еместігіне назар аудара келіп, Хамад бен Иса Әл-Халифаның сапары ынтымақтастықты одан әрі дамытуға айтарлықтай ықпал етуі тиістігін атап өтті.
Өз кезегінде Бахрейн Королі осы сапары екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуда маңызды қадамға айналатынына сенімін білдірді.
– Біз Қазақстанмен тығыз ынтымақтастыққа мүдделіміз. Қарым-қатынастарымызды дамыту – біз үшін ортақ міндет. Біз дипломатия, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы, қаржы, инвестиция және білім беру салаларында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумдарға қанағаттанушылық білдіреміз, – деді Хамад бен Иса Әл-Халифа.
Сәкен Майлыбай.
Дереккөз: Ақорда сайты.